Әдебиет

Поэзия кеші өтті

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру:» бағдарламасы аясында және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ақ қауырсын» клубының мүшелерімен бірге ZOOM платформасында Ресей елінің және жергілікті ақындармен «Моих стихов лирические строки» атты поэзия кеші өтті.

Шараның мақсаты — жас таланттардың дарынын ашып, поэзияға деген қызығушылығын ояту. Шығармашылық адамдар арасындағы қарым-қатынасты және екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту, олардың шығармаларын насихаттау.

Поэзия кешінде Мәскеу қаласынан ақын Олег Карев, Дядького қаласынан ақын Виталия Воронина  және еліміздің ақындары, «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мүшелері, №6655 әскери бөлімінің сарбаздары, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен кітапханашылары қатысты.

Алдымен ақындардың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетіліп, Мәскеу, Дядьково қаласының ақындары байланысқа шығып, екі елдің әдебиеті туралы сөз қозғады. Сонымен қатар балалық шақтағы қызықты оқиғаларымен және өнер жолындағы жетістіктерімен бөлісті. Олардың өлеңдерін әдебиет сүйер қауым онлайн арқылы тамашалап, ерекше ықыласпен тыңдап, ақындарға көкейдегі сұрақтарын қойды. Ақындар мен оқырмандар арасында ашық әңгіме алаңы орнады.

Кеште Павел Маглели гитарада романстар орындаса, кітапхананың тұрақты оқырманы Ақжан Ахметжанқызы өлеңдер оқыды. Поэзия кеші тікелей инстаграм әлеуметтік желісі арқылы оқырмандарға көрсетілді. Қолына жаңадан қалам алған жас буын ақындардан кеңес сұрады.

Шара соңында кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина сөз алып, ақындарға ризашылығын білдірді.

Лаура СҰЛТАНБЕКОВА,

С.Жиенбаев атындағы  облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button