Басты жаңалықтарЭкономика

Мал азығына субсидия беріледі

Жолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керектігін тапсырды. Бұл өзгерістердің бірі —  субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру.

«Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек. Ауыл шаруашылығын технологиялық  тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек», — деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастыру қажеттігін айтты. Мұндай шешімдер агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етіп, соның арқасында аталған сала  ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналмақ.

Ақтөбе облысында мал шаруашылығы саласында субсидия беру 2002 жылдан бері 3 миллионнан 13 миллиард теңгеге дейін өскен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, мал шаруашылығына беріліп отырған мұндай көмек нәтижесінде мал басын арттыруға септігін тигізіп отыр:

— Облыста мал шаруашылығына бағытталған субсидия 2002 жылдан бастап беріле бастады. Ол кезде субсидия көлемі небәрі 3-4 миллион теңгенің шамасында болды. Және ол облыс бойынша шамамен 20-25 шаруашылыққа ғана берілетін. Қазір облыс бойынша субсидия алатын шаруашылықтар қатары екі мыңға жуықтап қалды. Былтыр 2 мыңға жуық шаруашылықтан субсидияның әртүрлі бағыты бойынша 6 мыңға жуық өтінім алдық. Биыл мал  шаруашылығына берілетін субсидия көлемі 13 миллиард 700 миллион теңгеге жетіп отыр, — дейді ол.

2020 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан субсидиялау қағидаларына  өзгерістер енгізіліп, «ауыл шаруашылығы малдарына мал азығының құнын арзандату» атты бағыт енгізілді.

— Осы мал азығының құнын арзандату бағыты бойынша біз былтыр ауыл шаруашылығы құрылымдарына 5,5 миллиард теңгедей қаражат берсек, биыл 6,7 миллиард теңгедей қаражат берілмек. Соның есебінен берілетін субсидия көлемі 13 миллиард теңгеден асып отыр. Субссидия шаруалар үшін үлкен көмек болып отыр: Мал басы 7 пайыздан 24 пайызға дейін артты. Әсіресе жылқы саны көбейді.  Бүгінде облыста ірі қара саны 531,4 мыңға, жылқы малы 178,1 мыңға жетіп отыр, — деді П.Бимұратов.

П.Бимұратовтың айтуынша, облыста 6 мыңнан астам әртүрлі құрылымдағы шаруашылық субьектілері бар. соның 5900-ы — шаруа қожалықтары. Мемлекеттің мал шаруашылығы бағытындағы субсидия түріндегі көмегін бүгінде осының үштен бірі алып отыр. Мемлекеттің қолдауы тек мал басын арттырып қана қоймай, шаруашылықтардың қаржылық ауыртпалықтарын жеңілдетуге, несиелерінен құтылуға, қосымша жемшөбін сатып алуға да септігін тигізіп отыр.

— Осындай қолдаулардың арқасында биылғы қуаншылықтан да шығынсыз, жеңіл шығамыз деген үміт бар. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин субсидияның берілуін өзі қадағалап отыр. Жақын күндері мал азығына субсидия алуға өтінім қабылдана бастайды. Құзырлы министрліктің бұйрығының кеш шығуына байланысты біз де сәл кешігіңкіреп қалдық, дегенмен алдағы жылы шаруалар мамыр-маусым айларында мал азығын әзірлеуге тыңғылықты дайындалуы үшін өтінімдерді ертерек қабылдайын боламыз. Малға берілетін субсидия көлемі — ірі қараға 30 мың теңгеден, жылқы, сиырға 20 мың теңгеден, қой мен ешкіге 5 мың теңгеден. Бұл ретте ірі қара мал масы  50 бастан, қой 300 бастан, ешкі 50 бастан кем болмауға тиіс, — дейді П.Бимұратов.

ПАЙЫЗДЫҚ СТАВКАНЫ СУБСИДИЯЛАУҒА ҚОСЫМША ҚАРЖЫ ҚАЖЕТ

Облыс шаруалары пайыздық ставканы субсидиялауға қосымша қаржы сұрап отыр. Президенттің биылғы Жолдауында айтылған: «Субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек», — деген тапсырманы алға тартқан бизнес қауымдастық өкілдері агроөнеркәсіп саласында қордаланған мәселелерді талқылау үшін бас қосты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге мемлекеттік органдар өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер де қатысты.

