Білім

Бұлақтыкөлде мектеп ашылды

Байғанин ауданына қарасты Бұлақтыкөл тұрғындары үшін жаңа оқу жылы зор қуанышпен басталды. Ауылда 100 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.

Құны 361 миллион теңгені құрайтын құрылыс 2018 жылы басталған болатын. «Би-М-72» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік еткен білім ордасы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда физика, химия, биология, еңбек, лингофон, ерекше назар аударуды қажет ететін балаларға арналған кабинет, кітапхана, асхана, спортзалы мен оқу сыныптары бар. Жалпы көлемі 1160 шаршы метр болатын мектеп ауласында арнайы газон төселген ойын алаңы да орнатылған.

Жаңа мектептің ашылу салтанаты 1 қыркүйек күні өтті. Шара барысында дәстүрге сай аудандық білім бөлімі басшысы Р.Хайырмұхамбетов мектеп директорына білім кілтін табыстап, алғашқы қоңырау соғылды. Биыл мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларына салтанатты түрде «Әліппе» табыс етілді.

Бұлақтыкөл орта мектебінің ескі ғимаратының іргетасы 1991 жылы қаланған. Аталаған мектеп биылғы оқу жылын 77 оқушы, 30 мұғалім және 15 кіші қызметкермен бастады. Ал мектепалды даярлық тобында — 10, мектепке дейінгі шағын орталықта 20 бала бар.

Арайлым ҚАСЫМ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button