Шертер — домбырадан да көне аспап
Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның доценті, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ерсайын Басықара — халқымыздың ең көне аспаптарының бірі шертерді білім ордаларында мамандық ретінде оқыта бастаған алғашқы дәріскер ұстаз.
Ол 1980 жылы Ақтөбе музыкалық училищесін Төлеген Бейісовтің класынан үздік бітіріп, одан әрі оқуын консерваторияда жалғастырған. Құрманғазы атындағы консерваторияда 1986 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Ерсайын Бақытұлымен әңгімемізді шертер аспабынан бастадық.
— Шертер аспабын оқу жүйесіне 1990 жылдан бастап енгізіпсіз. Сол уақыттан бері осы аспаптың таралуына, насихатталуына көп еңбек сіңірдіңіз. Неліктен «таңдауыңыз» нақ осы шертерге түсті?
— Шертер — ежелден келе жатқан аспап. Зерттеушілер оны домбырадан да бұрын пайда болған деген пікір айтады. Сыртқы түрі қобызға ұқсайды. Көне замандарда бұл аспап қазақ жеріне кең таралғанымен, беріде ұмыт қалған. Жалпы, шертер ғана емес, ХХ ғасыр басындағы аласапыран тұста қазақтың көп мұрасы, көп аспабы жойылып кете жаздағаны белгілі. 1930-жылдардың орта тұсында ұлтымыздың дәстүрлі музыка өнері қайта жанданды, бұған Ахмет Жұбанов көп еңбек сіңірді. Ал одан кейінгі еңсе көтерген тұс — алпысыншы жылдардың аяғы болды. Бұл тұсты қазақ музыка аспаптарының қайта түлеу кезеңі деп атап жүрміз және оны аспаптанушы Болат Сарыбаевтың есімімен байланыстырамыз. Болат ағамыздың «Қазақтың халық аспаптары» монографиясында шертер туралы мағлұматтар бар. Ол кісі қажетті материалдарды, бір жағынан, ел ішінен жинаса, екінші жағынан, шет ел саяхатшыларының жазбаларына да сүйенген. Мысалы, поляк зерттеушісі Бронислав Залецкийдің 1865 жылы Маңғыстау жерінен жазылған суреттемесіндегі үш шекті аспаптан осы шертерді танимыз. Міне, консерваторияның ең алғашқы түлектерінің бірі — Болат ағамыз алпысыншы жылдардың соңында қайта тірілткен қазақтың 20-дан астам аспабының бірі шертер еді. Сол жылдардан бастап ол фольклорлық ансамбльдер, оркестрлер құрамына енгізілгенімен, жеке, өз алдына мамандық ретінде оқу жүйесінде болмады. Тіпті қылқобыздың өзі оқу процесіне алпысыншы жылдардың екінші жартысында енгізілді. Мен консерваторияны домбыра-прима мамандығы бойынша бітірген едім. Консерватория қабырғасында қызметте қалғаннан кейін іздене жүріп, ойландым — шертердің таралуына, өнерімізден мәңгі өшпестей орын алуына ықпал жасауға неге ұмтылмаймыз? Айталық, өзбектер арабтың рубабын, үнділердің кей аспаптарын өз аспаптарындай иемденіп, жастарға оқытып, сіңіріп алды емес пе? Ал біз неге төл мұрамызға немқұрайды қараймыз? Бұл ойыма сол кездегі консерватория ректоры — Дүйсен Қасейінов, онымен бірге Айтқали Жайымов, Тымат Мерғалиев сынды тұлғалар қызу қолдау көрсетті. 1989 жылы Мәскеудегі Гнесиндер атындағы музыкалық-педагогикалық институтқа білім жетілдіру курсына бардым. Сонда шертерді ала барған едім. Сөйтіп ол жақтан да жылы пікірлер жинап қайтудың сәті түсті. Сонымен, жоғарыда айтылғандай, 1990 жылы шертер аспабы мамандық ретінде оқытыла бастады. Шертер аспабын оқытуға бағытталған консерваторияға (1995 жыл), музыкалық колледждерге арналған бағдарламалар (1998 жыл) әзірленді. Шертерге лайықталған шығармаларды нотаға түсірдік. Енді шертермен орындалатын шығармалар жинағы (компакт-диск) жарыққа шығады.
— Шертерге ұқсас аспаптар басқа түркі халықтарында да бар болар?
