Әдебиет

Сұлудың көз жасындай мөлдір өлең…

(Ақын Жанна Елеусіздің шығармашылығы хақында)

Иә, осыдан отыз шақты жылға шегініс жасасақ, көп көріністер, оқиғалар ойға оралады. Соның бірі — ҚазМУ-дегі студенттік шақ, басыңның бостығы, қарынның тоқтығы, тізгіннің жоқтығы екінің бірін көбеңсіткен керемет кезең. Журналистика факультетіндегі бірді-бірге қосатын жылпос, пысықайлар уақыт өте келе құқық қорғау, билік саласына жылыстады да,  әдебиет жазирасынан біржолата жоғалды. Өйткені мына азын-аулақ ғұмырымызда жоқтың бар болғанын, аштың тоқ болғанын, оның қайта жоқ болғанын көрген адам болғасын айтамыз-дағы…

Мен көрген кезде бізден бір-екі курс төмен оқитын Жанна ертеректегі «Гүлжиһан» деген жұпар сабын қағазындағы суреттей ажарлы да балғын һәм ойлы қыз еді. Арагідік әдеби кештерге қатысып, тырнақалды өлеңдерін оқып жүрді. Оқуын бітіргесін, тәуелсіздіктің алғашқы  жылдарында біз Жанна ақынды жоғалтып алдық. Мүмкін «өлеңшілер» мыңғырып кеткеннен кейін, май ішкендей нәзік жүрек кілкілдеп, тас бүркеніп жатып алған болар.

Ақиқатын айтқанда, соңғы жылдары әулиенің басындағы қараағашта самсап тұратын сан алуан алабажақ шүберектердей, өлең өлкесінде құдайға керегі жоқ жылбысқы дүниелер қаптап кетті. Әдеби еңбегі шалажансар біреуді шаужайынан тартып, шыңға сүйреу бүгінде белең алғаны сондай, тіпті тосқауыл қоюға дәрменсіз халге жеттік. Қазір түнде жазған шатпағын  таңда әлеуметтік желіге тоғытып, әлдебіреулерден жылы лебіз дәметіп, аяр сопыдай монтанси қалатын бейдауа топыраштардың бағы жанды.

Туғалы тауат май көрмеген есік топсасының қан қақсаған шиқылындай жылаңқы өлеңдерге көміліп қалдық.

Иә, көңілдің көркі, көкейдің дерті боларлық кемел жырлар кез келген көкірекке ұя салмайтыны анық.

Қарым-қатынастың құйтырқы бұлтың-сұлтыңын, қырық қатпарлы қулық-сұмдығын біле бермейтін, тіпті соны суқаны сүймейтін өнерпаздар сирек те болса кездеседі. Солардың бірі — ақын Жанна Елеусіз шығар. Ол өлеңімді жариялай көр деп ешкімге жалынбапты, арда басын төмендетпей, өз құнын өзі түсірмей, жырларының берік діңгегі болған  басты каноны, михрабы — адалдық пен илһам талантын мәпелеп жүре беріпті.

Дуалы ауыздарға ұшықталмай,

Дуадақ ұшқан көлге түсіп те алмай.

Даламды хош иіске бөлей бердім,

Пайдамды ойламадым пысықтардай…

 

Ай көбейген  ауан шақ тұсында Айдың,

Жапан түздің жабайы құсындаймын.

Қарап тұрып өлемін аспаныма —

Көрінгенге өзімді ұсынбаймын…

 

Жылап келгем өмірге,

Жылап кетем.

Жылап сүйген тәңірім — жырақта екен.

Құдайдың құдіретімен шыққан гүл ем,

Алланың әмірімен қурап кетем!

 

немесе:

Қайтқан құспын аспан жақты аралап,

Көздеріне түспей ұшқам көп елдің.

Ауырлаған қанатыма қарап ап,

Әуелдегі айылыма бөгелдім…

 

Талған қанат… тағдыр солай екен де…

Көркі болғым келіп түпсіз көлінің.

Қалып қойғам қысы-жазы мекендеп,

Иті тістеп, көзі түсті бөрінің…

 

Қолынан жем жеп көрмедім кісінің…

Дәметіп те көргенім жоқ мол құттан.

