Тәуелсіздік — 30

Ауылым — алтын бесігім

Тәуелсіздік тарихында 2003 жылдың алатын орны ерекше. 2003-2005 жылдар елімізде Ауылды қолдау жылы болып жарияланды.

Кеңес елі ыдырап, бұрынғы жүйенің, бұрынғы экономикалық байланыстардың күйреуінен қазақтың ауылы көп зардап шекті. Бұрынғы шаруашылықтар тарады, ал олардың мал-мүлкі істі жүргізудің «жаңа» тәсілдері, бартер әдісі, т.б. сылтаулармен қайта құрудың, одан кейінгі жекешелендірудің кезінде талан-таражға түсті. Ауыл халқы екі қолға бір күрек таппай қалды. Ағылып қалаға көшті. Осындай жағдайда ауылда жаңа шаруашылықтар құру, газ, жарық, су апару, мектептер мен емдеу орындарын салу бағытындағы істер, бір сөзбен айтқанда, ауылға бетбұрыс осы Ауылды қолдау жылынан басталды. Бұл іске аяғынан тік тұрған кәсіпкерлер де тартылды.

2003 жылы елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі өтті. Бұл өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасында келіссөздер орнату, ынтымақтастық пен келісімді нығайту жолындағы батыл бастама, батыл қадам еді.

Осы 2003 жылдан бастап еліміздегі отбасыларға дүниеге келген әр сәбиге бір реттік жәрдемақылар беріле бастады. 2002 жылға дейін Қазақстанда демографиялық құлдырау жүрді. Миллиондаған өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына көшіп жатты. Соның салдарынан 1991-2001 жылдар аралығында елімізде халықтың саны 16,8 миллионнан 14,8 миллионға дейін кеміді. Тек 2003 жылы ғана елімізде демографиялық құлдырау тоқтап, көрсеткіштер баяулап болса да, жоғары көтеріле бастады. Сонымен қоса халықтың жалпы санындағы қазақтың үлесі де көбейе бастады. Осы тұста халықты демографиялық және әлеуметтік қолдау мақсатымен дүниеге әр сәбидің келуіне байланысты жәрдемақы төлеу қолға алынды.

Әйтеке би стансасы

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан-ақ елімізде көлік инфрақұрылымын дамытуға баса мән берілді. Өйткені кеңестік кезеңде барлық жолдар Ресейге қарай, яғни бір ғана мақсатпен — жеріміздің байлығын солай қарай тасу мақсатымен салынды. Ал Қазақстанның аймақтарын бір-бірімен байланыстыратын жолдар болмады. Сондықтан, ең алдымен, аймақтарды бір-бірімен жалғастыратын теміржолдар салуға мән берілді. Тәуелсіздік жылдарында салынған алғашқы теміржол — Ақсу-Дегелең теміржолы 2001 жылы, яғни Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілді. Осыдан соң дереу еліміздің солтүстігі мен батысын жалғайтын Хромтау-Алтынсарин теміржолының құрылысы қолға алынды. Бұл Батыс облыстардың ел астанасымен қатынасын жеңілдету, сондай-ақ солтүстіктегі астық өндірушілердің өз өнімдерін Каспий теңізіне жеткізуі үшін өте маңызды еді. Хромтау-Алтынсарин теміржолының құрылысы 2,5 жылға созылып, 2004 жылы аяқталды.

Ал 2003 жылдың 17 қазанында осы теміржол бойындағы Әйтеке би ауданының орталығы — Комсомол селосына (қазір Темірбек Жүргеновтің атында) алғаш рет пойыз келді. Сөйтіп, Хромтау-Алтынсарин теміржолының 163-шақырымында жаңа станса пайда болды.

2002 қыркүйек айынан басталған теміржол құрылысын 2003 жылдың қазан айында Әйтеке би ауданының орталығына дейін жеткізу үшін 6 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Ауданға теміржолдың келуін әйтекебиліктер үлкен мереке ретінде қабылдап, соған сай салтанатпен атап өтті.

Мөңке биге ескерткіш қойылды

«…Түрлі-түрлі халық болады,

Күндіз-түні жарық болады.

Дүниенің жүзіне

Өре мен темірден жол тартылады…

Адам ақысыз жұмыс істемейді,

Дүниені түрлеп кестелейді» — деп бүгінгі заманды болжап кеткен данышпан Мөңке би бабамыздың Ақтөбе қаласында ескерткіші бар.

Ұлы ойшыл, дала философы Мөңке би Тілеуұлы 1675-1756 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Бүгінде оның тікелей ұрпақтарының бір бөлігі Ақтөбе жерінде өмір сүреді.

Мөңке би ескерткіші 2003 жылдың 3 қазанында салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш қаланың көрнекті жері Әбілқайыр хан даңғылы мен 101-атқыштар бригадасы көшесінің қиылысына қойылды. Оның тұғырымен қоса есептегендегі биіктігі — 5 метр, тұлға — 1,5 метр. Ескерткіштің авторы — елімізге белгілі мүсінші Құрақбай Егізбай.

