Саясат

«АЛДАСПАН» — КЕРІТАРТПАЛЫҚТЫ ҚИЫП ТҮСЕР АЛМАС ҚЫЛЫШ…

Естай Жайлыбаев. 1955 жылы 12 желтоқсанда туған. Демократ. Мамандығы бойынша тарих пәнінің оқытушысы. Еңбек жолын Байғанин ауданындағы «Ақжар» кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Гурьев педагогикалық институтында, Ақтөбе кооператив колледжінде, облыстық тілдер комитетінде қызмет еткен. Қазір Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің директоры. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы құрылған «Алдаспан» қоғамдық бірлестігі төрағаларының бірі, «Азат» республикалық партиясының  Ақтөбе облыстық бөлімінің төрағасы.


Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

«Ақтөбе»

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы тоқсаныншы жылдардың басында азаттық аңсаған өзге халықтар арасындағы секілді қазақ жерінде де саяси ұлттық майдандар құрылып жатты. Ана тілінің абыройын асқақтатуды мақсат еткен  «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшелері қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты батыл пікірлерін айтуға тырысты. Қазақ елінің әр аймағында Тәуелсіздік деген тілек тоғыстырған бірнеше қоғамдық бірлестіктер ашылып жатты. Соның бірі түу Алматыдағы зиялы қауымның өзі үміт етіп қараған Ақтөбедегі «Алдаспан» қоғамдық бірлестігі болатын.

«Алдаспан» қоғамдық-саяси-мәдени бірлестігі өңірдегі ең алғаш рет қоғамдық күрес көшін бастаған ұйымдардың бірі һәм бірегейі болды. Оның басында қазақтілді ұлтшыл азаматтар жүрді, облыстағы зиялы қауым өкілдері, ұлтжанды ресми тұлғалардың өзі де ісімен, жанымен солардың жағында болды, бірі ашықтан-ашық, бірі, қызмет бабы мүмкіндік бермеген соң, жасырын түрде қолдады, солардың ниетін мақұлдап, тілегіне бірікті. Сондағы тілек — Қазақ ұлтының азаттығын алуға, мемлекеттің тәуелсіздігіне қол жеткізуге қарлығаштай қанатымен су себу  болатын.

Сол кездегі отыздың бел ортасындағы жігіт, қазіргі қаладағы байланыс және электротехника колледжінің директоры, 90-жылдары құрылған «Алдаспанның» тең төрағаларының бірі, кейін «Азат» республикалық партиясының Ақтөбе облыстық бөлімінің төрағасы болған Естай Жайлыбаевпен сөйлескен едік.

— Алдаспан — ата-бабамыздың қиып түсер қынсыз алмас қылышы. Біз де сол кезде түкірігі жерге түспей тұрған кеңестік империяның, керітартпалықтың тамырын қиып түсетін алдаспан, қоғам ішінде жарқылдап жүретін алмас қылыш болуды мақсат еттік. Ұйымға бірнеше ат ұсынылды. Ең соңында Серік Ерғали ұсынған «Алдаспан» атауына тоқтадық. Алғашында, «Алдаспан» құрылмай тұрғанда, біз, барлығымыз, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болдық. Кейін бұл қоғам бізге тарлық етті, өйткені бұл қоғам тек тіл мәселесімен ғана айналысты, ал бізді ана тілімізбен қоса ұлттың барлық мәселесі толғандырды. Сөйтіп, «Алдаспан» деп клуб құрдық. Онда 400 мүшеміз болды. Әр сейсенбі сайын кешке саяси-ағарту үйінде бас қосып, қоғамдағы түрлі мәселелерді талқылайтын едік. Кейін бұлай пікірталаспен ғана отыра берудің пайдасыз екендігін, мәселелерді мемлекеттік органдар алдына қою қажеттігін, даусымызды жоғары жаққа естірту керектігін ұқтық. Сөйттік те, клубтан қоғамдық-саяси-мәдени бірлестік жасауды ұйғардық. Бірлестігіміздің ниеттемесін (платформа), жарғы жобасы мен мұратіз (программа) дайындадық. Мақсатымыз көп еді: еліміздегі ұлттық мәселелердің реттелуіне, нағыз құқықтық-демократиялық мемлекеттің орнығуына, қоғамның рухани жаңаруына, республика жерінің біртұтастығын сақтауға, қоршаған ортаны сауықтыруға, т.б. мәселелерге қатысты қолымыздан келетін істі атқаруды мұрат етіп қойдық. Осының барлығын Жарғымызға енгізіп, бірлестігімізді тіркеу үшін қалалық атқару комитетіне бардық. Біздің бірлестікті қандай заңға, болмаса, қандай ресми құжатқа сүйеніп құрып жатқанымызды саралау үшін жеті адамнан тұратын сарапшылар комиссиясы тағайындалды.

— Қандай заңға сүйендіңіздер?

