Экономика

Кәсіпорындар үшін 52 тәлімгер дайындалды

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2018 жылы өндірісте білікті тәлімгерлер тапшылығы мәселесін шешу үшін Тәлімгерлік мектебін ұйымдастыруды қолға алған болатын. Аз уақыттың ішінде бұл жоба тиімділігін дәлелдеді, бүгінде ол еліміздің барлық өңірінде табысты іске асып жатыр. Биыл аталған жобаға ақтөбеліктер де қосылды.

Өңірдегі колледждердің әлеуметтік серіктестері – кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері Тәлімгерлік мектебін аяқтап,  тәлімгер атанды. Онлайн-оқытуды «Атамекен» ҰКП мультипликатор-тренерлері Ләззат Шонаева және Елнұр Бекташов өткізді.

— Тәлімгерлік институтының көмегімен жаңа қызметкерлерді өндіріске бейімдеу және оқыту бойынша ұйымдастырушылық міндеттер табысты шешіледі, бұл кәсіпорындардың кадр саясаты іске асырылып, мамандар әлеуетін нығайтуға, өндірісті дамытуға оң әсер етеді. Облыста алғаш рет 52 маман оқып шықты. Олардың барлығы белгіленген үлгідегі сертификатты алып, ұлттық кәсіпкерлерпалатасы жүргізіп жатқан тәлімгерлер тізіміне енді, —  дейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова.

Оқуға өңірдегі 28 кәсіпорынның, оның ішінде 10 ірі және 18 шағын кәсіпорынның қызметкерлеріқатысты. Олардың қатарында «ПО Глобал–Спецодежда» ЖШС, «Ақтөбе сигнал беру және байланыс дистанциясы», «Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясы», «Ақтөбе медициналық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК, «Автоцентр Ақтөбе» ЖШС, «Сарбасов Н.Ж.» ЖК, «Родники–Агро» ЖШС, «Іскер-маман» ЖШС және басқа да кәсіпорын бар.

— Оқып шыққан тәлімгерлер қатарында «ПО Глобал–Спецодежда» серіктестігінің мамандары да бар. Кәсіпорын жанынан ашылған «Үміт» оқу-өндірістік кешенінде студенттер тігіншілік бойынша біліктіліктен өтеді. Бұл оқу орталығы бірден дуальды оқытудың жол картасына кірді, өйткені мұнда жұмыстың60%-ы өндірістік оқыту мен практикаға арналады. Яғни өндірістік практикаға келген студенттермен жұмыс істейтін қызметкерлерді оқыту қажеттілігі болды. Сондықтан «Атамекеннің» қолдауымен осы кәсіпорынның 6 қызметкері тәлімгерлік мектебінде оқып,сертификат алды,— дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Азамат Бұрымбаев.

Тәлімгерлерді оқыту биыл онлайн-форматта жүргізілді.

— Бізге нағыз өндірісті көрмеген, бірақ теориялық білімі бар адамдар келеді.Маманның белгілі бір салаға ынта-шынтасымен кірісуі не жұмысқа мүлдем қызықпауы тікелей тәлімгерге байланысты. Осы күндері біз өндірістегі тәлімгердің міндеттері, құқығы мен мақсаттары несімен ерекшеленеді, тәлімгерді даярлаудың ерекшеліктері қандай, даулы жағдайларда қалай жұмыс істеу керек сынды сұрақтарға жауап алдық. Осындай семинар мен сауатты спикерлер үшін Ұлттық палатаға алғысымыз шексіз. Жас мамандарға біліктілікті үйретіп, тәжірибемен бөлісу маңызды. Өз кәсіпорнымыз үшін алдағы уақытта да мамандарды оқытамыз», — деді «ПО Глобал–Спецодежда» ЖШС басшысы Надежда Шабаева.

Өңірлік кеңестің белсенді мүшесі, мұғалжарлық кәсіпкер Наурызбек Сарбасов та жобаның маңызды екенін айтады. Кәсіпкердің кондитерлік цехында бірнеше жыл бойы аудандық колледж оқушылары тәжірибеден өтіп жүр.

— Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тренерлерінің көмегімен кәсіпкерлер өздерінің тәлімгерлік жұмысында кадр даярлау, жас мамандарды қолдау, оларды еңбекке ынталандыру бойынша кеңестер алды. Біз де Ембі қызмет көрсету саласы колледжімен бірлесіп, алынған материалды ескеріп, нақты жұмыс жоспарынәзірлеуге ниеттіміз, — дейді кәсіпкер.

Дуальды оқыту жүйесін енгізудің жол картасына облыстағы 29 колледж 44 мамандық және 56 біліктілік бойынша қосылған. Бүгінде 2509 студент 276 кәсіпорынмен шарт жасасты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button