Галиб көзіне жас алған күн

2003 жылы өңіріміздің мерейін асырған қуанышты оқиғалардың бірі — боксшы Галиб Жафаровтың әлем чемпионы атануы еді. Ол — бокстан біздің өңірден шыққан алғашқы әрі әзірге жалғыз әлем чемпионы.

2003 жылғы бокстан әлем чемпионаты 6-13 шілде аралығында Тайланд астанасы Бангкокта өтті. Еліміздің ұлттық құрамасы бұл біріншілікте 2 алтын алып, жалпыкомандалық есепте Ресей мен Кубадан кейінгі 3-орынға ие болды. Сондай-ақ қазақ боксы өзінің 60 жылдық тарихында алғаш рет әлем чемпионатынан екі бірдей чемпионмен оралды. Атап айтқанда, 57 келі салмақ дәрежесінде — Галиб Жафаров, 75 келі салмақ дәрежесінде Геннадий Головкин чемпион атанды.

Айта кетелік, алдыңғы, яғни 2001 жылғы әлем чемпионатында Галиб өз салмағында күміс жүлде алған болатын. Ақтөбенің тарихында бокстан алғаш рет әлем чемпионы атанған Галиб пен оның бапкері Әлімбек Балмағамбетовті жерлестері әуежайда салтанатпен күтіп алды. Чемпионның бапкері журналистерге берген сұхбатында: «Мен Галибті 14 жылдан бері жаттықтырып келемін. Көк туымыз көтеріліп, әнұранымыз ойнағанда, менің кеудемді кернеген қуанышымды айтып жеткізу қиын. Ал Галибтің көзіне жас алғанын бірінші рет көрдім», — деді.

Алты мектеп ашылды

Кеңес заманының соңы экономикалық құлдырау кезеңімен дөп келгені есімізде. Соның салдарынан тәуелсіздікті қаптаған «сақалды» құрылыстармен қарсы алған едік. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылыс атаулы тоқтады.

Тек 2000 жылдардың басынан құрылыс саласы қайта жандана бастады. 2003 жылы облысымызда 6 жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліпті. Мысалы, Ырғыз ауданының Нұра ауылында екі қатарлы мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Осы оқиғаға орай үлкен салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Жалпы, бұл кезде Нұра ауылында 100 шақты үй, 2000-нан астам тұрғын болған. Ауыл тұрғындары атынан Гүлсім Жәкерова: «Қазақша айтқанда, шалым осы мектепте директор болған. Қапыл қайтыс болды… Шүкір, бас баламның барлығы университет бітірді. Екі балам осында. Енді немерелерім осы мектепке келгелі отыр. Қуанамын. Абыройлы болсын мектебіміз» — деп, өзінің ақ тілегін жеткізіпті.

Сондай-ақ осы жылы облыс орталығында №51 мектеп-гимназия, Қобда ауданында бастауыш мектеп, Шалқар ауданында орта мектеп, т.б. ашылды.

Ауылға газ берілді

Ауылды қолдау шаралары аясында 2003 жылы Ақтөбе қаласының іргесіндегі Благодарный селолық округіне қарасты Садовое ауылына және Қарғалы селолық округіне қарасты Мағаджанов ауылына көгілдір отын жеткізілді. Бұған дейін бұл ауылдарға іргеде, 6 шақырымдай жерде өтіп жатқан құбырдан газ жеткізу мүмкін болмапты.

Садовое ауылында —  560, ал орман шаруашылығымен айналысатын Мағаджанов ауылында 330 тұрғын болған. Ауылға газ жеткізу үшін Садовое ауылына — 5,7 шақырым, ал Мағаджановқа 2,9 шақырым газ құбыры жүргізіліпті.

Ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстары сол жылдардан бастап үзбей жалғасып келе жатқаны белгілі. Биылғы жылдың соңына дейін облыста тағы 14 ауылға газ апарылмақ.

Шығармашылық өкілдеріне құрмет

Ақтөбелік зиялы қауым бұл жылды үлкен қуанышпен аяқтады. Атап айтқанда, жыл соңында бір топ шығармашылық өкілдеріне облыс әкімінің арнаулы сыйлығы табысталды.

Сыйлық иегерлері — белгілі ақын Мұхтар Құрманәлин, ауылда тұрса да, өзінің талантын барша қазаққа мойындатқан сатирик жазушы Төрежан Мәндібай, Ақтөбеде тұңғыш құрылған ұлт аспаптары оркестрінің жетекшісі, белгілі композитор Қайырғали Қожанбаев, Қазанғап мектебін жалғастырушы, күйші Жайлау Асылханов, «Искорки» ансамблінің көркемдік жетекшісі, хореограф-балетмейстер Полина Озерная, белгілі суретші Әнуар Өтеген-Тана, Ш. Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурстың бас жүлде иегері, әнші Марат Әйтімов, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Лев Жидков және халықаралық конкурстардың лауреаты, қобызшы Венера Алпысбаева.

Тарих беттерін парақтаған И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button