Әдебиет

Көркем мінезді ағам-ай…

Қыркүйектің 6-сында белгілі қаламгер Қуаныш Ахметовтің туғанына 75 жыл толады

Кіндік қаны «ақ құмың – аққу мамық, ақ өзен құмға сіңген, қай таңды атқызбадық, жағаңда сырласумен» деп өзі жырға қосқан Ырғызда тамып, осында балалық шағын өткізіп, Алатау аясындағы әсем Алматы мен орыстың ұлы зиялыларының бесігі болған Санкт-Петербургте білім алған, ал қалған саналы ғұмырын Жезқазғанның жезді даласында кен қазып, жыр жазып, Ұлытаудай ұлы өңірдің шежіресін түгендеуге арнаған Қуаныш Ахметов те солардың қатарындағы тұлғалардың бірі еді.

Әркім де мынау жарық дүниеде тірлік кешкеннен кейін жақсы өмір сүруді, қоршаған ортада өзіне лайық орнын алуды, қоғамға мүмкіндігінше пайдасын тигізуді мақсат етеді. Дегенмен осы игілікті мақсатқа біреу жетеді, біреу жетпей жатады. Жеткендерінің жолы да әрқилы болуы заңды. Оған себеп адамға атаның қанымен, ананың сүтімен сіңетін қабілеті мен санасы, мектепте алған білімі, жүрген ортасынан көрген өнегесі, өмірден түйген түйсігі. Қуаныш Ахметовті өзгелерден оқшау көрсететін де осындай қасиеттердің жиынтығынан құралған бекзат болмысы болатын.

Құтикөлден Ленинградқа

Қуаныштың әкесі Ахмет атамыз бен Қамажай әжеміздің төрт ұл, бір қызы болды. Басқа балалары өмірден ерте өткен. Үлкені Тастан — кооперация, Қосан — ауыл шаруашылығы, Қуандық электр саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Жалғыз қыз  Күләш ұстаздықтан зейнеткерлікке шықты. Ахмет ақсақал Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан, бірнеше жауынгерлік орден-медальмен наградталған ардагер. Бұл кісі көп сөзге жоқ, тыңдаушысын талғап сөйлесетін, тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын, жақсы көрген адамына жаны қалмайтын, ұнатпайтын адамының сәлемін алмайтын, осындай ерекше мінездерімен жұрт қадіріне бөленген, жасы кішілер алдында ығысып жүретін, ірі денелі, қайратты кісі еді. Ал Қамажай әже қарапайым қалпынан қазақ әйелдеріне тән ибалылық сезіліп тұратын кемел ақыл иесі, ұрпағын мейіріміне бөлеп өсірген абзал жан болды.

Қуаныш 1946 жылы қыркүйек айының 6-сы күні бұрынғы Коминтерн, қазіргі Құтикөл аулында дүние есігін ашқан, Тәңір сыйлаған ақындық таланты мектеп қабырғасында жүргенде көрінген. 1959 жылы 12 жасында алғашқы өлеңі сол кездегі республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған. Ағамыздың мектепте оқыған жылдары қазақ жастарының жоғары білім алу жолындағы қозғалысы серпін алған кез еді, мұндай құштарлық ырғыздық жастарға да тән болды. 1949-1955 жылдар арасында бір ғана Алматының өзінде 152 ырғыздық қыз-жігіт оқыды. Олардың ізін республикамызда ғана емес, сол кездегі ортақ Отанымыз СССР-дің ірі қалаларында оқыған жаңа толқын жастар жалғастырды. Сейілхан Оразымбетов ағамыз «Ырғыз» атты еңбегінде сол жастар туралы «Ырғыздық ағайынды Қуаныш пен Қуандық Ахметовтер Ленинградтың политехникалық институтын, Т.Досалин осы қаладағы финанс-кредит институтын, Мұхтар Әбдібаев Москваның Бауман атындағы жоғарғы техникалық училищесін, Амангелді Балданов Дондағы Ростовтың политехникалық институтын, Медет Бекниязов Донецкінің сауда институтын, Жамбыл Жәңгіров Риганың Ауылшаруашылық академиясын, Қуандықбаев Қани Ленинградтың жоғары әскери училищесін, Қани Қаражанов Томск политехникалық институтын бітіріп, халық шаруашылығының сан салаларына араласты» деп мақтанышпен жазды. Бұлардың барлығы Ырғыздағы іргетасын ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин қалаған қазақ мектебінің түлектері болатын.

