Жаңалықтар

«Бизнеске арналған үкімет» порталы жасақталады

Жақында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сегізінші съезі өткен болатын. Онлайн форматта өткен сьезге еліміздің түкпір-түкпіріндегі бизнес қауымдастық, кәсіпкерлер онлайн форматта қатысты. Ақтөбеден облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, өңірлік палатаның басшысы Сұлупан Шынтасова, облыстық өңірлік кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер —   300-ден астам адам қатысқан болатын. Съезге Ақтөбеден барған кәсіпкерлер былай дейді:  

— Мен Ақтөбе облысының Өңірлік кеңесінің мүшесі ретінде мемлекет басшысының төрағалығымен өткен съезд жұмысына қатыстым. Бизнес-қоғамдастық үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы съезі әрқашан басты шара болып есептеледі. Өйткені бизнес мәселелерін жоғарыға жеткізуге мүмкіндік беріледі. Президент еліміздегі шағын және орта бизнес үлесін арттыру мен кәсіпкерлерді қолдау үшін Үкімет пен мемлекеттік органдар, «Атамекенге» нақты тапсырмалар берді. Биылғы съезде ауыл шаруашылығы саласының жеткіліксіз қаржыландыру, шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді алып тастау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қайта өңдеу үшін алынатын төлем, аяқкиім, дәрілік заттар, жеңіл өнеркәсіп тауарларын және сүт өнімдерін таңбалау, яғни таңбалаудың проблемасы көтерілді. Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнеске арналған үкімет» порталын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін  50-ден астам мемлекеттік қызмет пен палата көрсететін қызметтер  платформада, сондай-ақ мобильді нұсқада кәсіпкерлерге қолжетімді болмақ. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Алтын Дала» шаруашылық қожалығының басшысы Сәндібай Алитұрлиев.

—  Заманауи кәсіпкерлік экожүйені құру, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылдау, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жеке кәсіпкерлер арасында еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу, жер учаскелері, құрылыстың бас жоспарлары, қолжетімді қуат, коммуникациялар және басқалар туралы ақпаратты цифрландыру, климаттың өзгеруіне байланысты 2060 жылға дейін төмен көміртекті аз пайдалануды дамыту тұжырымдамасына қол жеткізу секілді мәселелер айтылды. Негізі, өңірлік кеңес құрамына кіргелі 2020-2021 жыл аралығында үкіметтің кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын,талап-арыздарына көңіл бөліп, көптеген сұрақтар өз шешімдерін тауып отырғанына куәміз. Әрине, бүгінгі туындап отырған мәселелердің шешімін табу үшін терең сараптамалар қажет, —  дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Айбар-А» ЖШС бас директоры Арман Жылгелді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button