Білім

Тіл тылсымын игерген   

Әр баланың тұлға болып қалыптасуына, өмірде өз орнын табуына ерекше әсер ететін жанашыр адам — мұғалімнің орны бөлек. Осы орайда сүйікті ұстазым Зоя Ильясованы бұл қатарға қосуға болады.

Мәртөк ауданындағы Кеңсахара орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жоғары санатты педагог-зерттеуші Зоя апайымыз туралы көп жазуға болады. Ол еңбекқорлығымен, адалдығымен, мейірімділігімен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Әрдайым ұлы адамдардың сөздерін мысалға келтіріп, әдемі һәм әсерлі сөйлейтін оны сырлы сөздің зергері десем, асыра сілтегенім болмас. Өйткені оның жүргізген сабақтары арада қанша жыл өтсе де әлі есте. Сыныптастармен кездесе қалсақ, «Зоя апайдың сабағы қызықты өтетін» деп айтудан жалықпаймыз. Абайдың қарасөздерінен келтірген үзінділері құлағымызда әлі күнге жаңғырып тұр.

Ұстазымыз шығармашылыққа да уақыт табатын жан-жақты маман. Мәселен, ол —      9-сыныпқа арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқу курсы жобасының, «Шәкәрім өлеңдерін оқыту» бағдарламасының, «Қазақ тілі мен әдебиеті сабағындағы талдау түрлері және тест қолдану әдісі» жинағының авторы. Сонымен қатар оның оқушылары да бұл жағынан жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр. Олар облыстық, аудандық «Жарқын болашақ» олимпиадасының «Жас ғалымдар» бағыты бойынша оқушылары жүлдегерлері. ҰБТ-дан да шәкірттері қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары балды жинап жүр. Соған сай Зоя Ильясова әр жылдары Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасының басшысы және аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталған. Бұдан басқа мадақтамалары да көп.  

Отбасында аяулы жар, балаларына қамқор ана, немерелеріне сүйікті әже Зоя апайымызға еңбекте зор табыс тілейміз. Мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатып жүрген тәжірибесі мол ұстазымызды біз, оқушылары мақтан тұтамыз.

Гүлхан РАИСОВА.

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button