Басқосуда ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға, несие алуға, мемлекеттік қызметтерді алу механизмдеріне және субсидияға қатысты проблемалық мәселелер айтылды.

Кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Қазыбек Әлішевтің айтуынша, өңірде аграрлық сектордағы несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін қаражаттың тапшылығы өткір мәселе күйінде қалып отыр. Бүгінде фермерлер несиені толық пайыздық мөлшерлемемен қайтаруға мәжбүр, себебі пайыздық мөлшерлемені төмендету мақсатында субсидия алуға өтініш беру үшін қаражат жоқ.

—  Ауыл шаруашылығы министрлігінен пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды тікелей қаржы институттарына жіберуді, фермерлерге төмендетілген пайызбен несие беруді сұрау қажет, — дейді Қазыбек Әлішев.

«Ақтөбе фермерлер орталығы» қауымдастығының төрағасы Марлен Баймағамбетов фермерлерді арзан дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

— Дизель отыны операторының бағаны өсіруін негізсіз деп санаймыз. Жеңілдікпен берілетін дизель отынын бөлу, оның операторын анықтау механизмін реттеу қажет. Республика бойынша бағаның өсуі байқалады. Мысалы, біздің облыста көктемгі уақыттан бері баға 13 теңгеге өсті. Бағаның бұлайша өсуін бекітуге бизнес, партиялар, қауымдастықтар, «Атамекен» өкілдері қатысқан жоқ, —  деді Марлен Баймағамбетов. Бүгінде облыста арзан дизель отыны литрінің бағасы —  167 теңге.

Марлен Баймағамбетов ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдеріне шалғайдағы шағын шаруа қожалықтарына дизель отынын жеткізуді орталықтандыру қажеттігін айтып, ұсыныс білдірді. Жеткізу операторының аудандарда жанармай құю бекеті болмағандықтан, фермерлер арзан жанармай жеткізу үшін қосымша ақы төлеуге немесе оны басқа жанармай құю станцияларынан нарықтық бағамен сатып алуға мәжбүр болып отыр.

Кәсіпкерлер көктемгі егіс жұмыстары кезінде несиелеу бағдарламасын келер жылдың жазында немесе күзінде бастауды, ал «Қазагроқаржы» АҚ арқылы техникалар немесе жабдықтар сатып алуға несие беру кезінде қарыз алушыға жеткізушіні таңдау құқығын беруді сұрады.

— «Қазагроқаржы» арқылы техникалар, жабдықтар сатып алуға несие беру кезінде олардың бағасы жеке жеткізушілерге қарағанда қымбат болып шығады.  Негізінде, керісінше болуы керек емес пе? «Казагрофинанс» жеңілдетілген несие беретін қаржы институты ретінде жеткізетін техникалары мен жабдықтары нарықтық бағадан төмен болуы тиіс қой, — дейді кәсіпкер Берген Ғаббасов.

Кездесу соңында фермерлер «Табыс» коммуналдық базары мен коммуналдық шағын базарлар арқылы ет сату мәселесін реттеуді сұрады. Кәсіпкерлер палатасы қалалық кәсіпкерлік бөліміне осы мәселені пысықтауды ұсынды.

— Жолдауда айтылған маңызды мәселелердің бірі аграрлық секторға қатысты. Мемлекет басшысы біздің аграрлық саясатымызда сабақтастық болмай отырғандығын, министр ауысса, саланың саясаты да өзгеретінін сынға алды. Бұл әлбетте шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлауды қиындатады.

Мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді, түсінікті және тұрақты болуы керек, себебі бұл кәсіпкерлердің ертеңгі күнге деген сенімін арттырады, — деп қорытындылады өңірлік палата директоры Сұлупан Шынтасова.

Шара барысында айтылған барлық мәселелер сарапталып, ұсыныстар әзірленбек және орталық мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілмек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button