Пікір

Қазақ тілін үйрену — отанды сүю

Роман РАХИЕВ,

денсаулық сақтау саласының ардагері,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы

Елдің, жердің тағдырына алаңдайтын әр адам Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын зер салып тыңдап, ой түйетіні анық. Мен де әр Жолдауды мұқият тыңдаймын. Биылғы Жолдау егемендіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Жолдауында ел көкейінде жүрген көптеген мәселелерге тоқталды, олардың шешімін айтты.

Мен өзімді толғандыратын мәселелерге қатысты пікірімді жеткізсем деймін. Біріншіден, қазір — пандемияның уақыты. Адам үшін ең қымбаты — денсаулық. Бүкіл әлемге тараған індеттің беті қайтар емес. Мұндай жағдайда екпе алу өте қажет. Алайда қазір вакцинаға қарсы пікірлер де таралып жатыр. Президент өз Жолдауында халықтың сол теріс пікірлердің жетегінде кетпеуі керектігін баса айтты. «Адамзат көптеген індетті басынан өткізген. Вакцина пайда болғаннан кейін ғана, қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын ұмытпауымыз керек», — деді. Дәрігер ретінде мен бұл пікірді қуаттаймын. Рас, вакцина салдырған адам да вирус жұқтыруы мүмкін. Оның себебі — түрлі жаңа штамдардың шығып жатқанында. Бірақ екпе жасатқан адам ауырған күнде де, оның дерті жеңіл өтеді, ауыр асқынулар болмайды.

Екіншіден, бәріміз де — ауылдың перзентіміз. Ауыл — біздің алтын бесігіміз. Ауылдың тағдырына алаңдамай отыра алмаймыз. Жолдауда ауыл шаруашылығындағы бүгінгі түйткілді мәселелер өте орынды қозғалды. Жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін көбейту, жайылымдық жерді тиімді пайдалану керектігі айтылды. Мал жаятын жерге қолы жетпей жүрген шаруаның мұңы қозғалды. Мұны шешу әкімдерге тапсырылды. Енді осы мәселелер шешімін табады деп үміттенемін.

Үшіншіден, тіл мәселесі де — көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелердің бірі. Елімізде мемлекеттік тіл — біреу. Ол — қазақ тілі. Қазақ тілін үйрену — отаншылдықтың басты белгісі деп атап көрсетілді. Сонымен қатар бұл мәселеде үлкен парасаттылық керектігін ұмытпауға тиіспіз. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара — әлемдегі ең ұзын шекара. Сондықтан бұл мәселеде бізден үлкен жауапкершілік талап етіледі. Бұл — елімізді мекендеп отырған барлық ұлтқа ортақ жауапкершілік. Қазақтар үшін бұл — кешегі тәуелсіздік жолында бел шешпей күрескен ата-бабалар алдындағы, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парыз.

Президент өз Жолдауында: «Егемендік дегеніміз — жалаң ұран мен жалынды сөз емес», — деп атап өтті. Егемендікті нығайту жолында ең алдымен бірлігімізді бекемдеу керектігін естен шығармасақ деймін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button