Құтикөлде бұрқыраған шаңдағы,

Өскен бала елін еркін шарлады.

Бір оқуды Алматыда тәмамдап,

Екіншісін Ленинградта жалғады, — деп өзі жырлағандай, алдымен 1965 жылы Алматы индустриялық техникумын, одан кейін 1973 жылы Ленинград политехникалық институтын бітіргеннен кейінгі Қуаныш Ахметовтің бүкіл еңбек жолы, саналы ғұмыры Жезқазған кен-металлургия комбинатында өтті. Осында қарапайым инженер-механиктіктен шахта бастығы, трестің бас механигіне дейінгі өсу жолдары қалды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары зейнеткерлікке шыққан Қуекең республикалық «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Заң» газеті, «Қазақ әдебиеті» басылымдарының Орталық Қазақстан және Астана қалалары бойынша тілшісі болды. Тәуелсіздіктің елің мен жеріңнің өткені, ұмытылып бара жатқан тұлғалары туралы ізденуге, кеңінен толғауға, шабыттана қалам тербеуге мүмкіндік бергені Қуекеңнің де екінші тынысын ашты. Бірыңғай шығармашылыққа бет бұрған Қуаныш аға Орынбор мен Омбының ғана емес, сонымен бірге Москваның, Санкт-Петербургтің, Киевтің, Харьковтің архивтерінің шаңын шығарып, сан жылдар бойы адам қолы тимеген сарғайған парақтардан халқымызға, оның көрнекті тұлғаларына қатысты тың деректер тапты.

Гумилевтің шәкірті

Қуаныш  Ахметовтің Ресейде сегіз жылдай тұрған кезіндегі ең бақытты сәттері орыстың ұлы оқымысты тарихшысы, түркілер тарихының үлкен білгірі Лев Гумилевтің лекцияларын тыңдауы еді. Бұл туралы журналист Светлана Гаврилова 1999 жылы «Подробности» газетінде: «Учитель — Лев Гумилев, ученик — Куаныш Ахметов. Азиату Ахметову, в чьих жилах течет кровь тех, о ком его новая книга, посчастливилось прослушать исторические лекции Гумилева и сдавать ему экзамены по историй», — деп жазды. Қуекеңнің тарих тылсымдарына құмартуы, әбден кемеліне келген шақта ұлтының жоғын түгендеуге бел буып, білек сыбанып кіріскені мүмкін сол бір ұлы оқымыстының алдын көргенінен болар. Елге келген кездеріндегі әңгімелерде өзі де Гумилевті, оның анасы Анна Ахматованы жиі аузына алып отыратын.

Осынау ұлан-ғайыр еңбек пен тынымсыз зерттеудің бір нәтижесі «Ұлы даланың Ұлытауы» атты қос томдығы еді. Ұлытаудың алтын діңгектері секілді Кетбұғы, Бағаналы Барлыбай хан, Ер Сандыбай, Бабыр Бөкеншіұлы, Ер Жәнібек, Бидаш би, Есенбек батырлардың тарих тұңғиығында жатқан еңбектері мен ерліктері Ахметов қаламы арқылы халқымен қауышты. Халқына Жерұйық іздеген Асанқайғының  тіршілігінде тартысып өткен Едіге мен Тоқтамыс ханның да бейіті Ұлытауда жатыр. Сондай-ақ Ұлытау тарихының әр парағы Ақсақ Темір, Жошы хан, оның үлкен ұлы Орда Ежен, Кенесары, Қаз дауысты Қазыбек, Шоқан, Сәкен, Қаныш туралы сөйлейді. «Ұлы даланың Ұлытауы», одан кейінгі «Менің Қазақстаным» сериясының беташары болған «Ұлытау» энциклопедиясы Қуаныш Ахметовтің зерттеушілік зердесінің байыптылығын, білімінің тереңдігін көрсететін еңбектер екендігін кезінде республикалық басылымдарда ғалымдар мен жазушылар жоғары бағалады. Олардың арасында атақты академиктер Төрегелді Шарманов, Рымғали Нұрғали, Хангелді Әбжанов, филология ғылымының докторлары, профессорлар, жазушы-ақындар Кәкімбек Салықов, Ақселеу Сейдімбек, Дихан Қамзабекұлы, Тұрсын Жұртбай, Серік Тұрғынбекұлы секілді ұлтымыздың танымал зиялылары Қуаныштың еңбегін мойындап қана қоймай, оған тарих ғылымына қосылған үлкен қазына, кең құлашты терең дүние деңгейінде баға берді.

