Спорт

Қазақстан үздік үштікке енді

Сенбі күні Сербия астанасы Белградта бокстан ХХІ әлем чемпионаты аяқталды. Біздің боксшылар әлемдік додада 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте ІІ орынды иеленді.

Бұл жолы еліміздің ұлттық құрамасы сапындағы ең жеңіл салмақтардағы боксшылар ерледі: Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Сәкен Бибосынов (51 кг) әлем чемпионы атанса, Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Серік Теміржанов (57 кг) та финалда өнер көрсетіп, күміс медаль алды. Бесінші жүлденің иегері — Абылайхан Жүсіпов.

Теміртас Жүсіпов финалда тайландтық Вуттичай Юрачаймен қолғап түйістіріп, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Үшінші раундта ол қарсыласын нокдаунға да жіберді.

Теміртас 33 жаста, ұлттық құрама сапындағы жасы жағынан ең үлкен боксшы.

Сәкен Бибосынов финалдық жекпе-жекте АҚШ боксшысы Роско Хиллді жеңді. Бұған дейін Сәкен 2019 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған, сондай-ақ биыл Токио Олимпиадасында да қола жүлдеге ие болды.

Әлем чемпиондары өздерінің осы жеңістерін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арнады.

Ал Махмұд Сабырхан финалда жапониялық Томоя Цубоидан жеңілді. Айта кетелік, бұл чемпионатта Махмұд финалда ғана жеңіліс тапты, ал өзге жекпе-жектерінде қарсыласына еш мүмкіндік бермеген еді. Отандық қана емес, шетелдік сарапшылар да оның шеберлігіне, жылдамдығына сүйсініп, «айрықша талантты боксшы» ретінде атап өтті.

Серік Теміржанов та финалда АҚШ-тан келген боксшымен жекпе-жекке шықты. Ол үшінші раундта белсенді болғанымен, алғашқы екі раундтың қорытындысы бойынша жеңіліс тапты, ал қарсыласы Джамал Харви әлем чемпионы атанды. Серік те осы чемпионатта жарқын өнер көрсеткен боксшылардың бірі. Ақтық сынға дейінгі бес жекпе-жектің бәрінде де ол қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ал қарсыластары осал болған жоқ, олардың арасында Куба, Ресей сынды бокс державасы саналатын елдердің спортшылары болды.

Абылайхан Жүсіпов (67 келі) жартылай финалда жапон боксшысы Севонрец Окадзаваға есе жіберді. Абылайхан осымен үшінші мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сондай-ақ Нұрбек Оралбай (80 келі), Санатәлі (63,5 келі) және Саматәлі (60 кг) Төлтаевтар, Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Нұрқанат Райыс (75 келі) сынды боксшыларымыз ширек финалға дейін жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әлем чемпионатында жүлде алған боксшыларды жарқын жеңістерімен құттықтады. Президент өзінің Тwitterәлеуметтік желісіндегі парақшасына: «Бокстан әлем чемпионатында алтын алған Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосыновты, күміс олжалаған Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржановты және ұлттық құрама капитаны, қола жүлдегер Абылайхан Жүсіповті шын жүректен құттықтаймын! Елдің атын шығарған ерлерімізге табыс тілеймін!» — деп жазды.

Жалпы, әлем біріншілігінде 25 елдің боксшылары жүлдеге қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте І орынға алтын жүлде санымен Куба ие болды. Кубалық боксшылар үш алтын, екі қола медаль алды. Екінші орында — Қазақстан. Ал ІІІ орындағы АҚШ құрамасының қоржынында 2 алтын, 2 күміс медаль бар.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button