Спорт

«Ақтөбе» алтыншы орынға көтерілді

Премьер-Лига

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 0:2

23-турдың кездесулері 2-3 қазан күндері өтті. Бұл турда сырт алаңда ойнаған үш команда жеңіске жетіп, екі команда тең есепке қол жеткізді.

Талдықорғанда ойнаған «Астана» жергілікті «Жетісу» командасын ұтып, чемпиондық тәжге тағы бір табан жақындай түсті. Ал «Жетісу» биыл Премьер-Лигамен қоштасу қаупімен бетпе-бет келіп тұр.

Өз алаңында, Қостанайда «Ордабасы» командасын ұтқан «Тобыл» бұрынғысынша «Астананың» желкесінен дем алып тұр.

Түркістанда өткен «Тұран» мен «Шахтер» кездесуінде еш гол соғылған жоқ.

Тараз қаласында өткен кездесуде «Атырау» екі рет алға шыққанымен, екі қарымта гол соғылды. Әсіресе «Тараз» футболшысы 90+7 минутта соққан пенальти мұнайлы өлкенің ойыншыларын қатты өкіндірді.

Ақтау қаласында болған ойында әуелі «Каспий» гол соққанымен, «Қызылжар СК» табандылық танытып, үш ұпай олжалап кетті.

Алматы қаласында «Қайратпен» кездескен «Ақжайық» жеңілуге мәжбүр болды.

Қазірге дейін чемпионатта 162 кездесу өткізіліп, 413 гол соғылды. Орта есеппен әр ойында өткізілген гол — 2,57.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Қызылордада «Қайсар» командасымен кездесті.

Әрине, «Қайсар» бұл ойында тәуір нәтижеге жеткен күнде де биыл Премьер-Лигамен қоштасу қаупінен құтыла алмас еді. Ал «Ақтөбе» аса белсенділігі елімізге әбден мәлім жанкүйерлеріне қуаныш сыйлауы керек-ті.

Енді ойын барысына келсек, соңғы кездесулерде шабандап жүрген қызылордалықтар чемпионат соңына қарай, расымен де, қажи бастады ма, тағы да жарқырап көріне алмады.

Ойынның бірінші таймы алма-кезек шабуылдармен өтті. Үш ұпай, қалай болғанда да, аса қажет болғанымен «Қайсар» қонақтарды тықсыра алмады. Олардың қақпаға қарата бір ғана соққы жасауы осының айқын дәлелі. Ал алаң иелеріне қарағанда допқа көбірек иелік еткен (60%) ақтөбеліктер қарсыластар қақпасына қарай төрт соққы бағыттады, үш бұрыштама доп орындады. Бірақ қонақтар да нысананы дәл көздей алмады.

Сөйтіп, кездесудің алғашқы бөлігінде есеп ашылмады. Оның есесіне, өкінішке қарай, алаңда 19 рет тәртіп бұзылып, мұның соңы қызылордалық жартылай қорғаушы Кларенс Битангтың ескерту қағазын алуымен тынды.

Екінші тайм «Ақтөбенің» екпінді шабуылдарымен басталды. Рас, алаң иелері тізгіннен айырылып қалмауға барынша тырысты. Біраздан соң олар да қарымта шабуылдарға көшті, тіпті біздің қақпамызға шүйіле бастады.

Осы тұста қадап айтқан жөн, бұл кездесуде ақтөбелік қорғаушылар сауатты қимылдады, қарсыластардың емін-еркін ойқастауына жол бермеді. Ал қақпашы Жасұр Нарзиқұлов, әсіресе екінші таймда қақпаны бірнеше қауіпті сәттерден аман сақтап қалды.

Осылайша өрбіген ойынның алғашқы нәтижесі таблоға 56-минутта жазылды. Қызылордалық қорғаушылар қақпа алдында ойнақтаған допты қайткен күнде де айып алаңынан аулақтатуға тырысып бақты. Солай жасады да. Дегенмен сол аулақта жүргендердің бірі Дмитрий Шомко қайтадан қақпаға қарата әуелете пас тастады да, топ футболшының арасында жүрген Темірлан Ерланов ерекше созыла көтеріліп, допты баспен соқты, ешкім де бөгет жасай алмай қалды — 0:1.

Осы есеп ойынның соңғы сәтіне дейін жетелеп келді де, кездесудің негізгі уақытына төрешілер қосқан төрт минут басталды. Міне, ақырғы нүкте осы кезде қойылды. 90+2 минутта «Ақтөбе» тағы бір тұтқиыл шабуыл бастады да, тайлы-таяғымен қарсыластар қақпасына ұмтылды. Осындай қарбалас мезетте оң қанатқа ойнақтап шыға келген Максим Федин қарсыластар қақпасының дәл алдына көлденеңдете әрі әуелете шұғыл пас тастады, ол тұстан Юрий Логвиненко табыла кетті. Юрий допты жерге түсірмей, бірден баспен соқты, қызылордалық қақпашы Нұрымжан Салайдин қарсы әрекет жасағанымен бәрібір қапы қалды — 0:2.

Жалпы екінші таймда ақтөбеліктер асқан ұйымшылдық көрсетіп, алаңның әр тұтам жері үшін аянбай таласты.

Осылайша «Ақтөбенің» қоржынына кезекті үш ұпай түсті.

«Қайсар»-«Ақтөбе» — 0:2

Гол авторлары: Темірлан Ерланов, 56-минут (0:1); Юрий Логвиненко, 90+2 минут (0:2).