— Түркі ғана емес, әріректе, мысалы, орыстарда да домра аталатын аспап таралған. Таралғанда тек халық арасында емес, орыс патшалары сарайларындағы жиын-тойларда да бұл аспаптың өзіндік орны болған. Кейіннен, ХVII ғасырдың соңынан бастап орыс патшалары бұл аспапқа тыйым салыпты. Сөйтіп, орыс арасында домра ұмытылып барып, ХІХ ғасырдың аяғында әйгілі Василий Андреевтің ізденістері нәтижесінде қайта қолданысқа енді. Алтайлықтардың — топшур, тувалықтардың — топшулур, каракастардың шарты комуз сынды аспаптары шертерге ұқсас.
— Өнер ұжымдары мен жеке орындаушылар арасында шертер қаншалықты таралып отыр?
— Ең алғаш алпысыншы жылдардың аяғында Болат Сарыбаев жетекшілік ететін фольклорлық-этнографиялық ансамбльге шертер енгізілді. Одан соң бұрынғы Торғай облысында «Ғасырлар пернесі», «Шертер» ансамбльдері, ал сексенінші жылдары «Сазген», «Мұрагер» ансамбльдері шертерді сахнаға алып шықты. Құрманғазы атындағы оркестрге шертер 1990 жылы қосылды. Өз басым «Мұрагер» ансамблі мен Құрманғазы атындағы оркестр құрамында шертермен бұрынғы КСРО республикаларында, Германия, АҚШ, Түркия сынды елдерде болдым. Ал қазір облыстардағы халық аспаптары оркестрлерінде де шертер бар. Бүгінде біз ұлттық аспаптар оркестрлерін шертерсіз елестете алмаймыз, шертер олардың музыкалық палитрасын байытты, жаңа тембр қосты.
Жеке орындаушыларға келсек, 1998 жылдан бастап шертер аспабы түрлі конкурстарға қосылды. Мысалы, бір шәкіртім «Мәңгілік сарын» фестивалінің Гран-при иегері атанды. Шәкірттерім Құрманғазы атындағы республикалық конкурста, халықаралық «Шабыт» фестивалі мен «Асыл мұра» конкурсында жүлделерге ие болып жүр. Өткен жылы шәкіртім Аяулым Жұмкенова екеуміз Қарағанды облыстық халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен үлкен концерт бердік.
Ортеке дәстүрі қайта түлей ме?
— 29 қаңтар күні Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда концерт өткізуді жоспарлап отырсыз. Бұл туған жердегі тұңғыш жеке концертіңіз ғой?
— Иә, әр жылдары Алматыда жеке концерттерімді бердім. Ал Ақтөбеге бұрын түрлі шаралар кезінде келіп, сахнаға шығып жүргеніммен, жеке концертімді бірінші рет бергелі отырмын.
— Ақтөбелік көрермендерге нендей жаңалық ұсынасыз?
— Жаңалық дей ме, демей ме — көрермен өзі шешер, бірақ осы концертіме Ортеке дәстүрін қосып отырмын. Ортеке дәстүрін қазақтың қуыршақ театры өнерінің негізі санасақ та болады. Жалпы, мұндай дәстүр әр халықта болған. Мысалы, италиялықтардың Буратиносы, орыстардың Матрёшкасы бар. Ал Ортеке басқа халықтардың қуыршақ жанрынан ерекшеленеді, мұнда қуыршақ таутеке домбырашының саусағына жіппен байланып, оның биі күй ырғағымен үйлесіп отырады. Бала кезімде мен мұны көріп өстім. Әкем — белгілі күйші Бақыт Басығараев — жұмыстан сәл босаса, қолына домбырасын алатын, сондай кездерде бізге қуыршақ таутекенің биін сан рет тамашалатқан еді. Ортекені «ойнатқан» кезде әкемнің тартатын күйінің атын сұрағанымызда, «Қалмақ күйі» деп жауап беретін. Кейін, тоқсаныншы жылдардың басында, «Азия даусына» Элистадан келген қалмақ қызы ән салғанда, ойламаған жерден нақ сол таныс әуенді естіп, таң қалғаным бар. Айта кетейін, «Көшпенділер» фильмі түсірілгенде, қалмақ ханы ордасындағы көріністер тұсында, менің орындауымда әкемнен үйренген сол «Қалмақ күйінің» шағын ғана үзіндісі пайдаланылды. Ал Ортеке дәстүріне оралсақ, бұл көне жанр үзіліп қала жаздап, енді қайта қолға алынып жатыр. Мен 1935 жылғы «Казахстанская правда» газетінен Науша Бөкейхановтың осы дәстүрде бірнеше мүсінді пайдаланып шығарма орындап отырған жерінен түсірілген суретін таптым. Негізі, бұл дәстүр халық арасында бертінге дейін келген секілді. Өз әкем оны соғыстан кейінгі жылдарда үйренген болса керек деп жорамалдаймын. Осы дәстүрді жаңғырту, дамыту мақсатында соңғы жылдары жасалған үлкен шаралардың бірі — Алматы қалалық мәдениет басқармасы мен Мемлекеттік қуыршақ театры бірлесіп өткізген «Ортеке — 2010» І Халықаралық дәстүрлі қуыршақ өнері фестивалі.
