Білім

Білім берген, ой берген, ақыл берген…

Мектеп бітіргендеріне, оқу орнын аяқтағандарына «пәленбай» жыл болды деп, кездесу ұйымдастырып жүргендер қазір баршылық. Ал зейнетке шығып немесе заман ағымымен жан-жаққа қоныс аударып кеткен ұстаздардың, өздері еңбек еткен білім ордасымен қайта қауышып кездесуі  дегенді  бұрын-соңды естуіңіз бар ма? Құдай біледі, бұл шара — республика көлемінде тұңғыш рет өткен  игілікті іс. Біз соның куәсі болдық…

Ұстаздар күні қарсаңында Шалқар ауданы Бегімбет ауылындағы Бекежан Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп оқу жылы жаңа басталғандай мерекелік көңіл күй мен әбігерге түсті. Енді ше, сонау 70, 80, 90-жылдарда осы мектепте оқушыларға білім беріп, кейін зейнетке шыққан соң қоныс аударған немесе түрлі себептермен ауылдан жырақтаған байырғы ұстаздар жан-жақтан тоғысып, алтын ұясына тағзым етіп келуге ниеттеніпті. Күз күнінің ғұлама Абай кейіптегендей, «сұр бұлт, түсі суық, қаптайды аспан» болмай, жайдары жаз күніндей елжіреп, бірер күн бұрын құм суырып бораған жел екпінінің сілтідей тына қалғанының өзі, аспан әлеміндегі тылсым күштердің де ұстаздарға «қарасқанын» білдіретіндей.

«Араға жылдар салып,

Жүздесу тұр қарсы алып,

Қадірлі әріптесін

Сағынды кім қаншалық?» … Зейнеткер  ұстаздар Қансұлу Алғазина  мен Айнагүл Әбушанованың орындауындағы ақын Аян Сейітов осы кездесуге арнайы сөзін жазған «Кездесу» әнінің сырлы да сазды ырғағымен, мектеп алдында қауышқан мұғалімдердің қуанышында шек жоқ еді. Көптен көріспеген әріптестер бір-біріне құшақтарын жая ұмтылып, бірі күліп, бірі жылап, ерекше күй кешті. Кездесу қарсаңында ғана соңғы шегесі қағылып, жөндеу жұмыстары аяқталған мектеп  алаңы салтанатты шеруге лайықталып безендірілген екен. Тәртіппен жүріп-тұрған, ұлттық киімдегі мектеп оқушылары гүл шоқтарын ұсынып, келген қонақтарды ишара жасап  төрге оздырды.

Кіреберістен бастап жоғарғы қабаттардың өн бойына тізілген жас ұстаздар мен жоғары сынып оқушылары қол соғып қошеметін көрсетуде. Келген қонақтар алдымен «Самғатқан сан қыранды, аяулы ұстаз» атты салтанатты жиынның ұйымдастыру бөліміне шақырылды. Мектеп директоры Бержан Омаров  құттықтау сөз сөйлеп, мектептің қысқаша тарихына тоқталды. Байырғы ұстаздар өздерін таныстырып, еңбек жолдарынан мағлұмат берді, ал келесі кезекте оларды «Жарқын жүздесу» айдарымен дөңгелек үстел күтіп тұрды. Слайдтар арқылы ұстаздардың еңбек жолынан түрлі фотосюжеттер көрсетілді. Олармен педагог мамандығының қыр-сырын қамтитын сұрақ-жауап тәсілімен сұхбат өткізілді. Жүрек тебірентетін сәттер өткенді еске алып, сонау жылдардың  елесін жаңғырту ғой. Өйткені ұстаздық жолдарының әр белесін  «бірге тойлап, бірге өткізген жалындаған жас шақтарының» көп куәгерлері қазір орталарында жоқ. Қара шаңырақтың қазығы болған, білімнің кеніші болған қайран Бердалы, Нағашыбай, Қалдымұрат, Шайхышбулла  ағайлар… Марқұм ұстаз ақынның:

«Мен келмеспін, кетемін мәңгілікке,

Сусындаған суатым — әрбір нүкте.

Сұрақ болып туыппын жауабы жоқ,

Өтсем егер неге артам өмірге өкпе?» деп келетін өлең жолдары ойға оралды. Тізбелей берсе, бақилыққа аттанғандар қырық қаралыдан асыпты. Осы кісілерді еске алып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Жанарға жас үйірілді… Қобалжыған сәттерде «қандай сұрақ қойылып еді?» деп, отырғандарды қыран-топан күлкіге көмген шақтар да болмай қалған жоқ.

