Басты жаңалықтар

Халық алғысын алған Sooncar

Мектепті бітіріп, арман қуып үлкен қалаға оқуға түскен мен үшін алғашында межелеген орынға жету қиындық туғызатын. Бірақ көп ұзамай, қаланың әр бұрышы енгізілген, қолдануға ыңғайлы картаның бар екенін естіп, бірден ұялы телефоныма  жүктеп алдым. Сөйтіп,  қолымда «сиқырлы таяқша» пайда болды. Себебі бейтаныс қаланың қай жеріне болмасын, туған жерімде жүргендей, оп-оңай жету мүмкіндігіне ие болдым.

Расында, көптеген өнертабыстар өмірді айтарлықтай жеңілдетеді. Алайда сондай тиімді мобильді қосымшаларды кімнің ойлап тауып жатқанына мән бермейміз.

Біздің хромтаулықтардың да күн сайын пайдаланатын мобильді қосымшасы бар. Ол — Sooncar. Ағылшын тілінен аударғанда «soon» — «жылдам», «car» — «көлік», яғни «sooncar»  — «жылдам көлік» деген мағына береді. Бұл — екі жылдан бері аудан халқы арасында кең қолданысқа ие, такси шақыруға арналған мобильді қосымшаның атауы.  Бүгінде  мобильді қосымша Хромтаудан өзге Шалқар, Байқоңыр, Арқалық, Жітіқара, Қандыағаш және тағы да басқа 10-нан астам өңірде пайдаланылып жүр. Атауы қазақша «Сұңқар» деп оқылатын қосымша арқылы бір тәуліктің ішінде  2000-нан аса адам такси қызметіне тапсырыс береді екен.

Жалпы, елде қолданылып жүрген мобильдік қосымшалардың көпшілігі — шетелөнімі. Менің «сиқырлы таяқшамның» да жайы сондай болатын. Алайда «Сұңқар» шетелдік өнім емес, оны ойлап тапқан өзіміздің жерлесіміз — хромтаулық Қайсар Елдес.

Қайсар Елдес 2008-2012 жылдар аралығында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша оқып, екі жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласында IT саласында қызмет етеді. Кейін туған жерге қайта оралып, осында аталған сала бойынша үйден қызмет жасауға кіріседі.

— Оқуымды бітіріп, Хромтауға келген соң біздің такси қызметіне назар аудара бастадым. Байқап қарасам, олар әлі күнге дейін рациямен жұмыс жасап жатыр екен. «Сұңқар» мобильді қосымшасын жасау туралы ой содан туындады. Сондай-ақ, статистикаға сүйенсек, Қазақстанда елу мыңнан астам жүргізуші шетелдік программаларға комиссия жібереді екен. Яғни орта есеппен санағанда бір миллиард теңгеден астам ақшаны біз шетелге жолдаймыз. Енді сол шығыстың Қазақстанда қалуы үшін біздің отандық өнімдер шетелдік жобалармен бәсекеге қабілетті болуы керек. Үлкен жеңістер кішкентай жеңістерден бастау алады. Сол себепті де мен бірден үлкен қала нарығында емес, бұл жобаны өз туған өңірім Хромтаудан бастауды ұйғардым, — дейді Қайсар.

Сұхбат барысында кейіпкерім өзінің IT саласына қызығушылығының қалай туындағанын айтып өтті.

— Бір қызығы,«программист боламын» деген ой менің түсіме де кіріп шықпапты. Әрине, қызығушылық болды. Өйткені біз, тоқсаныншы жылдың балалары, технологиялардың даму барысын өз көзімізбен көріп өстік қой. Бірақ меніңқолымнан ондай нәрселер келеді деп ойламадым. Менің бұл салаға келуіме себепкер болған — жоғары оқу орнында программалау пәнінен сабақ берген ұстазым. Ол аудиторияға кіріп келісімен білім алғысы келетін адамға көмектесуге дайын екенін, бар білетінін үйрететінін айтты. Содан бері сол оқытушының соңынан қалмай іздене бастадым. Тіпті оқу орнында түнгі сағат тоғызға дейін, онға дейін отырып, ұстазымнан білім алған күндерім болды. Математикалық тәсілдерді адам есептесе, оған біраз уақыт керек, ал компьютер кез келген тапсырманы лезде орындап береді. Сол нәрсені толықтай сезініп, түсінген кезде  бірден басымда шам жанғандай болды да, қызығушылығым оянды. Сол сәттен кейін сүйген іспен айналысудың кереметтігін түсіне алдым, — дейді Қайсар.

Әр жетістікке жету жолында бір кедергілер кездесіп жатады. Қайсар да осы мобильді қосымшаны тұрғындарға пайдалануға берер алдында қиындықтарға тап болғанын айтады.

— Бастапқы кезде жүргізушілерді программаға кіргізу қиынға соқты. Оларға мобильді қосымшаны қолдану арқылы ақша табуға болатынын айтсам, мені алаяқ көретін. Себебі сол кездері ғаламтор арқылы алдайтындар көбейіп кетті. Кейін өзім әкемнің ескі машинасымен такси қызметіне шығып көрдім. Біраз тәжірибе жинадым, бірақ жүргізушілерді қосымшаны жүктеуге көндіре алмай-ақ қойдым. Содан соң «енді не істеймін?» деп көңілім түсіп отырғанда, кеңсеме бір кісі кіріп келді де: «Мына программаны ойлап тапқан сен бе? Керемет қосымша екен. Бүгін кіріп, біраз ақша жасадым. Бұрын таксиде қызмет еткің келсе, таңертең ерте тұрып кезек алу керек еді. Енді тапсырыс үйден шықпай-ақ бірден ұялы телефонға түседі» — деп қуанып, өзінің пікірін айтып кетті. Сол кісіден соң басқалары да келе бастады. Өткен жылдың ақпан,наурыз айларында Шалқар қаласын қамти бастадық. Шалқар қаласы халқының ұйымшылдығы өте мықты екен. Оларға тек WhatsApp желісі арқылы бір ғана хат жібердік. Бірден мыңдаған адам қосылды. Одан  кейін басқа да өңірлерге шыға бастадық. Ендігі алға қойған мақсат — программаны мейлінше дамыту. Такси мәселесінде картаның маңыздылығы жоғары. Ол қысқа маршруттарды анықтауға, таксидің тез келуіне әсер етеді. Сондықтан біз қазір осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. «OpenStreetMap» технологиясын қолданғалы отырмыз. Сонымен қатар жекешелендіріп өңдеу деген бар. Ол әр жеке адамның деректерін өңдеуден өткізіп, қосымшаға кірген бойда тұрған мекенжайды көрсетіп, жұмысқа бару жолын талдап оған қызметті  бірден ұсына алатын мүмкіндікті береді. Қазіргі таңда командамызда 6 адам бар. Бірлесіп Soonkar мобильді қосымшасын жақсарту жолында жұмыс жасаудамыз, — дейді кейіпкеріміз.

«Өзіңнің ғана емес, өзгенің де қамын ойлау» — бұл Қайсар Елдестің ұстанымы. Мүмкін табысты кәсіптің сыры дәл осы ұстанымда шығар? Қалай болғанда да Қайсардың кәсібі ауданға жаңашылдық алып келді.

Осындай жастардың елді көркейту жолындағы еңбектері олардың отансүйгіштігінің шынайы көрінісі деп білеміз.

Жанел ӨТЕУЛІ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button