Рухани жаңғыру

Киелі жерлер — рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халық тұтастай қастерлейтін киелі жерлерді, қасиетті орындарды рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі ретінде атады. 

Облыстық тарих-өлкетану музейі, өңіріміздегі қасиетті орындарды, соның ішінде өткен ғасырдың 20-30 жылдарында халқымыздың сол кездегі көзі ашық бөлігі — Орта Азиядағы Бұхара, Хорезм жағында, Ресейдегі Қазан, Уфа қалаларында білім алып келген ишан-молдалар саяси қуғын-сүргінге ұшырағанда, азан дауысы беймезгіл үзіліп, кейіннен түрлі шаруашылық мақсаттарға пайдаланылған, ақыры бірі жоқ болып, екіншілері айдалада есік-терезесіз қаңырап тұрған көне мешіттер, мектеп-медреселер мен олардың орындарын анықтау, ХVIII ғасырдан бастап XX ғасыр басына дейінгі аралықтағы діни қайраткерлер туралы деректер жинау, көне қорымдар мен сол қорымдардағы ескі құлпытастарды зерттеу, олар туралы фото және бейнематериалдар жинақтау мақсатымен бес жылдан бері «Аманат» экспедициясын тұрақты ұйымдастырып келе жатыр. Экспедиция жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы — «Рухани қазына» кіші бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы шеңберінде жүргізіледі.

Экспедиция мүшелері биылғы кезекті сапарында Хромтау және Әйтеке би аудандарын бетке алды. Экспедицияның жұмысына облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-әдістемелік, этнографиялық, қазіргі заман тарихы бөлімдерінің, сондай-ақ облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының мамандарымен бірге, музей жанындағы «Руханият» танымдық клубының жетекшісі әрі осы экспедицияның бастамашысы Жібек Абдуллина, Хромтау, Әйтеке би аудандық музейлерінің, Қарабұтақ ауылдық және Толыбайдағы Әбілқайыр хан музейінің қызметкерлері атсалысты.

Алдымен біз Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы шекарасындағы Бекқұл баба қорымында болып, өлкетанушы Баянғали Құлтаев, Бекқұл ата қорымы басындағы шырақшылар Алтынбек пен Несібелі Тоқмырзиндер, т.б. адамдардан деректер жазып алдық. Заманында би болған, кейінгі ұрпаққа әулие атанған Бекқұл бабаның есімі өз тұсында, тіпті көрші жұрттарға да белгілі болған деседі, ал Қарғалы, Ор өзендерін жайлаған ел оны сонау ХVII ғасырдан бері ұмытпай, бүгінге дейін ардақтап отыр. Бекқұл баба кесенесіне QR-код та қойылыпты.

Хромтау ауданының Құдықсай ауылдық округі аумағындағы Ойсылқара қорымында да көне ескерткіштер көп. Экспедиция мүшелері солардың қазіргі жағдайларына көбірек назар аударып, бейне және фототүсірілімдер жасады.

Еліміздің түкпір-түкпірінде «Қыз әулие» аталатын ескерткіштер жиі кездеседі. Олардың сырын, тарихын анықтау — алдағы күндер еншісіндегі іс. Мысалы, жоғарыда айтылған Ойсылқара қорымында, Қопа ауылдық округі аумағындағы Божыр ата мешіті маңындағы қорымда «Қыз әулие» аталатын көне ескерткіштер бар.

Сапар барысында Хромтау ауданында Қопа ауылдық округі аумағындағы Божыр ата мешітінің, Қызылсу селолық округі аумағындағы Ешмұхамбет ишан мешітінің орындарында болып, олар туралы деректер жинақтадық.

Қартабай тамы

Ал Әйтеке би ауданында Қарабұтақтағы Сары ишан атанған Қожахмет Үмбетұлы жерленген там-мазар (мавзолей-кесенесі кейіннен тұрғызылған), Ыскөлдегі Сары ишанның қонысы мен мешіт-медресесінің орны, Айтбай (Айтмұхамбет) ахун қорымы мен бөгеті, Сарыбұлақ ауылы маңындағы Қарабас әулие қорымы, Ақкөлдегі Қартабай, Сақабай тамдары, Жабасақ ауылдық округіне қарасты Аққұмдағы Раманқұл әулие, Ақтастыдағы Ақбақсы әулие, Бұршақбай тамы, т.б. көптеген ескерткіштердің қазіргі жай-күйі қаралып, ел ішінен оларға қатысты деректер жиналды.

Бұршақбай тамы

Әсіресе көне құлпытастар мен олардағы жазуларға көп көңіл бөлінді. Экспедиция мүшесі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, араб тілінің маманы Қонысбай Рахбаев 20 шақты құлпытасты оқып, олардың ХІХ ғасырға тән екенін анықтады. 12 құлпытастың мәтіні бірден оқылды. Мәтіндердегі деректер әлі де зерттелетін болады.

Бұл аудандардағы жоғарыда айтылған әулиелі жерлердің кейбіріне, мысалы, Ақбақсы әулиенің басына халық әлі де тәу етіп, тіпті өзге елдерден де арнайы іздеп келетіні анықталды. Сондай-ақ Әйтеке би ауданының шалғайындағы,   Әбілқайыр хан жерленіп, 2015 жылы ханға кесене тұрғызылған «Хан моласы» қорымында да қазір түнек үй салынып жатыр. Экспедиция мүшелері бұл жерде де болып, қорымға қатысты жаңа деректер іздестірді.

Экспедиция жұмысы барысында жасы тоқсаннан асқан әйтекебилік қария Айдархан ата Байниязов, жергілікті шежіреші Құлыбай Бусурманов, тарихшылар Рүстем Біржанов, Нұртай Жетесов, сонымен қоса Қатшагүл Төлегенқызы, Өтешбай Өтегенов, Рүстем Қарсақов, Жанғазы Усманов, Серік Төлеубаев, Алдаберген Қасымов, т.б. көптеген тарих жанашырлары өздері жинақтаған деректермен бөлісті.

Біздің өңір аумағынан 1926 жылға дейін жұмыс істеген 237 мешіт анықталғаны белгілі. Осы мешіттер, сондай-ақ ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы және ХХ ғасыр басындағы діни қайраткерлер туралы деректер әлі де жиналып, зерттеулер жалғаса бермек. 

Қыдырғали ЕРМҰҚАН,

«Аманат —2021» экспедициясының жетекшісі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button