Үзіліс кезінде дәріс берген кабинеттерін аралап, мұғалімдер бөлмесіне бас сұғып, баяғы өздері отырған орындықтарына жайғасып, арқа-жарқа әңгімелесіп, ай, бір жасап қалды-ау! Мектептің қонақтарға арнаған бағдарламасының келесі бөлігі  мәжіліс залында жалғасты. Бұрынғы және қазіргі сабақ берудегі  ұқсастықтар мен айырмашылықтар бағытында сабақ  үлгілері  көрсетілді.  Мектептегі шаралардың соңы жас ұстаздар күшімен дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты. Ал келген қонақ ұстаздар мектепке сый-сияпат ретінде  құны 250 000 теңгенің сертификатын сыйға тартты. Ұйымдастырушыларға сыйлықтар үлестірді.

Мұғалімдік — құрметті мамандық. Осы туралы талай ақын-жазушы, талай ойшыл қадау-қадау пікір білдірді, терең мағыналы ұлағатты сөздер айтты. Соларды тізбей-ақ, Мұхаммед пайғамбардың сөзін еске түсірейікші: «Үмбетімнің арасында екі түрлі топ бар. Егер олар жақсы болса, көпшілік те жақсы болады. Ал олар жаман болған жағдайда жұртшылық та азады. Олар — басшылар мен мұғалімдер».

Бегімбет ауылының клубында   өнерпаздардың ән-жыры мен осы ауылда қалып еңбек етіп жүрген кешегі шәкірт, бүгінгі салиқалы азаматтардың  өз ұстаздарына деген ілтипат-құрметтері ауқымды шараның  айдынын аша түскендей. Сонау Абай елі — Семейден  1971 жылы біздің ауылға келін болып түсіп, мектепте зейнеткерлікке шыққанға дейін сабақ берген Мінуар апайына шәкірттерінің сыйы — курорттық демалыс жайына жолдама — ұстаздарға білдірген ықыластың бір көрінісі ғана. Сөз жоқ, бұл кездесу ауыл өмірінде елеулі, тағылымы мол, маңызы зор рухани оқиға болды. Қайсыбіреулер «алыстан ат сабылтып ауылға келгенше, Ақтөбелерінде кездесе салмай ма?» дер. Иә, солай да болар еді. Алайда…

«Ауылың – сенің өз үйің,

Именбей еш енесің.

Өзгерер мүлдем жан күйің,

Көргенде ауыл төбесін» — демейді ме?

Ауылда қалған ағайынмен, әріптестермен көрісу, өмірден өткен ұстаздарды еске алып, Құран бағыштау, тоқсанның биігіне таяған ардагер ұстаз Шәйкен Бақытжановамен, сексенге иек артқан Шәкет Төлеуовамен қауышып, батасын алу, мектептің жас ұстаздарына, шәкірттеріне жолығып, «мен де сендей болғанмын» дейтін тәрбиелік мәні бар естеліктермен, оқу процесіндегі тәжірибелерімен бөлісу — кездесудің ауылда өтуіне мұрындық болған жайттар. Ал бұл идеяның негізгі авторы — өмірде көргені мен түйгені көп,  педагогика саласында тәжіриесі ұлан-ғайыр, зейнеткер ұстаз Шәкет Төлеуова апайымыз. Қазір әлеуметтік желі арқылы «жылдам хабар» лезде тарап жатады. Бекежан Сүлейменов атындағы мектептен басталған кешегі   шараның  бейнесюжеттері мен суреттері жер-жерге тарап, әр қиырда жүрген шәкірттер ұстаздарына лебіздерін білдіруде. Алыста жүрген шәкірттерден келген құттықтаулардың ішінде филология ғылымдарының докторы Қамар Алдашевадан, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Кенжегүл Нұрпейісовадан бейнеқұттықтаулар бар. Мектеп түлектері осындай игі шараның үлгі боларлық екеніне пікірлерін білдіруде. Демек, бұл бастама әрі қарай жалғасын таба бермек.

Елмен қауышып, кездесуден үлкен әсер алған ұстаздар  мектеп директоры Бержан Омаровқа,  осы кездесу болады дегеннен жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні бүге-шігесіне дейін ойластырып, ұйымдастырған мектептің оқу ісінің меңгерушісі, білікті маман Майра Көптілеуоваға, мектептің барлық ұжымына, зейнеткерлер  Сәлима Сейітова, Әбила Бисенова, Қарлыға Сырашеваларға зор алғыстарын білдірді. Келесі күні біздер «Ауылымнан аттанарда, алтын аймақ ән салады» деп, жолға шығып бара жаттық, келесіде кездескенше…

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button