Үй құсына ұқсаса да пішінім,

Қолға үйренбей қойғандығым сондықтан…

 

Зерек көкей осы өлеңдердегі қоңыр күрсіністі анық байқайды. Құр машықтан емес, терең тебіреністен туған дүниелер екені сезіледі. Ол өлеңді осылай мұңды нотада аяқтайды. Қыстыгүні Арқа жақты қыстап, жазғытұры Ақтөбеге беттейтін ақбөкендердей, Жанна да алдын ешкімге кестірмей, біреуге қолжаулық болудан жаны түршігеді.

Көрікті, ақылды әрі ақын келіншек те кебірсіген даладағы шөбі шүйгін ұлтарақтай жер, яғни алыстан көзіңді суыратын жап-жасыл оазис сияқты ғой, оған өңмеңдейтіндер аз ба?

Ақын Жанна Елеусіздің әр жылдары жарық көрген «Мен сүйетін дүние» (2004 ж), «Тіршілік трилогиясы» (2011 ж.) атты өлеңдер жинағын мұқият сүзіп шықтым.  Ішін сыншыға да, тыңшыға да алдырмайтын сұңғыла қыз ой аунатып, сөз ойнатып отырып, өлең жазирасының біраз қолат-қойнауын тап бір жоғын іздеген кәнігі ізшідей адақтап шығыпты.

Оның ойлы өлеңдері қарағанның түбінен лау еткен қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдап, сонарға шақыра түседі.

Тамаша ғой бұл өмір, тамаша әлі,

Түндер өтіп думанмен, таң асады.

Дейсің-ау, дос: «Күлгенің жарасады…»

Күліп тұрып… көзімнен тамған жастың

Күйіп қалған сыздайды жарасы әлі…

 

*          *          *

Өртенеді өзінше ел,

Өлең-жердің тозағы…

Көздеріне көрінсең –

Көрге дейін азабы.

 

Қағаз айтар хаққа зар,

Қалам алар шақ тыным.

Болмайтындай тәтті ажал,

Болған емес тәтті мұң!

 

Жан ауыртып нетеді?

Жазығы жоқ мұндағы.

Жанарында кетеді

Жаннаның да жұмбағы..

 

***

Қамығып түссе қара түн,

Айналар жырға күндізгі ой…

Айдан да аппақ қанаты

Бұл пырақ біздей бір қыз ғой!

 

Қабағын бермей кейде үміт,

Жүрегімізден жүн түтіп!

Тіріде – ақын… дейді жұрт,

Өлгеннен кейін пір тұтып…

 

Жанымыз — кітап көнерген,

Жарығы — сонау жұлдызды із!

Жұбатып елді өлеңмен

Көрінбей жерде — жүрміз біз…

Соңғы жылдар ішінде Жанна еліміздегі жыр жәрмеңкелерінен қағыстау жүрсе де, қауырсын қаламын көз жасына мала отырып, нәрлі өлеңдердің біраз шоғырын дүниеге әкеліпті. Тамырынан толғай тартып қарасақ, ол әрбір сөйлемнің астарын сөгіп, әрбір сөздің құпия қақпағын ашып, екшеп пайдаланатынын байқаймыз. Тұмса төлін тасаға туып, жасырын емізіп, жуық арада ешкімге көрсетпейтін қызғаншақ қашардай, Жанна да өлеңін әбден сорықтырып, иінін қандырып барып ұсынады.

Сондықтан да болар, оның ойлы өлеңдері су түбіне тартқан қалтқыдай, тереңге шымырлатып әкетеді.

Қиылып аққан қырдың өзені,

Қиырдан келем — қайдасың?

Қарамық түнде мұңның өзегі

Көрінбей төгер ай жасын…

 

«Жүрегі өлең қыз едің…» дей ме,

Жылайды үнсіз жағалау ғана.

Түсіме сосын… енеді кейде,

Түннен де сәл-пәл қаралау бала.

 

Қиылып аққан қырдың өзені,

Қиып бір кету қиын-ды.

Қиығы күлген сырлы көз еді…

Құдай-ау, кімге бұйырды?!

*          *          *

Ғажайып сазға ұмсынып барып,

Сол күйі тынған кім бар?

Теңіздей терең тіршілікте ағып,

Барады біздің жылдар…

 

Менің де қайығым… бұлтыңдар жамау,

Қамығып, қайғы ойладым.

