Білім

Түлектердің алғысына бөленген

«Ұстаз болу — өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп Жан-Жак Руссо айтқандай, ұстаздық жолда аянбай қызмет ету — ұлы іс. Осы жолда абыройлы еңбек етіп, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, біз сияқты түлектерінің алғысына бөленіп жүрген ұстаздардың бірі — Айша Балмағамбетова.

Айша Балмағамбетова Орал мемлекеттік педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Еңбек өтілін Темір қаласындағы өзі оқыған С.Бәйішев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Осы мектепте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген ол білім ордасы жанындағы интернатта бірнеше жыл басшылық қызмет те атқарды. Айша Әбдірахманқызы ата-анасынан алыс жүрген балаларға аналық мейірімін төгіп, интернаттың тазалығын қадағалап, ас мәзірінің үйдегідей дәмді болуына көп көңіл бөлді.

Саналы ғұмырын сапалы білім беруге, шәкірттерінің бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді дарытуға арнаған Айша Балмағамбетованы бүгінде темірліктер ерекше құрметтейді.

«Жалпы ұстаз болуда менің үш ұстанымым бар. Олар: оқушыларға деген сүйіспеншілік және олардың мүмкіндіктеріне шексіз сену, жұмыс істеудің тиімді әдістерін үнемі іздеу, балалармен және олардың ата-аналарымен ынтымақтастықта қызмет ету.

Кез келген ұстаз бала жүрегіне жол табу үшін оны өзіне тартып, үнемі жылулық көрсетіп, оқушы өзіне сенім арта алатындай тұлға болуы керек. Мен ұзақ жылдар қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергенде, кейін сынып жетекшісі болғанда осы ұстаныммен жұмыс істедім. Қазір зейнеткер болсам да, алдымнан кесе өтпейтін шәкірттерім иіліп сәлем бергенінде қуанып, отбасымда өз ұрпақтарыма үлгі етіп отырамын», — дейді ардагер ұстаз.

Айта кету керек, Айша Әбдірахманқызы түлектерді Ұлттық бірыңғай тестке дайындап, мектептің үздік көрсеткішке қол жеткізуіне сүбелі үлес қосты. Облыстық білім басқармасының бірнеше марапатына ие болды. «Жыр семсері Махамбет» атты мұғалімдер арасында болған ашық сабақтан аудан ұстаздары арасында лауреат атанды. Осының бәрі — ұстаздың еңбегінің ақталғаны.

Қазіргі таңда ұлағатты ұстаз 3 баласынан тараған немерелерін тәрбиелеп, ауызбіршілігі жарасқан үлкен отбасында бақытты күн кешуде. Айша Әбдірахманқызы халықтың баласына ғана жан-жақты білім беріп қана қоймай, өз балаларын да білімді, зерек етіп тәрбиеледі. Соның айқын дәлелі бүгінде ұстаздың балалары әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, оның екі қызы да жоғары білімді мамандар: біреуі — экономист, екінші қызы — есептеу техникасының инженері. Ұлы мұнай саласында еңбек етеді, ал келіні — ағылшын тілінің маманы.

Ұлағатты ұстаздың еңбек жолын зерделей келе менің ойыма түйгенім, ұстаздық — ұлы іс. Сондықтан Айша Әбдірахманқызынан білім алып, сол кісіге еліктеп, бүгінде ұстаздық қызметте жүрген мен үшін бұл мамандықтың құны өте қымбат. Қазір осындай қызықты әрі жауапкершілігі мол жұмысымды сүйіспеншілікпен атқарамын және ұстаз болғаным үшін мақтанамын.

                  Нұргүл ҚАДЫРОВА,

 Теректі мектеп-балабақшасының мұғалімі,

 педагогика ғылымдарының магистрі.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button