«Дала консерваториясының» соңғы тұяғы…
— Өзіңізбен әңгімелесудің реті келген соң, әрине, Қазанғап күйлерін жалғастырушы, күйші Бақыт Басығараев туралы еске алмай кету мүмкін емес. Кезінде Қаршыға Ахмедияров: «Құрманғазының шығармаларын естіген шетелдіктер «сонда ол қандай консерваторияда оқыған?» — деп сұрайды, мен: «Дала консерваториясында оқыған» — деп жауап беремін» — дейтін еді. Сол айтқандай, Бақыт Басығараев «дала консерваториясының» ең соңғы тұяқтарының бірі болатын…
— Қазанғап — композиторлығымен, өзінің орындаушылық ерекшелігімен жеке бір күй дәстүрін қалыптастырған тұлға. Кезінде ата-бабаларымыз қазақ жерінің бір аймағында қыстаса, жаз жайлауға басқа алыс аймақтарды таңдайтын болған ғой. Қыс бойы бірін-бірі көп көре алмаған жұрт жайлауда жиі араласуға, жиі қауышуға ұмтылған. Жаз кезінде той-томалақ, жиын көбейіп, ел арасындағы әнші, күйші, жыршылар сол жиындардан табылған. Күйшілер бірін-бірі іздеп жүріп, күй тартысқан, бір-бірінен үйренген. Әкемнің айтуынша, жасырақ шағында олар атақты күйші келген үйді іздеп барып, күйді үй сыртында отырып тыңдап, үйреніп алады екен. Компьютерге, ұялы телефонға сеніп алған бізден гөрі ол кез адамдарының есте сақтау қабілеті әлдеқайда мықты болғанға ұқсайды. Әрине, естіген күйді қағып алу үшін де ерекше дарын керек. Халық ондайларды «құйма құлақ» деп те атаған ғой. Міне, сол құйма құлақтығының арқасында домбыра ұстап, аты шыға бастаған әкемді, кейінірек күй өнеріне Қазанғаптың тікелей шәкірттері — Жұмалы Ембергенов, Қадірәлі Ержановтар баулып, батасын берген. Әкем «тіпті үйленіп, тойым өткен күнді де Қадірәліден күй үйренумен өткіздім» деп отырушы еді. Зерттеуші Абдулхамит Райымбергеновтің Қазанғап шәкірттері мен жалғастырушылары жөнінде жасаған сызбасына қарап отырып, Қазанғаптың тікелей екі шәкіртінен үйренген әкемнен басқа күйшіні кездестірмедім. Ауылда қарапайым ғана тірлік еткен ол кісінің Қазанғап мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізуге өлшеусіз үлес қосқанын зерттеушілер айтып жүр, әлі де айтылар. 1962-1963 жылдары Өтеген Спанов есімді жас маман әкемнің орындауында Қазанғап шығармаларын үнтаспаға жазып алған. Сол күйлердің жарыққа шығуын біраз жыл күткен әкем кейін Ахмет Жұбановқа хат жазып, одан жауап алады. Осы жайттың өзі — оның тек күй тартумен шектелмей, Қазанғап мұрасының тағдырына ерекше алаңдағанына да дәлел.
— Есіме түсіп отыр, бірде бір телеарна сізді «Қазанғаптың шөбересі» деп хабарлады?
— Бұл — қате сөз. Әкеме нағашылары жағынан туыс болып келетін Қадірәлі Ержанов та, Жұмалы Ембергенов те Қазанғаптың өзінен үйренген, тікелей шәкірттері екенін жоғарыда айттым. Ал олардан үйренген Бақыт Басығараевты зерттеушілер Қазанғап бабамыздың «немере» шәкірті деп жүр ғой. Журналистер осыны қате түсінген деп қабылдаңыздар. Ал әкемнің әулетінен інім Еділ екеуміз музыка саласында жүрміз. Еділ Астанадағы музыка академиясында істейді.
Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.
***
Ақтөбелік өнер сүйер қауым 29 қаңтар күні Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның доценті, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ерсайын Басықараның жеке концертін тамшалай алады. Концерт Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өтеді. Концертке халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Еділ Басығараев, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі қатысады.



