Пікір

Зейнетақыдағы артық ақшаны депозитке салуға болады

Мақсат ЗАИТОВ,

«Отбасы банк» АҚ маркетинг департаментінің 1-санатты маманы.

Елімізде тұрғын үй саласы ұдайы жетілдіріліп, жаңа бағдарламалар қабылданып, реформалар үздіксіз жүргізіліп келеді. Мұның барлығының мақсаты біреу — тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы жолдауында тұрғын үй саясатын жетілдіруге қатысты мәселелер тұрақты айтылады. Биыл да біздің салымшылар күткен жақсы жаңалық айтылды. Ол — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегінен асатын жинақты «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру мәселесі. «Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану бойынша бастаманың оң әсерін бұған дейін атап өткен едім. Ол адамдарды жұмыс берушіден төлемді «әділ» беруін талап етуге итермеледі. Бұл тенденцияны қолдау үшін мұнан ары баспана сатып алу үшін «Отбасы банкіндегі» есепшотқа зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аударуға рұқсат беру қажет. Бұл да ақша жинау дағдысын ынталандыруға және оны тиімді жұмсауға мүмкіндік береді», — деді Мемлекет басшысы.

Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын соманы «Отбасы банкіндегі» депозиттеріне салып алдағы уақытта тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қолдану мүмкіндігі тек ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар тиімді де.  Себебі жыл нәтижесі бойынша 20% мемлекеттік сыйлықақы қосылады. Мұны қорда жеткіліктілік шегінен асатын сомасы бар ел тұрғындары көптен күтіп жүрген жаңалық дер едім.

Екіншіден, жолдауда бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетіні айтылды. «Және оның әкімшісі ретінде «Отбасы банкі» белгіленеді», — деді ел Президенті.

Қуаныштысы сол — бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы аясында нарықтық ипотека ставкасы төмендеуі мүмкін. Себебі Президент нарықтық ипотека ставканың әлі де жоғары екендігіне, оның жұрттың бәріне қолжетімді емес екеніне баса маңыз беріп айтты. Жаңа бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы ел тұрғындарына тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік беретініне сенімім мол. «Отбасы банкі» өз кезегінде Ұлттық даму институтына айнала отырып, Президент тапсырмасына сай, «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізуге әзір.

Басқа жаңалықтар

Back to top button