Білім

Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің ректоры тағайындалды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтөбе облысына жұмыс сапарын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар қауымымен кездесуден бастады. Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, университет басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Асхат Аймағамбетов ең алдымен білім ордасының ұжымына «Болашақ» бағдарламасының түлегі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Назарбаев университетінің докторанты Лаура Қарабасованы таныстырып,  ректор етіп тағайындады. Қазақстандағы және Zhubanov University тарихындағы ең жас ректор Лаура Қарабасова жарияланымдық белсенділік нәтижелері бойынша 2021 жылғы рейтингтегі еліміздің үздік ғалымдарының қатарында (Scopus), әлемдік ғалымдармен бірлесіп жазылған білім беруді трансформациялау кітаптарының авторы, «Білім және ғылым» бағыты бойынша Ұлттық Ғылыми кеңестің мүшесі.

—  Осы университетке келудегі басты мақсат – кадр мәселесі. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректорлығына конкурс жарияланып, директорлар кеңесінің отырысында бұл мәселе бірнеше рет қаралды. Нәтижесінде республикалық комиссияның шешімімен Лаура  Қарабасова университеттің ректоры болып тағайындалды. Лаура Қарабасова Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты  үздік бітіріп, одан соң осы университетте білімін жетілдіріп, кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Уорик университетін тәмамдаған. Сонымен қатар Назарбаев университетінде білімін жалғастырып, сол университетте менеджер мамандығынан бастап, департамент басшылығына дейін көтерілді. Лаура Қарабасова білім беру саласындағы философия докторы (Ph D), білім берудегі көшбасшылық және менеджмент саласындағы гуманитарлық ғылымдар магистрі. Мен вице-министр болып қызмет етіп жүргенде де талай бағдарламалар бойынша бірге жұмыс істедік. Осындай дүниежүзілік деңгейдегі білімімен, біраз тәжірибе жинақтай отырып Лаура Чапайқызы Ақтөбеге оралып, өзі оқыған университетте проректор қызметін атқарды, — деп министр жаңа ректор Л.Қарабасованың қызметіне сәттілік тілеп, өңірлік университетті алға жылжыту бағытында зор сенім артты.

Министр жаңа басшылық алдына, ең алдымен, болашақ мамандарды өмірге бейім, кез келген өзгеріске лайықты әрекет ете алатын жан-жақты етіп даярлауға көңіл бөлу қажеттігін айтты:

— Кейбір жоғары оқу орындары әлемдік рейтингке кіруге ұмтылады. Әрине, бұл да дұрыс шығар. Дегенмен өңірлік университет әлемдік рейтингке кіру үшін, яғни бақталасу үшін емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласына қажетті, сұраныста бар маман даярлауға күш салуы тиіс. Екіншіден, өңірлік оқу орны қоғамдық жұмысқа араласуға, қоғамға эксперттік көмек беруге тиіс, — деп оқу орны ұжымы алдында үлкен мақсат-міндеттер тұрғанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, унииверситет арнайы академиялық ұтқырлық бағдарламасына енгізілмек. Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге шетелдік университетте семестр бойы оқуға мүмкіндік береді.

— Бұл жобаға 5 миллиард теңгедей қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл университетке инфрақұрылымын дамытуға, білім беру бағдарламаларын жаңартуға толық мүмкіндік береді. Әрине, университет жетістіктерін жоққа шығармаймыз. Дегенмен қазіргідей ақпарат ағымынан қалмауға тиіс, жаңа концепциямен жұмыс жасауы керек. Кәсіпорындармен тікелей жұмыс жасауды жолға қою қажет. Ғылымды дамытатын грант жобаларына қатысуды дамыту керек. Президенттің қолдауымен білім саласына берілетін грант көлемі екі есе артты. Осындай мүмкіндіктерді пайдалану керек, — деді министр.

Сонымен бірге министр биыл елімізде бірінші рет жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандығын бітіруші түлектер Ұлттық біліктілік тестілеуден өткендігін, нәтижесі төмен екендігін, соған сай университет алдында білікті, сапалы кадрлар даярлау міндеті тұрғанын айтты. Университеттің лабораториялық базасын жаңарту, ғылым саласын дамыту, жас мамандарды тарту сынды тапсырмалар да берілді.

Сөз алған Жұбанов университетінің профессоры Қуанышбек Шүңкеев оқу орнында ғылыми жұмыстар жүйелі жүргізіліп келе жатқанын, бүгінде 6 мамандық бойынша 5 докторант білім алып, үш диссертациялық кеңес жұмыс істеп жатқанын айта отырып, министрден ғылыми мектептерді базалық қаржыландыруды қолдауды сұрады.

Лаура Қарабасова министр Асхат Аймағамбетовке, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге осы уақытқа дейін университет ректоры міндетін атқарып келген Рахым Бекназаровқа, алғысын білдіріп, артылған сенімді ақтайтынын айтты.

Бұдан соң министр Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде болып, «Жас маман» жобасының жұмысымен танысты. Колледжде жастар ауыл шаруашылығы, мұнай және газ, электрмен жабдықтау бағытында білім алып жатыр. Білім ордасында аталған жоба аясында жаңа жабдықтар алынып, лабораториялар құрылған. Колледж студенттерінің шығармашылық жұмыстарымен танысқан  министр мемлекет тарапынан білім саласына жасалып жатқан қолдау тұрғысындағы жұмыстарға тоқталып өтті.
Министрдің жұмыс сапары Батыс шағын ауданында орналасқан «Білім» мектеп-гимназиясында жалғасты. Жеке кәсіпкердің қаржысына тұрғызылған жаңа нысанның ішін аралап көрген министр ұжыммен сөйлесіп, заманауи талаптарға сай жабдықталған кластарға өзінің оң бағасын берді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.       

Басқа жаңалықтар

Back to top button