«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ақтөбе қаласы: күн тәртібіндегі күрделі мәселелер қалай шешілуде?

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров журналистерді шаһарда абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Байырғы демалыс орындарына көңіл бөлінеді

Алдымен қаланың ескі бөлігіндегі Қаржыгерлер аллеясындағы жөндеу жұмыстары көрсетілді. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың бюст-ескерткіші бар демалыс орны — осы аумақтағы тұрғындар жиі сейіл құратын жер. Ұзақ жылдан бері жөнделмеген аллеяны қалпына келтіру жұмыстары енді басталды. Жауапты — «АЭМК Жарық» ЖШС. Қазір мұнда қырлы тастар (брусчатка) төселіп жатыр.

— Жыл басында облыс әкімінің төрағалығымен қаланың дамуы туралы үлкен жиын өткен еді. Сол кезде қаланың ескі бөлігіндегі осы аллеяны дұрыстау жөнінде шешім қабылданған. Жалпы, жыл соңына дейін 9 скверде жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Аталған жұмыстарға 1 миллиард теңге бөлінген.

Сондай-ақ 300 миллион теңгеге Тұрғындар қалашығы, Әуе қалашығы мен осы ескі бөліктегі кейбір көп қабатты үйлердің қасбеті сырланды. Демеушілер де бұл іске атсалысып жатыр, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Биылдыққа облыс орталығындағы көпшілік жерлерде, соның ішінде саябақтар мен гүлзарларда гүл атаулының жоғалып кеткені рас. Бұған тұрғындар да әлеуметтік желілер арқылы көп шағымданды. Атқарушы биліктің бұған өз айтары бар.

— Расында, көпшілігі биыл неге гүлдер жоқ деп сұрап жатыр. Оның себебі — осы жылы 46 мың шаршы шақырым аумаққа егілетін гүлдің 70 пайызы көпжылдық өсімдіктерге ауыстырылды. Бұлар күз мезгілінде енді егіледі. Ал аталған жұмыстың нәтижесін біз келесі жылы көреміз. Бұл, ең алдымен, қаржы үнемдеу үшін жасалып отыр. Бұрынғыдай біржылдық өсімдіктерден бас тарттық. Сол мақсатта үш жыл мерзімге екі компаниямен келісімшарт жасастық, — деді шаһар басшысы.

52 шақырым веложол салынбақ  

Жаяу жүргіншілер жолы, веложолақтар, жалпы осы жол мәселесінің Ақтөбеде ерекше өзекті екенін Асхат Шахаров жоққа шығармайды. Жыл басында велосипед тізгіндерге арналған арнайы жолақ салынатыны туралы хабарланды. Осы істің қалай атқарылып жатқаны жөнінде:

— Жоспар бойынша алдағы жылы Ақтөбе қаласында 52 шақырым веложол салынады. Жобаны жүзеге асыратын мердігер компания анықталды. Карта жасалды. Бастапқы жұмыстар енді қарқын алды.

Ең бастысы, велобағыт жаяу жүргіншілер, автокөлік жүргізушілері үшін де ыңғайлы болуы керек. Соған баса мән беріледі. Біздің қалада веложол болмағанын ескерсек, бұл — күрделі мәселе. Сондықтан веломәдениетті бірлесе қалыптастырамыз деген ойдамын.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін қажетті іс-шаралар қолға алынып жатыр. Қалалық мәслихат депутаты Шахан Жолдасбаевпен осы мәселені шешсек дейміз. Жаяу жүргіншілер жолы, өтпе жол, қиылыстар қоларбада отырғандарға бейімделуі қажет, — деді қала әкімі.

Биыл қанша аула абаттандырылады?

Келесі нысанға жету үшін журналистермен бірге қоғамдық көлікке отырған Асхат Шахаров жол-жөнекей тағы бір мәселеге тоқталды.

— Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік те өзекті мәселелердің бірі. Бірақ бұл істе даму бар деп есептеймін. Биыл электрондық билетті енгізіп, жолаушылар тасымалдайтын тағы бір компанияны қостық. Жаңа автобустар әкелінді. Бюджеттен компанияларды қолдау мақсатында субсидия беріледі. Алдағы қазан айында тағы да автобустар жеткізіледі деп күтілуде. Соларды автобус жетіспейтін, жолаушылар көп шоғырланған бағыттарға жібергелі отырмыз. Сондықтан «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы халқының жанайқайы көп ұзамай шешілуі керек.