— 21 жыл бұрын біз әлі Кеңес Одағының құрамында болдық. Ол кезде қазіргідей қоғамдық бірлестік дегендер мүлде жоқтың қасы, сүйенетін ресми құжат та жоқ. Енді не істейміз? Іздестіріп жүріп, 1932 жылы шыққан «Қоғамдық бірлестіктер» туралы заңды тауып алдық, соған сүйенген болдық. Қысқасы, біраз дау болды. Ақырында, сарапшылардың төртеуі біздің бірлестік құруымызға келісім беріп, үшеуі қарсы болды. Ұмытпасам, 1990 жылдың 6 желтоқсанында біздің бірлестік саяси ұйым болып тіркелді. Біздің бірлестікпен бірге тіркелуге тілек білдірген тағы бірнеше ұйым болды, бірақ ресми тұрғыда тек «Алдаспан» ғана тіркелді.

— Бірлестік жұмысын неден бастады?

— Облыс тірлігінде біз араласпаған сала болған жоқ. Ұлттың ұлт екендігін білдіретін шараның барлығын ұйымдастыруға тырыстық. Ескі мешіттің жанынан бір үй жалдап, ақша жинап, қой сатып алып, жұртқа садақа таратып, алғаш рет Құрбан айт мерекесін өткізгеніміз әлі есімде. 1990 жылдың 22 наурызында алғаш рет саяси-ағарту үйінің алдына 12 қанат киіз үй тігіп, Наурыз мерекесін тойладық. Үйімізден қазан-ошақ алып келіп, көже асып, көшедегі жұртқа көже тараттық. Сол кездегі облыстық өлкетану мұражайының директоры, ұлтжанды апамыз Рысжан Ілиясова мұражайдан қазақтың киіз үйіне қажетті барлық жадбықтарды әкеліп берді. Бұл Наурыз мейрамында далада тігілген тұңғыш киіз үйлер еді…

Жаңа айттым ғой, қоғам өмірінде біз араласпаған сала болған жоқ деп. Бірде жігіттердің бірі сол кездегі ең таралымды газет «Аргументы и факты» газетіне: «Жан-жақтағы қазақтардың үйлерін Ақтөбе қаласындағы үйлерге айырбастауға көмектесеміз», — деп бір жарнаманы жариялап жіберіпті. Содан одақтың түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақтардан қапшық-қапшық хат ағылды. Сол тұста қазіргі көші-қон басқармасының жұмысын атқардық деуге болады. Хаттың көп келгендігі соншалықты, сол жұмыспен айналысу үшін 4-5 адамды бөліп қойдық. Нәтижесінде Ақтөбеге бірнеше қазақ отбасы көшіп келді.

— Қазақ мектептерінің, балабақшаларының ашылуына да «Алдаспан» көп еңбек сіңіріпті…

— Ол рас. Облыстағы тұңғыш қазақ мектебі болған — №21 мектептің ашылуы кезінде біраз дау-дамай болды. Қазіргі №34 мектептің орнында болған алғашқы қазақ мектебін «қазақ мектебі» деп ашуға қалалық, облыстық білім бөлімдері басшылары біраз қарсылық танытты. Біз де табандап тұрып алдық. Олардың уәжі — мектеп 1200 орындық, ал қазақ тілінде білім алуға ниет етіп тұрғандар саны бар болғаны 400. Содан біз, «Алдаспанның» барлық мүшесі, Ақтөбе педагогикалық институтының студенттерінің көмегімен сол жердегі үйлердің барлығын аралап, бір айдың ішінде 1700 адамның қолын жинадық та, бірлестіктің отырысына сол кездегі Ақтөбе облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы Евгений Золотаревті, оның орынбасарлары мен білім бөлімдерінің басшыларын шақырдық. Құжаттарымызды көрсеттік, білім ұясын қазақ мектебі етіп ашуға қарсылық білдіруге ешқандай себеп таппаған облыс басшысы амалсыз келісті. Сөйтіп, 1990 жылы 1 қыркүйекте Ақтөбеде тұңғыш қазақ мектебінің тұсауы кесіліп, қазақ тілінде 14 бірінші класс ашылды! №98-ші қазақ балабақшасының құрылысы бітіп болмай, соны оқу жылы басталғанша үлгереміз деп тырысқан біздің жігіттердің кешке, жұмыстан кейін «жау киімдерін» киіп алып, құрылысқа өздері араласқанын қалай ұмытасың…

— Ұлттық мәселелерді көтерген бірлестіктің жұмысы әлдекімдерге ұнамаған шығар?

— Әрине, ұнатпағандар болды. Бізді сыртымыздан «шантрапа» деп атағандар да кездесті. Бірақ тілектестеріміз де көп болды. Біздің қатарымызда Серік Ерғалиев, Амангелді Тыныбеков, Айтқали Италиев, Меңдіхан Әділхан, Сұлтанбек Тәшкенбаев, тағы басқа да азаматтар болды. Журналистер Идош Асқаров, Оразбай Жұматов, Сәбит Сүлейменовтер, ұлтжанды апаларымыз Рысжан Ілиясова, Зоя Браловалар, түрлі салаларда қызмет етіп жүрген Қайырбек Тоқтаров, Көшкінбай Ахметов, Жоламан Алдияров секілді азаматтар барынша қолдады.

