Басты жаңалықтар

Жыл соңына дейін мыңнан астам бозбала әскерге аттанады

1 қыркүйектен бастап елімізде 18-27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Бұл бағыттағы шаралар біздің өңірде де ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, биыл жыл соңына дейін облыстан мыңнан астам  сарбаз Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанады.

Біз күзгі әскер қатарына шақыру науқаны туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, подполковник Әділет Отарбаевпен тілдескен едік.

— Әділет Әділбекұлы, өткен аптада елімізде, оның ішінде облысымызда күзгі әскер қатарына шақыру науқаны басталды. Бұл науқан қай уақытқа дейін созылады? Жалпы, оның ережелері қандай?

— Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы жылдың ақпан айындағы Жарлығына сәйкес елімізде 1 қыркүйектен бастап 18-27 жас аралығындағы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталды. Бұған дейін көктем айларында облыс әкімінің шешімімен әскери науқан өткізіп, оны жақсы көрсеткішпен аяқтадық. Берілген тапсырмаларды түгел орындап, науқан аясында 900 сарбазды әскерге аттандырған болатынбыз.

Биыл Президенттің тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігі өткен жылдармен салыстырғанда Қарулы күштерге әскерге шақырылушылардың санын кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлаған болатын. Осы орайда биылғы жылдан бастап барлық өңірден әскерге шақырылатындардың саны артып отыр. Оған мысал, біздің өңірден күзгі науқан кезінде мыңнан астам жас Отан алдындағы борышын өтеуге жөнелтіледі. Оның ішінде Қарулы күштерге — 435, шекара қызметіне — 150, Ұлттық ұланға — 390, Төтенше жағдай министрлігіне — 45, мемлекеттік күзет қызметіне онға жуық сарбаз жіберіледі.

Жалпы, әскерге 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдыруға құқығы жоқ жастар шақырылады. Науқанды ұйымдастыру кезеңінде облыста барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, әскер қатарына шақырылушыларды қабылдайтын облыстық жинақтау пункті Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашығы ауданында орналасқан. Ол жерде санитарлық нормалардың барлығы сақталған. Пункттегі әскери қызметкерлер, медицина мамандары, әскерге шақырылушылар бетперде, антисептик, басқа да қорғаныш құралдарымен түгел қамтылған. Бұл пунктте әскер қатарына шақырылған жастар екі аймаққа орналастырылады. Алдымен олар бірінші қабатта медициналық комиссиядан өтеді. Кейін екінші қабатқа психологиялық, наркологиялық, тағы басқа тексерулерге жіберіледі. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, екі аймақта да әскер қатарына шақырылушыларға коронавирусқа қарсы ПТР-тест тапсыру міндеттеледі.

Бүгінде облысқа Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметінің өкілі келіп, өз жұмысын бастады. Айта кету керек, қазіргі таңда біздің елімізде ең жоғары талап қойылатын әскери қызмет — мемлекеттік күзет қызметі. Сондықтан  бұл қызметке алынатын сарбаздың бойы 1,85 метрден кем болмауы керек, денсаулығы мықты, отбасы толық және отбасының мүшелері сотталмауға тиіс. Қазір осы бағытта біз қарқынды жұмыстар жүргізіп, талапқа сай келетін сарбаздарды таңдап жатырмыз.

Айта кету керек, биыл біз облыстан 11 қыркүйектен 11 қазанға дейінгі мерзімде 150-ден астам жас сарбазды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жібереміз.Оған да қазір жинақтау пунктінде дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы биылғы жылғы науқанның ерекшелігі — өткен жылмен салыстырғанда әскер қатарына жіберілетіндердің саны 120 адамға артық. Бұл жастардың өз уақытында әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуіне, бірқатарының әскери саланы таңдап, болашақта осы салада абыройлы қызмет етуіне ықпал етеді деп ойлаймыз.

Жалпы күзгі науқан аясындағы жұмыстар 1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.

