Пікір

Мемлекеттік қолдауға ризамыз

Қабылжан ТОҚТАҒҰЛОВ,

мал дәрігері

Бүгінгі күні өнеркәсіпті алға ұстанғанымызбен, ауыл шаруашылығының маңызын бәрібір жоққа шығара алмаймыз. Рас, бұл саланың бейнеті басым, шаруасы көп. Бірақ тіршілігіміздің тірегі, күнкөрісіміздің өзегі болған төрт түлікті өсірмей және тұра алмаймыз. Ендігі жол — мал өнімдерін молайтудың жолдарын қарастыру, сол өнімдерді өткізу, өңдеу реттерін жүйелеу, мемлекеттік қолдауды пайдаланып, жұмысымызды жан-жақты дамыту.

Мен ұзақ жылдар мал дәрігері болып еңбек етіп келемін. Малдың арасында әртүрлі жұқпалы аурулар көп болады. Солардың алдын алу, емдеу — маңызды міндет. Бұл шараларға өте жауапкершілікпен қарау қажеттігін маман ретінде жақсы түсінемін. Сонда ғана жұмысымыз нәтижелі болады.

Адам денсаулығы тамағының таза, дәмді, құнарлы болуымен жақсарады. Біз өз қызметіміздің негізгі мағынасын осы тұрғыдан ұғынамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында көптеген маңызды мәселелерді көтерді. Оның ішінде ауыл шаруашылығына да ерекше көңіл бөлген. Бұған дейін де мал тұқымын асылдандыру, егіншілік, басқа да бағыттар бойынша субсидиялар бөлініп келе жатқаны бізге көп көмек болатын. Дегенмен біздер, әсіресе мал дәрігерлері көбірек жұмыс істеуіміз керек секілді көрінеді. Өйткені мал ауруларының болмауы, олардың алдын алу көптеген игіліктерге жеткізеді.

     Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button