Қақпақыл ойнар толқындар бар-ау,

Қисайып кетсем — қойма мін.

 

Қалпақтарына күн сіңіп қалып,

Жұлдызды құшқан кімдер?

Теңіздей терең тіршілікте ағып,

Барады біздің күндер…

*          *          *

Жаман екен жүрекке шоқ түскені,

Іштегі отты сырттағы күн үстеді.

Бақыраштап су ішсем де қанбайтын,

Менің шөлім, Алла-ай, неткен күшті еді!

 

Мазамды алды бұлақтардың сылқылы,

Күлкілі ғой, оларға осы күлкілі.

Арашалап қалды мені ажалдан,

Жалғыз сенің ерініңнің дымқылы…

 

*          *          *

Сағынып жүрмін сені!

Бұл не сезім?

Жүрмейсің жан ұшырып, іздеп мені

Сүймесем…

Сағынбасам білмес едім,

Сарғайып жаз өткенін, күз жеткенін…

 

Бұла күн,

Бақытты күн,

Кешегі күн.

Қол бұлғап қала берер жапыраққа.

Сүюдің жастығы айғыз, төсегі мұң,

Сіңгенше топыраққа,

Топыраққа…

Әсіресе жастық шақтағы ақжайнақ сезімдер мен суреттер адам жүрегіне отпен ойып салған белгідей өмір бойы өшпейді ғой. Қоңторғайлау өміріңе көз салғанда осы бір балшырын сәттерің Қадір түніндей жарқ ете қалады.

«Махаббаттың жолы тайғақ, атым содан көп сүрінді» дейтін еді ғой «Ләйлі-Мәжнүнде» Низами шайыр.

Соған қарағанда, жастық шақ та, алғашқы махаббат та адам жанын жойқын бір сілкіндірмей, үмітіңді біржолата үздіріп, ақсел боп жылап қоштастырмай кетпейді екен.

Түнімен ғажайып түстер көріп, сиқырлы әлемге енетін, таңға жақын реалды дүниеге қайтып келетін біз сияқты пақырлар бәрібір өткенін сағынбай тұра алмайды. Сәби кезіндегі көріністер суға тамған бір тамшы сүттей селдір ағараңдап, санаңа сәулесін түсірмегенімен, есейе келе байқағандарың зердеңе беріштей мөрленіп қалады.

Ешкімге білдірмейтін, тамырдағы қан солқылындай нәзік лүпілді, жан сырларын ақын осылай өз өлеңдеріне қоса өреді.

Тіршілік мәнін, сезімдер шарпылысын, дүние сырларын жаныңның ең бір мұталлақ тылсым түйсіктеріне дейін жеткізіп, ұқтырады, сондықтан да Жаннаның ақиқатқа суарылған ақық жырлары кәндилдегі шырақтай айрықша сәуле шашады.

Бағынбайтын Ендікке,

Табынбайтын Теңдікке,

Бөлінбейтін Сендікке,

Мендікке —

Ғашық едім Кеңдікке!

 

Сыя алмайтын Қалыпқа,

Құя алмайтын Арыққа,

Жалынбайтын Жылуға,

Жарыққа —

Ғашық едім Алыпқа!

 

Күтпейтін бөлер деп Құтың не,

Көрмейтін бас иіп Бүкілге.

Жығылмайтын Шүкірге,

Күпірге —

Ғашық едім Бүтінге!

Алла тағала пенделерін ала-құла ғып жаратқан ғой. Біреуі — болбыр, біреуі —

алғыр, біреуі — нәмарт, біреуі — жомарт, біреуі — сужүрек, біреуі —  ержүрек, біреуі — бекзат, біреуі — кәззап дегендей…

Ақын Жанна қашан да ірілікті, сақи-салқамдықты хоштана суреттейді. Мың күн бықсығанша, бір күн ышқына лаулаған артық деген ғақлияны өз өлеңіне арқау етеді.

Адам баласы жастық шаққа қайта оралмасын білгеннен кейін, уақыт шіркінді тежеуге қауқары болмағасын, артта қалған жолға әлдебір құпия белгілер тастап кетеді.

Ендеше, ақын Жаннаның сол қара үздіріп бара жатқан жазира белдерге қалдырған жәдігерліктері — осы ойлы өлеңдері болса керек.

 Жұмабай ҚҰЛИЕВ,

                                                           ақын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button