Ауыл

Шеңберталда ұстаздар аллеясы бар!

Жуырда Қызылжар ауылдық округі Шеңбертал ауылында Ұстаздар аллеясы ашылды.

Өткен жылы қолға алынған жоба биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ел игілігіне берілді. Бүгінде аудан тарихында алғаш рет ұстаздардың құрметіне арналып салынған аллея тұрғындардың демалып, жастардың басын қосатын көпшілік орынға айналды.

Аллея ауылдағы орта мектепке жақын орналасқан. Жалпы ауданы — 1140 шаршы метр. Аллеяда қазақтың тұңғыш ағартушысы, Ырғызда алғаш қыздар мектебін ашқан Ыбырай Алтынсарин мен ауданда бастауыш қазақ мектебінің ашылуына ұйытқы болған ұстаз-ағартушы Шахмұрат Құлыбековтен бастап облыс, аудан көлемінде танымал болған, білім саласының дамуына еңбек сіңірген ұстаздар — Хамидолла Сәрсенбаев, Базар Төлегенова, Жұмаш Көпенов, Нұрекеш Оразымбетов, Сұлтан Әжмағанбетов, Бейсеналы Жарылқапов, Тұрмағанбет Айтжанов, Саймағанбет Сәдірбаев, Еділхан Өтепов, т.б. жалпы саны 30-ға жуық тұлғаға арналып ескерткіш-тақта орнатылған. Сондай-ақ аллеяға брусчаткалар төселіп, орындықтар қойылған. Ал күзде 90 түп тал егіліпті.

Жобаның авторы, ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Аманқос Ізашұлының айтуынша, бұл игі іс ауданнан шыққан ағартушы-ғалым, елге танымал ұлағатты ұстаздарды ұлықтау, оларды насихаттау, мұғалімдердің мәртебесін көтеру және жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету мақсатында қолға алынған.

— Ұстаздық — ұлы жол. Кім болса да барлық адам ұстаздың алдынан өтіп, білім мен тәрбие алып, үлкен өмірге қадам басады. Мен осы Шеңбертал ауылында білім беру саласында қырық жылдан астам қызмет атқардым. Қаншама жасқа білім беріп, олардың өмірден өз орнын табуларына өз үлесімді қостым. Сондықтан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде мұғалімдердің еңбегі ерен екенін жақсы білемін. Осы жобаны мен ұстаздардың мерейі көтерілсін, өз заманында халық игілігіне қызмет етіп, елдің баласын оқытуда көп еңбек сіңірген тұлғалардың рухы риза болсын деген ниетпен қолға алған едім. Енді, міне, сол азаматтардың жарқын бейнесі осы ескерткіш-тақталар арқылы келер ұрпақтың жадында сақталады деп сенемін, — дейді А.Ізашұлы.

Оның айтуынша, аллеяға қойылған ескерткіш-тақталарды осы өңірден шыққан өнерлі азамат Ерден Ержанов өз қолымен жасаған. Сондай-ақ аллеяны жасақтауға белгілі ұстаздардың ұрпақтарымен қатар Ырғыз өңірінен, оның ішінде Шеңбертал ауылынан шыққан бірқатар азаматтар да өз үлесін қосыпты. Атап айтсақ, ескерткіш-тақталарды облыс орталығынан жеткізуге Сапар Меңдіқұлов, Серік Қараманов, ағаш көшеттерін әкелуге Нұрлан Жұмашев, ал аллеяның құрылысын жүргізуге аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол, Қызылжар округінің әкімі Марс Сейілханов, Шеңбертал орта мектебінің директоры Талғат Сәрсенбаев, т.б жанашыр азаматтар қол ұшын берген.

Ауылымыз көркейсе, гүлденсе, біз қашан да қуаныштымыз. Қазір бұл аллея біздің мақтанышпен айтатын демалыс орнына айналды. Әсіресе жастар үшін жаз айларында бас қосып, түрлі іс-шаралар өткізуіне таптырмас орын. Сондықтан алдағы уақытта ауылымызда «Ауыл — ел бесігі», тағы басқа бағдарламалар аясында

осындай жаңа жобалар жүзеге асырылып, халық игілігіне жаңа нысандар, ғимараттар салынса деген тілегіміз бар, — дейді жоба авторы Аманқос Ізашұлы.

Айта кету керек, қашан да елдің, ауылдың гүлденуіне үн қосып, бастама көтеріп жүретін ардагер-ұстаздың бұл жобаны жүзеге асырудағы еңбегі орасан. Ауылдастары ақсақалдың осы еңбегін бағалап, аллеяның ашылуында иығына шапан жауыпты. Енді Аманқос Ізашұлы «аллея салған ұстаз» ретінде тарихта қалатын болды.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button