Осылай емделуге болады…
Аяқтан қатты суық тиген кезде адамның қуығы қабынып ауырады. Мұны медицина тілінде «цистит» деп атайды. Қандай ауруды да соңына дейін емдемесеңіз, созылмалы түрге ауысатыны белгілі. Сол сияқты қуықтың қабынып ауыруы кезінде тек дәрімен шектелуге болмайды. Тіпті дәрінің өзі ауруды түбегейлі жоя алмайды.
Ал бұл ауруға қарапайым ас тұзының шипасы мол. Ол үшін шағын қалтадағы тұзды ыстық табаға салып қуырып, мақта-матадан тігілген дорбаға салады. Сосын қызған тұздың үстіне ол суығанша жалаң аяқ тұру керек. Осындай әдісті 6 рет жасасаңыз, құлан-таза айығып кетесіз. Тұздың бір қасиеті тез ысып, өте баяу суыйды. Мұндайда табаннан өткен жылу бүкіл денеге тарап, түрлі аурудың алдын алып отырады.
Депрессиядан қалай құтылу керек?
Өмірде қуаныш пен қайғының кезектесіп келетіні заңдылық. Басына ауыртпалық түскен адам шыдамдылық танытуы тиіс. Дегенмен, бұндай кезде кей адамның ұйқысы бұзылып, депрессияға ұшырайды.
Депрессия кезінде көкбасшөп (синеголовник) пен көкнәр тұқымының (семена мака) қайнатпасын ішсе, бұрынғы қалпыңызға келуге көмектеседі. Екі емдік шөптен бірдей мөлшерде жарты ас қасықтан алып, оған кұрғақ жүзім шарабыннан (қызыл) 1 стақан құяды. Оны жай отта 5-8 минут қайнатып, содан соң сүзіп алу керек. Қайнатпаны күніне ұйықтардың алдында 100 миллиграмнан ішіп отырады. Қайнатпаны ұйқы жақсарғанша қабылдау қажет.
Плеврит және шырмауық
Бұл ауруға шырмауық (будра) шөбінің тұнбасы шипа. 1 ас қасық кептірілген шырмауық шөбіне 3 стақан қайнаған су құйып, 1 сағаттай тұндырып қою керек. Одан кейін сүзіп алып, күніне жарты стақаннан 2-3 рет тамақ арасында қабылдайды. Осылайша 3 апта бойы үзбей ішіңіз. Емделуден кейін бір апта үзіліс жасап, тағы үш апта ішу керек. Бұдан соң дәрігерге көрінуді ұмытпаңыз.
Экземаға солидол ем
Экзема — терінің жұқпайтын созылмалы ауруы. Бұл көбіне ағзадағы зат алмасу немесе жүйке жүйесі мен ішкі секреция бездері қызметінің бұзылуы әсерінен пайда болатын бөртпе түрі. Кейде экзема жас балаларға да шығады.
Егерде бетке шыққан экзема жазылмаса, солидолды (техникалық жағар майдың бір түрі) жағып көріңіз. Солидол майы бөртпеге бірден-бір ем. Оны 2-3 қайтара жаққаннан кейін жазылып кетеді.
Баспа ауруы
Баспасы бар адам суық су ішсе болды, келесі күні тамағы жұтындырмай, ауырып шыға келеді. Ол үшін шанышқының ұшына мақтаны орап, йодқа батырып, бадамша безінің үстіне таңады. Аз уақыттан кейін аурудан айығасыз.
Көз ісігін қайтару
Кейде адам қатты ұйықтағанда немесе жылағанда көзі ісіп кетеді. Бұндай кезде жарты стақан суды мұздатқышқа салып мұздатып, көзіңізге басыңыз. Сонда қабақ терісі қалпына келіп, ісік басылады.
Псориаз емі — киікшөп
Терінің созылмалы ауруын «псориаз» деп атайды. Бұл дертке киікшөп өсімдігі бірден-бір ем. Тұнбаны дайындау үшін шай мен киікшөпті бірдей мөлшерде, яғни бір қасықтан алып үстіне қайнаған су құйып, 20 минут бұқтырады. Тұнбаны науқас адам шай есебінде ішеді. Аз уақыт өткен соң терінің қышуы басылып, жазыла бастайды. Егер тұнбаны егде адамдар ішсе, бас ауруынан айығады.
Балаға дәріні қалай береміз?
Балаңыз аяқ астынан сырқаттанып ауырды делік. Әрине, оған жазылғанша тұрақты түрде дәрі беруге тура келеді. Бірақ кішкентайыңыз дәріні бірден іше қоймай біраз қиғылық салады. Тығырықтан шығар жол қайсы? Берілген дәрі баланың бойына дұрыс сіңуі үшін не істеу керек?