Мысалы, Т.Шарманов «Ұлы даламның кіндігі — Ұлытауымның қасиетті тарихынан бастау алатынын ұғындырып, ұлттық рухын көтеретін, жан-жүрегіңді туған жерге деген мөлдір махаббатқа, шынайы сезімге бөлейтін, мәні мен маңызына баға жетпес еңбек» деп баға берсе, А.Сейдімбек «Қуаныш секілді ұлт ұланы үшін қазақ жерінің кез келген пұшпағы — туған ананың аялы алақанындай. Әдебиетімізге Ырғыз бен Қобданың, Торғай мен Кеңгірдің сұлу сыңғырын, байсалды болмысын алып келген Қуаныш Ахметов кемел жасында Ұлытау-Жезқазған өңірінің телегей теңіздей тарихын баяндайтын күрделі еңбекті дүниеге әкелді» деп жазды.  Ал жоғарыда өзіміз үзінді келтірген С. Гаврилова өз мақаласын «Когда Ахметов стал систематизировать материал, он понял, что добытых сведений хватит не на одну книгу. А издание было моментально замечено. Рецензенты – то кто! Вице- президент Академии Наук РК А.Абдуллин и президент Академии образования РК А.Сейдимбеков. Книга уже зарегистрирована в международном каталоге. То есть ее смогут прочесть в Риме, Париже, Токио, Вашингтоне, других центрах мира» деп түйіндейді.

Ертеректе республика Ғылым Академиясының Президенті Өмірзақ Сұлтанғазин ұлтымыздың ұлы перзенті Қаныш туралы «Қалың қазақ отырып, бір қазақтың қайратын көрсете алмай келеміз» деген екен. Сол секілді Қуаныш Ахметовтің еңбектерін оқып, ол туралы пікірлерге зер салғанда «Қайран Қуаныш ағамыз бір институттың жұмысын бір өзі атқарған екен-ау» деген ой келеді.

Қуекең өзінің жанкешті зерттеулері арқылы қазақтың ең соңғы әрі ең қасіретті ханы Кенесары, оның әйелі Күнімжан ханым, Атбасар дуанының сұлтаны Ерден Сандыбайұлы, жазушы Сабыр Шарипов туралы әдеби және ғылыми еңбектерде, атап айтқанда, І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, профессор Жанұзақ Қасымбаевтың, басқа да бірқатар танымал өлкетанушылардың мақалаларындағы жаңсақтықтарды нақты архивтік құжаттармен көрсетіп берді. Сонымен бірге Кенесарының хан көтерілген жері Ырғыз өңірі екенін дәлелдеп, мазмұнға бай мақала жазды. Жалпы, Қуекең Ұлытау туралы, не басқа тарихи мақалаларында оған шектесіп жатқан, өзі туып-өскен Ырғызға қатысты деректерді де келтіріп отырады. Мысалы, Кенесары туралы мақаласында «Көтерілістің ірі ошақтарының бірі болған Ырғыз өңірінде Кенесарыға тікелей қатысы жер атаулары өте көп», дей келіп ,«Орда қонған», «Кілемжайған», «Төретүскен» деген атауларды келтіріп, Кенесарыны ақ киізге отырғызып, ежелгі салтымызбен хан көтеру рәсімі осы аттарының өзінен салтанат сарыны есік тұрған мекендердің бірінде өткендігі ақиқат деген түйін жасайды.

«Орел степной, казак лихой» атты жинақ «Дүниежүзілік поэзия кітапханасы» сериясымен 1998 жылы Мәскеуде дайындалып, 50000 данамен Парижде басылып шыққан.  Оған казактардың жүздеген жылдар бойғы ауыз әдебиеті үлгілері енген. Жинақтың алғы сөзін  Ресей Үкіметінің Премьер-Министрі болған В.Черномырдин жазған. Осы кітапта Кенесары көтерілісіне қатысты казактардың екі әнінің тексті беріліпті. Соларды Қуаныш ағамыз еркін аударып щыққан бірінде мынадай жолдар бар:

Бүгін түнде болмасын барлығыңда бір тыным,

Ұмытыңдар бір күнге не екенін ұйқының.

