Ауыл

Қарбыз еккен ветеринар

Қаладан келе жатқанда Қобдаға кіреберісте жайқалған бақшаны көз шалады. Арамшөптен ада, жіппен тізгендей түзу егілген бақшадағы өнімнің мол екені алыстан байқалады. Бұл — аудандағы «Агросити» серіктестігінің бақшасы.
Жердің қыр-сырына қанық қобдалық азаматтардың бірі, «Агросити» серіктестігінің жетекшісі Тимур Кульметеновтің ісі көпке үлгі. Ауылда өсіп-өнгеннен болар, ауыл шаруашылығы өнімдерін еккенде «Тимур ексін» дейсің. Маңдай тер, қажырлы қайратпен несібе беретін істі ұйымдастырып отырған Тимурдың негізгі мамандығы — ветеринар. Биыл 10 гектар жер алып, бау-бақша еккен Тимур өзінің тиімділігін дәлелдеген тамшылатып суару әдісін енгізуді жөн көрген. Онысы зая кетпеді, мол өнім алды. Ендігі жоспары — сол өнімді шашау шығармай жинап, саудаға шығару, сақтаудың көзін қарастыру. Қазір піскен қарбыздарын жинап, сатуды бастады. «Елде болса ерінге тиеді» демекші, осындай еңбекпен құрметке бөленген дихандарымыздың ісі халыққа да пайдалы әрі ауданның көрсеткіштерін арттырады. Аудан орталығындағы «Qalyk sauda» орталық жәрмеңкесінде қияр, қарбыз секілді өнімдер орташа бағада сатылып жатыр.
Айта кетейік, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, аудандағы суармалы бақша көлемі биыл 124 гектарға жеткен. Алғашқы өнімдері де көңіл көншітеді, өзіміздің ауданда ғана емес, өзге аймаққа да сатуға мүмкіндік мол.

Б.АБЫЛАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button