Спорт

Бір өкініш, үш үміт

Футбол

Токио Олимпиадасындағы жеңілістер күнде шаршатқан жанкүйерлердің, расын айту керек, Чемпиондар Лигасы мен Конференция Лигасының кездесулерін тамашалауға аса құлқы да бола қойған жоқ шығар-ақ. Өйткені жыл сайын бұл топтағы Қазақстан командалары бірінен соң бірі жеңіліске ұшырап, онсыз да жұқарған жүйкені одан әрі тоздырып жүргені мәлім.

Алғашқы ойын, шындығында да, солай болды.

УЕФА Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу турнирінде, шілденің 28-інен 29-ына қараған түні, Сербияның астанасындағы «Райко Митич» стадионында болған кездесуде біздің «Қайрат»жергілікті «Црвена Звезда» командасынан 0:5 есебімен ұтылды. Сөз жоқ, «Црвена Звезда» қуатты командалардың бірі. Дегенмен алматылықтардың осыншама ойсырай ұтылғаны, сыпайылап айтқанда, ұят болды. Тіпті жерлестеріміздің бірінші ойында сербиялықтарды 2:1 есебімен ұтқаны да мына жеңілістен соң көңілге жұбаныш бола алмады.

Әйтеуір, бір тәуірі, «Қайрат» еуропалық жасыл алаңмен биылғы жылға біржола қоштасқан жоқ. Бір саты төменге түскен алматылықтар енді Еуропа Лигасында бағын сынайтын болады. Алғашқы қарсыластары – Арменияның «Алашкерт» командасы. Ал «Қайрат» бұл ойында жеңіліс тапса, Конференция Лигасының плей-офф кезеңіне шығады.

«Қайратқа» деген ренішті биыл Конференция Лигасындағы командаларымыз біраз жұмсартты. Қазақстандық командалар жанкүйерлер күтпеген жеңістерге ие болды.

*   *   *

Ең алдымен қарағандылық «Шахтер» қуаныш сыйлады. Сырт алаңдағы кездесуде 0:1 есебімен жеңіліп қалған олар 29 шілде күні өз алаңында болған қарымта кездесуде Румынияның ФКСБ («Стяуа») командасын негізгі уақытта 2:1 есебімен ұтты да, екі кездесудің қорытындысы бойынша тең есепке қол жеткізді.

Бұл ретте Айдос Тәттібаевтың үміт отын қайта жаққан екінші голды 90-минутта соққанын ерекше ескермеске болмайды.

Қосымша 30 минуттық ойында есеп ашылмады. Ал пенальтилер сериясы бойынша қарағандылықтар басым түсті –5:3.

Сөйтіп, «Шахтер» Конференция Лигасының үшінші кезеңіне шықты. Енді қарағандылықтар 5 және 12 тамызда Украинаның «Колос» командасымен сайысады.

Ал Румыния бұқаралық ақпарат құралдары өз футболшыларының да, бапкерінің де жер-жебіріне жетіп сөгуге кірісіп кетті. Мысалы, «Gazeta Sporturilor» басылымы «Мынау сұмдық қорлық» деп жазды. ФКСБ клубының иесі Жжиджи Бекали дереу екі-үш футболшыны командадан қуатынын айтып үлгерді. Олай болатын себебі, вице-чемпионның, былайша айтқанда, румындық клубтың бағасы «Шахтерден» 5 есе қымбат екен. Оның үстіне румындық жанкүйерлер қарағандылық команданың еліміздің чемпионатында 11-орында келе жатқанынан да, әрине, толық хабардар.

«Шахтер» (Қарағанды,Қазақстан) — ФКСБ (Бухарест, Румыния) – 2:1.

(Жалпы есеп — 2:2; пенальтилер сериясы бойынша – 5:3). 

Гол авторларыМихаил Габышев, 11-минут, Айдос Тәттібаев, 90+1 минут— Флоринел Коман, 76-минут.