— Биыл күзгі мерзімді әскери қызметке сарбаздарды қалай шақырып жатырсыздар? Олар қай өңірлерге жіберіледі?

— Қазіргідей нарық заманында әскерге шақыру есебінде тұрған 18-27 жастағы жастардың барлығы жұмыс істейтіні белгілі. Сондықтан біз олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына әскерге шақыру қағазын жібереміз. Не болмаса олардың телефондарына 1414 нөмірі арқылы хабарлама қалдырамыз. Өткен жылдан бастап пандемияға байланысты біз азаматтарды әскер қатарына хабарлама жіберу арқылы шақырып жатырмыз.

Негізі департамент қызметкерлері Қорғаныс министрінің №97 бұйрығына сәйкес барлық 18-27 жастағы азаматтарды алдын ала зерделейді. Олар туралы мәліметтерді сұратып, жеке ісқағазын дайындайды. Яғни науқан басталмай тұрып, біз әскер қатарына шақырылатын азаматтарға іріктеу жүргіземіз. Ал облыстан әскер қатарына алынғандар еліміздің барлық өңіріне жіберіледі. Мәселен, біздің облыстағы №6655, №30238 әскери бөлімдеріне еліміздің оңтүстік, солтүстік аймақтарынан жыл сайын 200-ге жуық сарбаз келеді. Сол сияқты біздің облыстан барған сарбаздар бірнеше өңірлерге бөлініп, Отан алдындағы борышын өтейді.

Қолданыстағы заңға сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Біздің негізгі міндетіміз — әскери қызметке есепке тұратындарды тіркеу, олардың есебін жүргізу. Мәселен, облыс бойынша биылғы жылы 5500 оқушы әскери есепке алынды. Оның ішінде 2500-і облыс орталығынан болса, қалғаны аудандарда тұрады. Жалпы ережеге сәйкес елімізде әрбір ер-азамат 17 жастан бастап біздің әскери есебімізде тұрады. Ал 18-27 жас аралығындағы азаматтар мерзімді әскери шақыру комиссиясының, 27 жастан бастап 45-55 жасқа дейінгілер әскерге міндеттілердің есебінде тұрады. Олардың ішінде солдат-сержанттар, запастағы офицерлер бар.

Бүгінгі күні облыста әскери-техникалық мектеп бар. Осы мектептің қызметі қандай? Бұл оқу орны кімдерді даярлайды?

— Біздің облыстағы әскери-техникалық мектеп 2013 жылы өз жұмысын бастады. Бұл оқу орны резервтік құрамды даярлайды. Мысалы, мұнда әскерге қандай да бір себеппен бара алмаған жастар, кейінге қалуға құқығы барлар, жоғары білім алып жатқандар, отбасы жағдайына байланысты әскерге бара алмай қалғандар ақылы негізде оқи алады. Себебі бұлардың бәрі — алдағы уақытта әскери немесе мемлекеттік қызметте еңбек еткісі келетін азаматтар. Бұл оқу орны бозбалаларды 24 жастан бастап қабылдайды.  Мектепте 24 жастан бастап әскери борышын өтемеген азаматтар 40 күн дайындықтан өтіп, сертификат алады. Сол сертификат негізінде оларға әскери билет беріледі. Олар 40 күн бойы оқу-жаттығудан өтеді, казармада жатып, әскери өмірдің қыр-сырымен танысады. Сондай-ақ бұл мектепте министрлік тарапынан арнайы бұйрықпен ақысыз оқитындар да бар. Олардың дені — әскери техникалардың жүргізушілері.

Қазіргі жастардың әскери өмірге қызығушылығы, белсенділігі қалай?
— Бұрын кеңес заманында әскерге бармаған, Отан алдындағы борышын өтемеген жігіттерге жұрт, оның ішінде нәзік жандылар басқаша көзқараспен қарайтын. Мәселен, аға буын өкілдерінің көбі кезінде әскерге сұранып баратын. Содан соң ғана мансап қуып, қызметке орналасатын. Қазір заман да, заң да өзгерді. Сондықтан қазіргі жастар арасында өздері сұранып баратындар аз. Дегенмен әскери өмірге қызығушылық танытатындар баршылық. Мысалы, қазір жастардың 60-70 пайызы әскер қатарына ерікті түрде барады. Әрине, шақыру қағазын алғанымен, бізге келуге асықпайтындар да бар.