Ат әбзелін тексеріп, жама киім жыртығын,

Тұрсын лыпып қылышың, сақадай сай мылтығың.

Ырғыз бойлап таңертең аттанамыз тосыннан,

Көрсін енді құтылып Кенесары басұрман.

Ал екінші ән тексті Орынбор казак әскерінің жүзбасы Рогожниковтың Кенесары сарбаздарының қолынан қаза тапқаны туралы. Яғни казактардың бұл екі әні де Ырғыз даласында туғаны көрініп тұр.

Қуаныш ағамыздың әр тарихи мақаласынан бұрын естілмеген тосын деректерді мол кездестіруге болады. Мысалы, В.Татищевтің «Владимир Мономах решил женить своих сыновей на половецких княжнах» деген сөзіне және орыстың ұлы тарихшылары М.Каратеев пен С.Соловьевтің еңбектеріне сүйене отырып, Юрий Долгорукий мен оның  Большое Гнездо деген есіммен танымал ұлы Всеволод Юрьевичтің әйелдері қыпшақ қыздары болғандығын, демек, олардан тараған орыстың ұлы қолбасшысы Александр Невскийдің қазақтың жиені екендігін дәлелдеуі сондай тосын жаңалық еді.

Қуекеңнің журналистік еңбегі, әсіресе «Халық кеңесі» газетінің Жезқазған облысы бойынша меншікті тілшісі болған кездегі мақалалары жеке сөз етуге тұрарлық. Сол жылдары Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры Урумовтың, осы облыстың партия комитетінің бірінші секретары Давыдовтың кеншілерге көрсеткен өркөкіректігі мен шовинистік пиғылдарын аяусыз әшкереледі.

Жыр жазу мен кен қазу

Қуекең әдеби ортада алдымен журналист, зерттеуші-тарихшы ретінде емес, ақын ретінде танылды. Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы өлеңі 12-13 жасында республикалық оқушылар газетінде жарияланды. Одан кейін де жыр жазуын тоқтатқан емес, бірақ сирек жазған сияқты. Мұнысы өлең сөздің киесі барлығын ұққандықтан, бағалағандықтан болар. Өзінің кеңшілігі мен ақындығын:

Бір жүректе тоғысқанда қос арна,

Кез туады шаттанар да, сасар да.

Бір тұлпарым болдырғанмен бірақ-та

Бір тұлпарым тұрғандай-ақ қосарда, — деп жырлады.

Ақын Қуаныш Ахметов туралы А.Сейдімбек пен С.Тұрғынбеков былай деп жазды: «…танымы мен пайымы биік оқырман анық ақынды өлметөс өлеңшіден қашан болсын айыра алады, өйткені ол үшін ақын рухы мен жан-жүрегі жырымен жымдасқан, жан, діл, сезім, сана дүниесінің іргетасын өруші, қабырғасын қалаушы.

Осы қатаң өлшемнің биігінен қарағанда Өлең де, Ақын да азая бастағандай. Біздер Қуаныш Ахметовті осы аздардың ішінен көріп келеміз. Оның өлеңдерінен ұлтжанды адамның ұшқыр да ұтқыр ойына тәнті болып, алаш азаматының арда мінезін сезінуге болады».

Ал, біздің ойымызша, Қуаныш аға поэзиясының негізгі алтын арқауы туған өлкесі Ақтөбе, туған жері Ырғыз еді.

Тау төбеге ұсамас,

Сүйгеннен соң «ақ» деген.

Ұлың келді, құшақ аш,

Айналайын, Ақтөбем, — деп шабыты шалқитын.

Жыл сайын Жезқазған, не Астанадан елге Қостанай, Арқалық арқылы келе жатып:

Торғайдың жерін тауыстық,

Құшағын ашып жатты Ырғыз.

Сағынып, міне, қауыштық,

Аңсарым болған тәтті Ырғыз, —  деп, енесіне асыққан ботадай еміренер еді. Содан кейін ақ құмын аққу мамыққа теңеген ақын:

Өмірдің жолы қиырда талай жүргізбек,

Сағынған әбден шақтарда ғана жүрміз кеп.