*   *   *

Сол күні Қостанайдың «Тобылы» Хорватияның «Хайдук» командасына бармақ тістетті.

Бірінші кездесуде өз алаңында қостанайлықтарды 2:0 есебімен жеңген хорваттар Қазақстанға сол жеңісті одан әрі нықтап қайту үшін ғана келгені мәлім еді. Солай бола жаздады да. Қостанай қаласында өткен кездесудің бірінші таймында алаң иелері көңіл жадыратар әрекеттер жасай алмады. Бұл қонақтарды алдаусырату үшін әдейі ойластырылған тәсіл ме, әлде шынымен де ойыншылардың шабыты оянбады ма, әйтеуір, жанкүйерлер екінші таймнан да аса үміт күте қоймағандай еді.

Ал екінші таймда «Тобыл» 11 минуттың ішінде жүдемелете үш гол соқты, оған қоса Александр Мокин өз қақпасына белгіленген пенальтиді дарытпай, әріптестеріне жігер қосты.

Әттең, қонақтар 94-минутта гол соғып кетті де, ойын 30 минуттық овертаймға жалғасты. Бұл кезеңде де қостанайлықтар ерекше қуат көрсетіп, 118-минутта Асхат Тағыберген қонақтар қақпасын дәл көздеді.

Сөйтіп,жалпы есеп бойынша жеңіске жеткен (4:3) «Тобыл» да Конференция Лигасының үшінші кезеңіне өтті.

Кездесуден соң «Хайдуктың» қақпашысы әрі капитаны Ловре Калинич «Бұл мен үшін де, тұтас командамыз үшін де үлкен масқара болды» депті. Басқа не десін енді. Ал команданың бас бапкері Йенс Густафссон осы пікірді былай жалғастырыпты: «Сірә, біздің есімізді жинауымызға екі күн қажет болатын шығар».

«Тобылдың» алдағы қарсыласы — Словакияның «Жилин» командасы.

«Тобыл» (Қарағанды, Қазақстан) — «Хайдук» (Сплит, Хорватия) – 4:1 (Жалпы есеп – 4:3).

Гол авторлары: Душан Йованчич, 56-минут, Игорь Сергеев, 61 және 67-минуттар, Асхат Тағыберген, 118-минут — Эмир Сахити, 90+4 минут.

70-минутта пенальти орындаған хорватиялық Филип Кровинович қақпашыдан айласын асыра алмады.

*   *   *

Бейсенбі күні жасыл алаңға шыққан үшінші командамыз — «Астана».

Елордалық команда өз алаңымызда өткен бірінші кездесуде Грекияның «Арис» командасын 2:0 есебімен ұтқан болатын. Ал сырт алаңда өткен мына қарымта ойында сол жетістіктен айрылмауы тиіс еді. Бірақ олай бола қоймады. «Арис» негізгі уақыттағы екі таймда астаналықтардың қақпасына екі гол соқты.

Бұдан соң кездесу, әрине, 30 минуттық овертаймға жалғасты.

Міне, осы кезеңде «Астана» алға шықты,121-минутта Энео Битри қарсыластар қақпасына баспен соғып, гол енгізіп жіберді де, осы есеп астаналықтарды үшінші кезеңге алып шықты. Ал әбден күйіп кеткен грекиялық жанкүйерлер жеңісті масаттана тойлауға кіріскен елордалық футболшыларға пластикалық бөтелкелер лақтыруға тырысып бақты.

«Астана» енді үшінші кезеңде Финляндияның КуПС командасымен сайысқа түседі.

«Арис» (Салоники, Грекия) – «Астана» (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) — 2:1 (Жалпы есеп— 2:3)

Гол авторларыДимитрис Манос, 36-минут, Лукас Саша, 78-минут— Энео Битри, 120-минут.

*   *   *

Осылайша Қазақстанның үш командасы да Конференция Лигасының келесі кезеңіне өтті.

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button