Мәдениет

Тәуелсіз елмен құрдас шаңырақ

Жарасымды жұп

Шалқарлық Мергенбек пен Гүлнәр Алмағанбетовтер еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы шаңырақ көтерген. Теміртауда оқып жүріп, танысып, бас қосқан олар бүгінде жұбы жарасқан бақытты отбасы. Ерлі-зайыпты атанғалы бері ел қатарлы күн көріп, бала өсіріп, түтін түтетіп келе жатқан екеудің әңгімесіне құлақ түрсек…

Отағасы Мергенбектің айтуынша, үлкендер айтып жүргендей, шынымен де, «үйлену оңай, үй болу қиын».  Ал отбасында  бақыт пен тұрақтылықтың, жайлылықтың орын алуына екі адам да жауапты. Өйткені шаңырақты құратын – екеу.

— Отбасы жалпы адам баласы үшін үлкен маңызға ие ғой. Адам жас кезінде өзінің жақсы көргеніне қосылып, бақытты болуды армандайды. Сөйтіп, шаңырақ құрады. Бірақ адамның арманы мұнымен де бітпейді. Шаңырақ құрған соң, балалы болсам дейді. Балалары дүниеге келген соң, соларды оқытсам, жеткізсем, кейін қызығын көрсем деп өмір сүреді. Қарап отырсақ, отбасы адам өмірінің баға жетпес байлығы сияқты. Шынымен солай емес пе? Әке-шешеден жақсы тәлім-тәрбие алып өскен адам отбасын құрған соң, соның жемісін көреді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соның ілесің» деген мәтел соған байланысты айтылған ғой деймін.

Өзім кемпір-шалдың баласы болып еркелеу өстім. Бірақ туған әкем мен анамның айтқан ақыл-кеңестеріне де құлақ түретінмін. Әкем марқұм Орынбасар Алмағанбетов тума-туысқа, ағайынға қамқор, дос-жарандарына сыйлы азамат болды. Өмір бойы қарапайым ғана көлік жүргізушісі болып, еліне адал еңбек еткен оны кезінде шалқарлықтардың көбі ерекше сыйлап, құрмет тұтты. Отбасында әкенің сондай ізгі қасиеттерін көріп, соны бойға сіңіріп өстік.

Бүгінде әке шаңырағында түтін түтетіп отырмын. Әкенің қара шаңырағының түтіні түзу шықса деймін. Жарым Гүлнәрдың да бұған үлесі көп.

Мен Гүлнәрмен Теміртауда Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы Зауыт жоғарғы техникалық оқу орнында оқып жүрген кезімде таныстым. Ал ол Теміртауда медицина училищесінде оқыды. 1991 жылы оқу бітіріп, диплом алған соң, үйлендік.

Гүлнәр – оңтүстік өңірінен, отбасындағы алты баланың үлкені. Мен – бес баланың үлкенімін. Нұрлыбек есімді інім Шалқарда, ал анам мен қалған бауырларым Ақтөбеде тұрады. Өзім «Восход-нефть» ЖШС-да 15 күндік ауысымдық әдіспен көлік жүргізушісі болып жұмыс істеймін.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, көптеген қиыншылықтарды басынан өткерді. Бірақ қандай қиын кезеңде де тұрмыстың қиыншылығын, тапшылығын көрмедік.  Біреуден кейін, біреуден ілгері отбасы тірлігіміз бар, соған шүкір дейміз, — дейді Мергенбек.

Жалпы Мергенбек отбасына қайырымды жандардың қатарынан. Ол үшін отбасы – баға жетпес байлығы. Әрдайым отбасын бірінші орынға қояды. Тума-туыстарына, бауырларына да қамқорлығын көрсетіп, қол ұшын созудан әсте тайынған емес. Жары Гүлнәр болса, оның  қасы-қабағын бағып, ренжітпеуге тырысып отырады. Гүлнәрдың айтуынша, отбасында әйел адам ерін өзінен жоғары қойып, сыйлауға тиіс. Ерін әйелі сыйлап, қадірлей білген отбасында өскен балалар да әкені құрметтей білетін болады.

Сондай-ақ бүгінде бақытқа әркім әртүрлі анықтама береді. Мұсылман адам бақытты иманнан іздейді, дүниеқоңыз мал-мүліктен іздейді. Яғни әр адамның бақыт жайлы түсінігі әртүрлі. Ал бақыт жайындағы Гүлнәрдың пікірі мүлде өзгеше.

— Бүгінде әркім бақытты әрқалай түсінеді. Ал менің бар бақытым – отбасым мен балаларым. Екі баламыз бар. Тұңғышымыз Айдос – Ақтөбе қаласындағы көлік және коммуникация колледжінің 3-курс студенті. Қызымыз Айдана Шалқарда №2 гимназия мектебінде 6-сыныпта оқиды. Балаларым оқуын жақсы оқып, қалаған мамандық иесі болып, елінің ертеңі үшін еңбек ете білсе деймін, — дейді ол.

Олар үшін отбасындағы маңызды мәселе – бала тәрбиесі. Отбасында әке-шешеден дұрыс тәрбие алып өскен бала ғана үлгілі азамат болып өспек.

Отбасы – қоғамның іргетасы. Қоғамның болашағы – жастар. Олар сол отбасы бесігінде тәрбие көреді. Олар осындай қағиданы берік ұстанған ата-ана. Ұлы мен қызының білімді, өзгеге үлгілі, тәрбиелі азамат болып, ержетіп, елге қызмет еткенін қалайды. Өйткені білімнің негізі тәрбие болуы керек.