Басқалар айтса, жырақта жатқан Ырғыз деп,

Өз ұлдарыңа жарқырап тұрсың жұлдыз боп, — деп кеудесін мақтаныш сезімге толтыратын.

Қалам ұстаған қауымның, оның ішінде ақын-жазушылардың, архив ақтарған зерттеушілердің еңбектері көлемінің молдығымен емес, яғни санымен емес, сапасымен, құндылығымен  бағаланатындығын уақыт-сыншы әлдеқашан дәлелдеген. Қуаныш ағамыздың еңбектері де кітап сөрелерін толтыратындай көп емес болуы мүмкін, артында «Қарлығаш», «Жетіген», «Қос арна», «Көзайым» атты жыр жинақтары, «Ұлы даланың Ұлытауы» атты қос томдығы, «Замана заңғарынан. С Вершины времени» (екі тілде), «Кенесары хан Ұлытау өңірінде» атты тарихи танымдық, зерттеу, публицистикалық кітаптары қалды. Тәуелсіздік жылдарында қайтадан әзірленіп, басылған «Қазақстан» энциклопедиясына 40-тан астам мақалалары енді. Аударма саласындағы еңбектері де бір төбе:  Ол Ветнам халқының ұлы көсемі Хо Ши Миннің, қытайдың ұлы ақыны Бо Цзюй-идің (772-846 ж.ж), б.э.д. ІІ ғасырдағы үйсін патшасына ұзатылған қытай ханшасы Сюй-Гуннің, ағылшын поэзиясының классигі Дж. Байронның, орыс поэзиясының «алтын дәуірінің» белгілі өкілдері Рылеев, Кюхельбекер, Одоевский, Ершовтардың, одан бергідегі Забелин мен Евтушенконың, Чарльз Маккейдің өлеңдерін, неміс жазушысы Вилли Майнктің «Марко Полоның таңғажайып сапары», орыс қаламгері О.Г.Чистовскийдің Жезқазған өңірі туралы жазылған «Жапан дала жан-жағың…» деректі хикаяларын ана тілімізге тамылжытып, жарқыратып аударды. Ағамыздың ең соңғы еңбегі 2006 жылы қыркүйек айында өзі 60 жасқа толған күндердің бірінде соңғы нүктесін қойып, сол жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан басылып шыққан «Менің Қазақстаным» сериясының алғашқы қарылғашы болған, әсем безендірілген 350 беттік «Ұлытау» энциклопедиясы еді. Келер жылы жазда туған елге келгенінде  енді дәл осындай «Ырғыз» энциклопедиясына кірісу ниеті барлығын айтып, бізге бірқатар өтініш-тапсырмаларын берген-ді. Сол жолы ауданымыздың қадірлі ақсақалдарының бірі Атабар аға Есімбаевпен бірге қыр жағына, Әйтеке би ауданына барып, ондағы тарихи, атаулы орындарды көріп, материал жинап қайтқан-ды. Бірақ осы бір үлкен мақсатын орындай алмады, жақсыларға келгенде тарыла қалатын мейірімсіз ажал орындаттырмады.

Көркем мінезді еді

Анығы сол — Қуаныш Ахметовтің екінші ғұмыры — мәңгілік ғұмыры басталып кетті. Ағамыздың жырлары, зерттеу еңбектері бүгінгі және келер буын үшін рухани қазына болары сөзсіз. Қазақтың өнері мен мәдениетіне Жүргеновтен кейін өлшеусіз еңбек сіңірген Ілияс Омаров туралы Ғабең-Ғабит Мүсірепов былай деген екен: «Тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай, азамат арына — адамгершілікке, әділетке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Ілиястай-ақ болар… Үлкендердің қатарында кіші емес, кішілердің қатарында үлкен емес, бір  ғажап жан еді-ау». Сөз зергерінің жақсының жақсылығын айта білудің әсем үлгісіндей осы бір пікірі менің ойыма бірден Қуаныш ағаны түсіреді, Қуекеңе де арналып айтылғандай көрінеді, өйткені ағамыздың бүкіл болмыс-бітімі тазалықпен ғана өрнектелген еді. Сол тазалыққа кір жұқтырған емес, ілкіде бір жағымсыздау нәрсе айтыла бастаса, өзінің дағдылы «жә, жарайды» деген сөзімен әңгімені ғибратты арнаға қарай бұрып жіберер еді. Осы бір ерекше көркем мінезді жанның публицистикалық-тарихи мақалалары да біліммен бедерленіп, жырлары сезіммен сәулеленіп тұратын.

