Тәуелсіздік — 30

Қызбелден — қарабауға: Өтей батыр рухына тағзым!

Қазақстан — кең-байтақ. Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы сайын даланың төсін мекендеген дарқан көңілді халықтың өзара байланысы, тығыз қарым-қатынасы әу бастан тонның ішкі бауындай ұйысып жатыр. Ұлы дала төсін бұрынғы дәуірде руаралық тамырластық болса, бүгінде өзара өңіраралық қарым-қатынас сабақтастырады. Сондай әдемі байланыстың бірі облыстық «Аtyrау’» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен қолға алынғалы отыр.

«Бабалардың ізімен…» атты тарихи-этномәдени «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жаяу жорығы арқылы Қостанай облыстық «Қостанай таңы», Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» және Атырау облыстық «Аtуrау» қоғамдық-саяси газеттерінің арасында жаңаша сипаттағы өзара тәжірибе алмасу және ақпараттық-шығармашылық қарым-қатынас қалыптаспақ.

Облыстық «Аtyrау’» қоғамдық-саяси газетіне Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласқан кәсіпкер Марат Мұханбетқалиұлы Якупов еріктілердің тың бастамасы туралы айтты. Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел ауылдық округінің орталығы — Саға ауылынан Сәттібек Ысмайылов және Ерлан Хұсайынов есімді екі азаматттың жоңғар шапқыншылығында қаза тауып, Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы маңына жерленген Өтей батырдың рухына зиярат ету ниеті бар екен. Бұрынғы Торғай өлкесіндегі Торғай және Тобыл өзендерінің бойын мекендеп, Ойылдың құяр сағасындағы Қарабау жерінде мәңгі тыныс тапқан Өтей батыр Бекімбетұлы тарихшылардың айтуынша, шамамен 1714-1749 жылдары өмір сүрген.

Ол дәуірде ел шетіне жау тигенде, арғы-бергі ағайынға жаушы жіберіліп, көмекке қол жиналады екен. Оған себеп — Жетісудан әрі жатқан жоңғарға арқа сүйеген Еділ қалмақтары Ойыл өзеніне дейінгі кең жазираны өктемдікпен басып алып, иелік құра бастайды. Байырғы әдетпен Орта жүздің батыры Өтей өз жасағымен бірге Кіші жүздегі Еділ бойы қалмақтарымен соғысуға келсе керек. Ақсақалдардың ауызекі әңгімесіне қарағанда, сол жолы Өтей батырды Кіші жүз қазақтарына көмекке жұмсаған атақты Шақшақ Жәнібек көрінеді.

Пешенесіне солай жазылған ба, әлде қанқұйлы жаудың күші басым болды ма, әйтеуір қиян-кескі ұрыста есіл ер ерлікпен қаза тауып, қазіргі Қарабау ауылының күнбатыс бетіндегі биік дөңнің басына жерленіпті. Сол кезде Өтей батыр Бекімбетұлы 35 жаста екен.

Жау кетіп, айқай-шу басылған соң жергілікті халық батырдың қабірін сыпалап, топырағын жел суырмасын деген ниетпен басына бейіт тұрғызады. Қасына осы аймақтағы қайтыс болған қарапайым адамдары да жерлеген. Біртіндеп бейіт аумағы кеңейе бастаған соң, жерін жаудан азат ету жолында опат болған ердің есімін ұмытпау үшін тұрғындар мұны «Өтей қорымы» деп атап кетіпті. Кейін есімі көзінің тірісінде-ақ әділ билігімен исі қазаққа аты мәлім болған Есентемір Бөкен би Қосалұлы да өзінің мәңгілік орнын осы қорымнан таңдаған деседі. «Мені Сәдірге (Есентемір руының дәулеттілері жерленген қорым – авт.) емес, Өтейге жерлеңдер. Көзімнің тірісінде мені бағалаған айналайын халқым еді, өлгенде де солармен бірге боламын» деген бидің өсиетін ұрпақтары мүлтіксіз орындаған.

Өтей батырдың мәңгілік мекенін таппай жүрген ұрпақтарына хабарласқан бір азамат жазушы Нәбиден Әбуталиевтің «Шоқ жұлдыз» және «Бөкен би» туындыларында жазылғандай, Арғын Өтей батырдың бейіті Бөкен бимен қатар екенін айтады. Сол бойынша 2007 жылы бұл қорымды арнайы іздеп тапқан батырдың ұрпақтары 2008 жылы Бөкен би мазарының солтүстік-батысынан ескерткіш орнатты. Қызыл граниттен қашалып жасалған құлпытаста: «XVII ғасыр басында жоңғарлармен шайқаста ерлікпен қаза болған бабамыздың есімі мәңгілік жадымызда. Ұрпақтары», — деп жазылған. Дәл осындай ескерткіш батырдың тарихи отаны — Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылына да қойылған.

Ал Қызбелден шыққан қос азаматтың Қарабауға дейінгі жаяу жүріп өтетін арақашықтығы 1200 шақырымның шамасында.

— Ең басты қиындық — Қызбел мен Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі және Ақтөбе облысының Ойыл ауданының орталығынан Атыраудағы Қызылқоға ауданының орталығы — Миялы ауылына дейінгі аралық. Жігіттердің қолдарында байланыс құралы, басқа да қажеттіліктері жеткілікті. Ақылдаса келіп, Сәттібек пен Ерлан Қызбелден Қарабауға дейінгі арақашықтықты 25 күнде жүріп өтуге бел байлап отыр. Бұл — бір жағынан, осы кеңбайтақ жерді сақтап, бізге аманат еткен бабаларымызға тағзым, екіншіден, республика өңірлерінің арасындағы өзара байланысты нығайту, сол арқылы ішкі туризмді дамыту. Мұндай игі іске қолдау көрсетіп жатқан Қостанай, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдеріне ерекше ризашылығымызды білдіреміз, — дейді бастаманы қолдап, барлық істі ұйымдастырушы Марат Якупов.

Кеше, 6 қазан күні «Қызбел-Бидайық-Сарат-Қарабұтақ-Қандыағаш-Шұбарқұдық-Ойыл-Миялы- Тасшағыл-Қарабау» бағытымен басталған тарихи-этномәдени тақырыптағы «Қызбел-Қандағаш-Қарабау» экспедиция-жорығына демеушілік жасаған Қостанай облысындағы «МИЛХ-Новый день» ЖШС (директоры Сергей Блок) болса, ақпараттық тұрғыда қолдау көрсетіп отырғандар — «Қостанай таңы» газетінің редакциясы» ЖШС (директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков), «Ақтөбе Медиа» ЖШС (директоры Раукен Отыншин) және «Атырау-Ақпарат» ЖШС (директоры – Ысқақ Егембердиев). Ал жобаның — Атырау облыстық «Аtyrау’» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы.

Қуандық ШӘКІРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button