Оларға белгіленген мерзімде шақыру пунктіне келмегені үшін мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Ал заңға сәйкес әскери борышын өтеуден түбегейлі бас тартқан азаматтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 387-бабына сәйкес 1 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 3 миллион теңге айыппұл төлеуге міндетті.

Қазір Ақтөбе облысында 18-27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам адам бар. Оның ішінде жоғары білім алып жүргендерді есептегенде әскерге шақырылуға тиіс 9 мыңдай жас бар. Міне, біз осылардың ішінен іріктеп, денсаулығы, психикасы жақсы, барлық талапқа сай сарбаздарды таңдап аламыз. Комиссиядан өткенде біз әскерге баратындардың пікірімен санасамыз. Мәселен, бір сарбаз теңіз әскери флотына, енді біреуі Ұлттық ұланға барғысы келуі мүмкін. Егер сарбаз барлық жағынан параметрлерге сай болса, біз оларды өзі таңдаған әскери бөлімге жібереміз.

— «Баланы жастан» демекші, жас ұрпақты патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеу мектептен басталатыны белгілі. Осы орайда сіздер облыстағы орта мектептермен байланыс орнатып, оқушыларға  тәрбиелік іс-шаралар өткізіп тұрасыздар ма?

— Біз облыс және Ақтөбе қаласы бойынша арнайы жоспарға сәйкес, жыл сайын мектеп оқушыларына, оның ішінде алғашқы әскери дайындық пәндерін оқитын 10-11-сынып оқушыларына ашық сабақтар өткіземіз. Атап айтсақ, Ақтөбе гарнизоны бастығының бұйрығымен бекітілген жоспар бойынша әр мектеп оқушыларын Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтына, №6655, №30238 әскери бөлімдеріне апарып, сарбаздардың жатақханасын аралатып, олардың күнделікті өмірімен таныстырамыз. Бөлімдердегі әскери техникаларды көрсетіп, әскерилердің жетістіктерімен бөлісеміз. Түптеп келгенде, бұл шаралар оқушылардың әскери қызметке, әскерге баруға деген қызығушылығын оятып, оларды алға мақсат қоя білуге үйретеді.

Сонымен қатар біз тәжік-ауған соғысы ардагерлерін шақырып, оқушылармен, студенттермен кездесулер өткіземіз. Бұл да жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған тиімді методика. Бүгінгі сарбаз — кешегі оқушы. Сондықтан Отан алдындағы борышты өтеу, оның жауапкершілігін көтеруді кез келген жасқа мектеп қабырғасынан үйретіп, түсіндіру қажет.

— Әділет Әділбекұлы, сіз бұған дейін біраз жыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары болдыңыз. Осы жылдар ішінде облысымыз әскери мерзімді қызметке шақыру науқаны бойынша қандай жетістікке жетті?

— Жалпы, менің әскери салада жүргеніме 16 жыл болды. Білетінім, осы жылдар ішінде біздің облыста көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде жүргізілген жұмыстарда ешқандай олқылықтар болған емес. Керісінше, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасадық. Мысалы, 2018 жылы Ақтөбе облысы еліміздің барлық облыстары арасында әскерге шақыру науқаны бойынша алғашқы орынды иеленді. Одан бергі жылдарда да жақсы көрсеткіш көрсеттік. Әскерге жіберілгендердің барлығы талапқа сай болып шықты. Біздің алдағы мақсатымыз — осындай зор жетістіктерге жетіп, мықты, үлгілі сарбаздар қатарын көбейту, жастарды патриотизмге тәрбиелеу.

 Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button