Әл Фараби: «Адамға тәрбие бермей тұрып, ғылым мен білім берсеңіз, ол жүрген ортасына апат алып келеді» деп, бекерге айтқан жоқ. Қоғамдағы қасіреттің бәрі тәрбиесіздіктен туып жатыр. Ал тәрбие мәдениеті отбасында қалыптасады. Бұл ерлі-зайыптыларға қарап, осыны ұғуға болады.

Жалпы ер адамның көп сөзді болмағаны жөн деп есептейтіндер де жоқ емес. Ал Мергенбек сондай жан.

Бұл жайында Гүлнәр былай дейді:

— Күйеуімнің мінезі байыпты, көп шешіліп сөйлей де бермейді. Бірақ әлдене ұнамай қалса, бүгежектемей тура айтып салатыны да бар. Ағайынға, тума-туысқа, досқа адал, мықты бауырмал. Оның бойынан ер жігітке тән мінездің бәрін көруге болады. Айталық, бірсөзділік, өжеттік, мәрттік сияқты қасиеттері ер мінезділігін айқындап тұрады. Адам бойындағы адамгершілік қасиеттерге көп ден қояды. Өзі жақсы көрген адамын қатты сыйлайды. Отбасында отағасымның пікірі, көзқарасы бәріміз үшін өте маңызды. Оның айтқаны – заң.

Отбасы болған соң, шаңырақта «шыны-аяқ сылдырамай тұрмайды». Кейде пікіріміз келіспей ренжісіп қалсақ, көп уақыт оздырмай татуласуға тырысамыз.

15 күндік жұмысқа кеткенінде телефон соғып, хал-жағдайын біліп тұрамын. Тіпті, арасында әзіл айтып, еркелететінім де бар. Жалпы, әйел адам ерінің көңіл күйіне қарап, соның жағдайын жасауға тырысқаны дұрыс. Әйел реті келмей жатқан істің тігісін жатқызып, енемен де, қайын апа-қайынсіңлімен де тіл табыса білуі керек.

Отбасылық қатынасты дүниеге әкелетін ғашықтық сезім  болғанымен, оны нығайтатын, босағасын  берік  етіп, шаңырағын биіктететін – адамдардың бір-біріне деген аяныш, сыйластық, риясыздық көңілдері. Солай десек, Мергенбек пен Гүлнәр өзге отбасыларға жақсысын үлгі етуге болатын ерлі-зайыптылар. Отбасында бір-бірімен ретсіз ұрысып, сөз таластырмайды.

Сонымен бірге, олар ұлттық жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт- дәстүрін бойына сіңіре білген жандар. Сол асыл қасиеттерді өз ұрпақтарының бойына дарытуға тырысуда.

Гүлнәрдың ойынша, «отағасының сөзі отбасында маңызды рөл атқаруға тиіс. Балаларым үшін де, мен үшін де оның орны бөлек».

Сонымен бірге, отбасы қаражатын әйел ұқыптап, жұмсай білуі керек. Ол отағасының тауып әкелген табысын шашып-төкпей, ретті, ұқыптап жұмсауға тырысады. Оны бұл қырына қарап, отбасы экономикасының қыр-сырын меңгерген, үнемді білетін шаруа әйелі деуге болады.

Шалқардағы №3 орта мектепте медбике болып жұмыс істейтін Гүлнәр үй тазалығына да аса мән береді. Күн сайын жұмысқа ерте кетіп, кеш келетін ол үй шаруасына да үлгеріп жүреді. Үйінің әр кез айнадай жарқырап, тап-таза болуын қалайды. «Үйде ерекше жылылықтың, жайлылықтың орын алуына тазалық та әсер етеді», — дейді ол.

Отбасында ерлі-зайыптылардың бір-бірін мінез-құлқымен, жарасымды әзілімен, достық қарым-қатынаспен толықтырып отыратыны белгілі. Мергенбектің зайыбы Гүлнәр – сондай ашық жан. Ол – отбасының ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асырып, ұйымдастыра білген әйел-ана. Тума-туыстары, ағайындары оның көпшіл, өзгелермен тіл табысқыш мінезін құрмет тұтады. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген ұлағатты сөз осыдан туса керек.

Шаңырақ құрғандарына жиырма жыл болған олар екеуара сыйластық қарым-қатынастың шегінен шықпай, бірге тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елімізде өзгеге үлгі етуге тұрарлық осындай жақсы отбасылар көбейе берсе дейсің. Мұндай отбасылар қатары көбейсе, олардың ұлт бірлігін нығайтып, рухани болмыстың қалыптасуына оң ықпал етері сөзсіз.

Жанар НҰРҒАЛИ.

Беттің әзілі:

Әйелі мен күйеуі сөйлессе болды, ұрысып қала береді екен. Ұрыспау үшін екеуі хат арқылы сөйлесуге келісіпті. Күйеуі жазады: «Ертең ерте оятыңыз, жиналыс бар». Келесі күні күйеуі оянса, сағат 12.00. «Неге оятпағансың?» деп әйеліне айқайлай бастаса, ол хат жазып береді. Оқыса: «Жастығыңыздың астын қараңыз» депті. Қараса: «Тұрыңыз, сағат 7.00 болды»  деп жазылған хат тұр екен.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button