Ең бастысы, берілген дәрі мен шырындардың бір-біріне кері әсері бар ма, жоқ па? Бір дәрі мен екінші бір дәріні қанша уақыт аралығында беру керек? Міне, осының барлығын дәрігерден анықтап сұрап алыңыз.
Балаға дәрі беру үшін оның уақытын қатаң сақтау қажет. Мәселен, дәрілердің кейбірін кез келген уақытта ішуге рұқсат етілгенмен, шектен тыс көп ішкізуге болмайды. Дәріні уақытында беру және уақытты қатаң сақтау — баланың тез жазылуының бірден-бір кепілі. Мұндай жағдайда ішілген дәрі кері әсерін тигізбейді.
Дәрігер тағайындап берген дәріні ішу мерзімінің кестесін жасап, тоңазытқыштың көрнекі тұсына магнитпен жапсырып қойыңыз. Қоңыраулы сағатыңыздың межелі уақытын белгілеп немесе ұялы телефоныңыздың ескерту белгісін іске қосып қойсаңыз тіпті жақсы.
Дәріні белгіленген уақытынан кешіктіріп, әрі тым көп беріп қойсаңыз, келесі межелі уақытты асықпай күткен абзал.
Ем қабылдау курсын аяғына дейін жеткізіңіз. Жағдайы жақсарған күннің өзінде, сырқатынан айықты екен деп дәрі беруді тоқтатуға болмайды. Көптеген дәрілер, әсіресе, антибиотиктер толық қабылданған кезде ғана денсаулыққа шипа болады. Антибиотиктерді қабылдауды орта жолдан үзу, сырқаттың уақыт өте келе асқынуына әкеледі.
Үлкендер ішетін дәріні балаға беруге бола ма?
Кейде дәріханада балаларға арналған дәрі болмай қалады. Бұндай жағдайда дәріхана қызметкерлері үлкендер ішетін дәріні көлемі мен мөлшерін кішірейтіп беруді ұсынады. Бұндай ұсыныспен ешқашан келіспеңіз. Өйткені ересектерге арналған таблетканың жартысының немесе төрттен бірінің құрамында әсер етуші заттардың бар-жоқтығына дәрі шығарушылардың өзі кепілдік бере алмайды.
Дәрі таблеткасын ұсақтаған дұрыс па?
Егер капсулды дәрі болса, сол күйінде ішкізген жөн. Капсулды дәрінің сыртқы қабығы асқазан сөлін түрлі залалды әрекеттерден қорғайды. Капсул дәрілердің қабығы аршылса, дәрі асқазанға түскен сәтте-ақ өзінің емдік қасиеті мен сапасын жоғалтады. Қорғаныш қабығы жоқ дәрілерді ғана ұнтақтауға рұқсат етіледі. Өйткені бір жасқа толмаған жас нәрестенің тұтас таблетканы жұта алмайтыны белгілі. Ал сыртында арнайы қабығы бар таблетканы бөлудің немесе ұнтақтаудың қажеті жоқ. Дәрінің сыртқы қабығы дәрінің ағзаға тез сіңуін қамтамасыз етеді. Әрі дәрі асқазанға жетпей, ауыз қуысында-ақ еріп кетеді. Сондықтан бір жасқа толмаған сәбиге мүмкіндігінше аса күрделі жағдайда болмаса дәрінің сұйық түрін ішкізген жөн.
Бала көңілін аулаңыз
Бала дәріні түкіріп тастауы немесе жүрегі айнып құсуы мүмкін. Дәрілердің көпшілігі жарты сағаттан кейін асқазанда еріп, бойға сіңеді. Ағза дәріні қабылдамаса және он минуттан кейін лоқсып құсса, дәріні қайталап беруге болады. Кері әсері біраз уақыттан кейін білінсе, дәріні қайталап берудің қажеті жоқ.
Дәріні қалай ішкен жөн?
Кейде дәріні тамақ алдында, енді бірін ас ішкеннен кейін немесе дәл тамақпен бірге ішуге тура келеді. Бұл мәселені дәрігер сізге міндетті түрде алдын ала ескертуі тиіс. Жалпы дәрі ашқарынға ішілсе тез әсер етеді әрі емдік қасиетін сақтайды. Дәлірек айтсақ, тамақтан бір сағат бұрын немесе екі сағат кейін ішкен денсаулыққа өте пайдалы.
Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.





Менин танысымда псориаз бар. сиздердин жазган емдеринизди айтып корейн. пайда болып жатса миндетти турде жазамын. рахмет
Менің Жұбым Өкпе ісігіне Шалдыққан Дем алу қиындық тудырады 1 этаждан 2 этажға көтерілгенде терлеп шығады толық емделсек емі бар ма ? Кеңестеріңізді айтсаңыздар Қай жерге қалай көріну керек