Ескерту қағазын алғандар: Кларенс Битанг, 33-минут; Каролис Лаукжемис, 79-минут («Қайсар»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасұр Нарзиқұлов (қақпашы), Михал Йерабек, Артурас Жулпа, Темірлан Ерланов, Юрий Логвиненко (капитан), Йоахим Адукор, Рамазан Оразов (Дидар Жалмұқан, 90+4 минут), Дмитрий Шомко (Ардақ Сәулет, 90+4 минут), Олег Чернышов (Максим Федин, 72-минут), Эрвейн Мукам (Юрий Перцух, 79-минут), Виталий Балашов (Игорь Зенькович, 90+4 минут).

Бас бапкер — Владимир Муханов.

2 қазан 2021 жыл. Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион. 1000 адам.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда, 14 мамырда өз алаңымызда «Қайсармен» тең ойнағанбыз (0:0).

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Игорь Сергеев, шабуылшы — 7 доп;

Рифат Нурмугамет, жартылай қорғаушы — 3;

Боян Дубайич, шабуылшы — 3;

Юрий Логвиненко, қорғаушы — 3;

Эрвейн Мукам, жартылай қорғаушы — 3 (1);

Дидар Жалмұқан, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;

Максим Федин, жартылай қорғаушы — 2 (1);

Еркебұлан Нұрғалиев, жартылай қорғаушы — 1;

Михаил Йерабек, қорғаушы — 1;

Юрий Перцух, жартылай қорғаушы — 1;

Дмитрий Коркишко, шабуылшы — 1;

Виталий Балашов, жартылай қорғаушы — 1;

Темірлан Ерланов, қорғаушы — 1.

(Жақшаның ішінде — пенальтиден соғылған доптар есебі).

Жерлестеріміз 23 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 6 рет тең түсті, 9 рет ұтылды. Ұпай саны — 30. Доп айырмашылығы — 31:32.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Жетісу»-«Астана» — 1:3

Гол авторлары: Марин Томасов, 21-минут (0:1); Айбар Жақсылықов, 37-минут (1:1); Марин Томасов, 39-минут (1:2), Фатос Бечирай, 56-минут (1:3).

2 қазан 2021 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы. 800 адам.

«Каспий»-«Қызылжар СК» — 1:2

Гол авторлары: Алексей Залеский, 32-минут, пенальти (1:0); Мусса Коне, 39-минут (1:1); Әлібек Қасым, 43-минут (1:2).

3 қазан 2021 жыл. Ақтау қаласы, «Жас қанат» стадионы. Көрерменсіз өткізілді.

«Тараз»-«Атырау» — 2:2

Гол авторлары: Петр Гжельчак, 1-минут (0:1); Тимур Досмағамбетов, 45+1 минут (1:1); Петр Гжельчак, 73-минут (1:2); Бауыржан Байтана, 90+7 минут, пенальти (2:2).

58-минутта Жиан Мартинс  («Атырау»), 61-минутта Урош Ненадович («Тараз») орындаған пенальтилерді қақпашылар қақпаға дарытпады.

3 қазан 2021 жыл. Тараз қаласы, Орталық стадион. 2000 адам.

«Тұран»-«Шахтер» — 0:0

2 қазан 2021 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан Арена» стадионы. 800 адам.

«Тобыл»-«Ордабасы» — 3:1

Гол авторлары: Игорь Сергеев, 25-минут (1:0); Сұлтанбек Астанов, 30-минут (1:1); Зоран Тошич, 74-минут (2:1);  Роман Асранқұлов, 86-минут (3:1).

2 қазан 2021 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы. 1000 адам.

«Қайрат»-«Ақжайық» — 3:1

Гол авторлары: Жоао Пауло, 17-минут (1:0);  Небойша Косович, 30-минут (2:0), Артур Шушеначев, 62-минут (3:0); Лука Имнадзе, 89-минут (3:1).

3 қазан 2021 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион. 1300 адам.

*   *   *

21-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 53 ұпай;
  2. «Тобыл» (Қостанай) — 52 ұпай;
  3. «Қайрат» (Алматы) — 44 ұпай;
  4. «Қызылжар СК» — 35 ұпай;
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 32 ұпай;
  6. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 30 ұпай;
  7. «Ақжайық» (Орал) — 30 ұпай;
  8. «Каспий» (Ақтау) — 28 ұпай;
  9. «Шахтер» (Қарағанды) — 27 ұпай;
  10. «Атырау» (Атырау) — 27 ұпай;
  11. «Тараз» (Тараз) — 26 ұпай;
  12. «Тұран» (Түркістан) — 24 ұпай;
  13. «Қайсар» (Қызылорда) — 16 ұпай.
  14. «Жетісу» (Талдықорған) — 12 ұпай.

Сертификация жөніндегі комиссияның шешімімен «Жетісу» командасынан үш ұпай шегерілгенін еске саламыз.

*   *   *

24-тур кездесулері бір апта үзілістен соң 16-17 қазан, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

16 қазан, сенбі:

«Ақжайық» — «Тұран»

«Ордабасы» — «Атырау»

«АҚТӨБЕ» — «ҚАЙРАТ»

«Шахтер» — «Каспий»

17 қазан, жексенбі:

«Жетісу» — «Тараз»

«Астана» — «Қайсар»

«Қызылжар СК» — «Тобыл»

 Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button