Көзі тірісінде ақындық, журналистік, өлкетанушылық еңбектері лайықты бағаланды да. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының С.Ерубаев атындағы сыйлығының лауреаты атанды. «Түркістанға – 1500 жыл» айдарымен ЮНЕСКО бағдарламасы бойынша өткен халықаралық әдеби конкурстың жүлдегері,  Кенесары хан атындағы республикалық сыйлықтың иегері. Ұлытау және Ырғыз аудандарының «Құрметті азаматы».

Қазақта «мүшел жас – қауіпті жас» деген ұғым бар. Халық текке айтпайды, осында бір заңдылық сияқты бар көрінеді. 2008 жылы ақпан айында Қуаныш ағамыздың қаламы қолынан осындай жаста түсті. Өзі туып-өскен, өлмес жырларының алтын арқауы болған Ырғызының тарихын түгендеуге бүкіл ықылас-ниетімен кіріскен кезі еді… Нағыз кемел шағында тұр еді… Сүйегі Астанадан әкелініп, Ырғыздың талай жақсылары мен жайсаңдары мәңгілік дамыл тапқан «Зират» аталып кеткен қорымға, әкесі мен шешесінің жанына жерленді.

Қайтыс боларынан үш-төрт күн ғана бұрын Астанадан маған телефон шалған-ды. (Жалпы, Қуекең жасым үлкен, атағым бар демей, кез келген уақытта, әсіресе мерекелерде өзінен он жастай кішілігіме қарамай, телефон қоңыраулата беретін, сондайда мен «аға, өзім телефон шалатын едім ғой» десем, өзінің үйреншікті «ә, жарайды, ештеңе емес» дер еді). Сонда сталиндік репрессияға ұшыраған ырғыздықтар туралы кітабы дайын болғандығын, жуырда Алматыға жүретіндігін айтқан. Арада бірер күн өткенде қаралы хабар жетті. Мен Алматыдағы көңілі жақын әріптесі, жерлес ағасы  Үмбетбай Уайдинге, Ақтөбедегі сыйлас апасы Рысжан Ілиясоваға хабарладым. Екеуі де: «Рахымжан, сен басқа бір Қуанышпен шатастырып қателесіп тұрған шығарсың, ол бір-екі күндікте ғана телефон шалып сөйлесті, ауырып жүргені жөнінде ештеңе айтқан жоқ», — деп сенбеді. Соңынан естідік, сол күндері басқа да екі-үш адаммен сөйлесіпті. Әлденені сезіп, біреулеріне өзі еркелейтін, екіншілерін өзі еркелететін жақын жандарымен қоштасқаны ма екен, кім білсін?! Сол жылы жазда елге келгенде маған бір суретін артына мынадай жалғыз шумақ жазып сыйлаған:

Маңымнан таппай қап сендерді,

Сағынып кетемін кейде елді.

Еске алып жүрсін деп ұсындым,

Ойланып отырған бейнемді.

Жыл сайын келіп тұратын ауылға. Келген сайын «қалайсың, бауырым?» деп, кең құшағына басатын. «Еске алып жүрсін» деп жазғаны несі екен деп ойлаймын кейін. Ақын жүрек өмірінің көмбесі жақын қалғанын сол кезде-ақ сезді ме екен әлде?

Арада бес жыл өткенде мейірімсіз ажал өзінің қатыгездігін тағы көрсетті. Қуаныштың тетелес інісі, облыс энергетикасына үлкен еңбек сіңірген азамат, ҚР-ның құрметті энергетигі Қуандық та Пайғамбар жасында өмірден өтіп, бауырының қасынан мәңгілік орын алды.

Құран мен Пайғамбардың хадистерінде «көркем мінез» деген ұғым бар екен. Шынайы табиғаты таза, ішкі дүниесі пәк, бойынан әрдайым ізгілік пен жақсылықтың нұрлы сәулелері шашырап жүретін, өзгеге қылдай қиянаты жоқ жандарды «көркем мінезді кісі» десе керек. Қуаныш ағамыз талантты қаламгер ғана емес, нақ сондай көркіне көз, сөзіне көңіл тоятын азамат еді.

                                                                                                                  Рахымжан  ӨТЕМІС,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button