Жолдың өзіне келсек, биыл 42 көше жолы жөнделді. Бұлардың біразы — қысқа көшелер. Біз сол арқылы үйлер арасында орналасқан шағын көше жолдарының мәселесін де шешкіміз келеді, — деп, Т.Алдияров көшесі, №6 үйдің ауласына орнатылған балалар ойын алаңының құрылысымен танысуға барды. Сазды шағын ауданы аумағындағы көп қабатты үйге балалар ойнайтын алаң салынып, аулаға асфальт төселіп жатыр. Мұндағы тұрғындар жұмыстың тым баяу жасалып жатқанына шағымданып, атқарушы биліктен барлығының сапалы орындалуын қадағалауды сұрады…

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл жоспарға сай 220 аула абаттандырылып, 67 балалар алаңы орнатылады. Бұл мақсатта 1 миллиард теңге бөлінген.

— Соның өзінде 800 аула қалып тұр. Осынша көп қабатты үйдің ауласына әлі де ойын, спорт алаңдары қажет. Бұл — келер жылдардың еншісіндегі іс.

Біз аулаларды жарықтандыруға да ерекше назар аударып жатырмыз. Мәселен, былтыр осы мақсатта 200 миллион теңге жұмсалса, биыл қаражат көлемі екі есе артты — 400 миллион теңге қарастырылды. Сол арқылы біз қауіпсіз аумақтарды көбейтуді көздейміз. Көпшілік жерлерге бейнекамера орнатумен шектелмей, қоғамдық бақылаудың күшейгенін де қалаймыз. Яғни бұзақылар тәртіп бұзса, тұрғындар бұл жөнінде жедел арада полицияға хабарласса дейміз. Қаңғыбастар, нашақорлар, маскүнемдер қоғамдық тәртіпті бұзса да адамдар бейтарап қалмауы керек, — деген қала әкімі ойын алаңдарын талапқа сай салмаған мердігерлердің жұмысы қабылданбайтынын, керек кезде оларға айыппұл салынатын да атап өтті.

Қоқыс шығаратын арнайы техникалар жетіспейді

Ақтөбе қаласында қоқыс шығару мәселесінің де әбден тығырыққа тірелгені жасырын емес. Аулалардан күл-қоқыстар апталап шығарылмайтын кездер болады. Әсіресе «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының тұрғындары үшін бұл айрықша өзекті. Сол үшін де Асхат Берлешұлы бастаған топ аталған тұрғын үй массивіне арнайы соқты.

— Қаладағы қоқысты шығаратын 5 компанияның біреуі жұмысын тоқтатты. Соның әсері де тиді. Халықтың наразылығы орынды.

Қала бойынша әлі де 3 мыңға жуық контейнер керек. Биыл мыңға жуық контейнер алдық. Жыл сайын бұл мақсатта шамамен 60-70 миллион теңге жұмсайтын боламыз.

Қоқыс мәселесін шешу үшін жылдың соңына дейін арнайы 10 техника алуды жоспарлап отырмыз. Соның өзі бастапқы қажеттілікті өтеу үшін алынады. 1 техниканың құны 40 миллион теңгеден асады. Сондықтан біртіндеп жаңартамыз.

Осы орайда тұрғындардың 40 пайызы қоқыс тарифін мүлде төлемейтінін айтқым келеді. Оларды сотқа беру арқылы ғана жауапқа тарта аламыз. Бұл — ұзақ процесс. Сондықтан тарифті көтеру жөнінде ұсыныс енгіземіз, — деді ол.

Артынша қоқысты сұрыптап салуға арналған «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы жәшіктер көрсетілді. Бұлар әзірге тек жоғарыда аталған аумақ пен Батыс-2 шағын ауданына орнатылған. Картон, пластик, тұрмыстық қалдықтарды бөліп салуға ыңғайластырылған контейнерлер арнайы техниканың жұмысына да тиімді.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында 70-80 бірлік техника жұмыс істейді. Қоқыс контейнерлерінің де тапшылығы байқалады. 511 контейнер алаңы және 4 мың бак бар.

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында шаһар басшысы жаңадан жел телімдері берілген елді мекендерге инженерлік желілерді тарту мәселесін де тілге тиек етті. Оның айтуынша, жобалық-сметалық құжаттар жасалып, сол бойынша биыл 18 жоба іске асырылмақ. Әсіресе бұл істе Жаңақоныс-3,4,5 және Болашақ, Қурайлы, басқа да аумақтарға басымдық берілгелі отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button