— Зиялы қауым қолдады ма?

— Қатты қолдады. Олар біз жағында болды. Кейбірі ашықтан-ашық, кейбірі қызмет бабы мүмкіндік бермеген соң, амалсыздан жасырын қолдады, бізге қажетті құжаттармен жасырын таныстырды. Қазіргі «Ақтөбе», сол кездегі «Коммунизм жолы» нағыз қолдаушымыз болды. Біздің отырыстарымыздың, үндеулеріміздің барлығын газет бетіне жариялады. Газеттің 90-91 жылдардағы тігіндісін алып қарасаңыз, «Алдаспан», «Азат» туралы толық мағлұмат алуға болады дер едім.

— Ол кезде «Коммунизм жолы» облыстық партия комитетінің  органы болды ғой…

— Соған қарамастан, ұлтжанды журналист жігіттер біз көтерген ұлттық мәселелерді қыбын тауып жариялап жатты.

— Басқа облыстарда «Алдаспан» секілді бірлестіктер ашылды ма? Олармен байланыс жасап тұрдыңыздар ма?

— Иә, Жаңаөзен оқиғасынан кейін Маңғыстауда «Парасат», Қызылордада «Тамшы», Жезқазғанда «Ұлытау» бірлестіктері, Алматыда бірнеше ұйым құрылды. Барлығымыз тығыз байланыста болдық.

1991 жылы Ақтөбеге тарихшы-ғалым Сәбетқазы Ақатаев бастаған «Азат» партиясын ұйымдастыру комитетінің мүшелері келді. Жиын өткіздік. Сәбетқазы Ақатаев «Азат» деген партия құрылғалы жатқанын, бөлек-бөлек жүргенше, бір партияға бірігейік деген пікірін айтты. Осы жылы қыркүйек айында Алматыда «Азаттың» құрылтай конференциясы болып, 400-ге жуық делегат қатысқан жиын нәтижесінде жаңа саяси күш — «Азат» республикалық партиясы дүниеге келді. Мен партияның үйлестіру кеңесінің құрамына келдім, кейін оның Ақтөбедегі филиалының төрағасы болдым. «Азат» шын мәнінде үлкен саяси күшке айналды. Біз араласатын мәселе бұрынғыдан да көп болды.

Өздеріңізге белгілі, Орал оқиғасына да қатыстық. Қазақ жерінің біраз бөлігін Ресейге қосып алуға жанталасқан арам пиғылды шовинистік күштер әдейі, Орал аймағының казактар күшімен Ресейге көшкендігінің 400 жылдығы дейтін датаны мереке етіп тойламақ желеумен, Орал оқиғасын ұйымдастырды. Ресей идеологтарының: «15 миллион қазақ халқына бес облыс та жарайды, қалғанын Ресейге қосу керек», — деген пікірлері басылымдарда ашықтан-ашық жарияланып жатты. Оралға «мерекені» өткзуге жан-жақтан казактар ағылды. Біз де қарап жатқан жоқпыз, жан-жақтағы азаттықтар Оралға бет алдық. Ақтөбеден 8 адам аттандық. Бірінші күні санымыз 200 болды, келесі күні мың адамға дейін жиналдық, барлығымыз үй-үйді аралап жүріп, насихат жұмыстарын жүргіздік. «Мереке» күні алаңға жиырма мың адам жиналды! Оқиға болатын күні 113 адам «өз еркімізбен казактардың жолына барып тұрамыз, біз үшін ешкім жауап бермейді» деген келісімге қол қойып, «Зенит» мәдениет үйінің алдына барып тұрдық. Атты казактар емін-еркін алдымыздан өтіп жатты, тіпті қандай да бір жағдай болып қалса, басу үшін әскери округ солдаттарын дайындап қойыпты. Кенет… әлгі жиырма мың адам «Зенитке» қарай лап қойды. Солдаттар автоматтарын дайындай бастады. Біз, әлгі 113 адам, қырғын басталып кете ме деп, жастар босқа қырылып қала ма деп қорқып, бір-біріміздің қолымыздан ұстап, жиырма мың қазақты бөгеуге тырыстық. Бізді жиырма метрге дейін сүйреп апарды. Жамбылдан келген бір қарындасымыз бар еді, сол басындағы орамалын жұлып алып, жерге тастады. «Мына орамалды аттасаңдар, бүкіл аналарды қорлағандарың», — деді, содан кейін Оралдың имамын алып келіп, айқайлап тұрған жиырма мың қазақтың алдына, машинаның үстіне шығарып, құран оқытты. Ашынып, ызасы сыртқа тепкен жастар жерге отыра қалды. Сол мезетте казактарды үй-үйдің арасымен қашырып, автобустармен тасыған.

— Сол кезде барынша демократия болды деп ойлайсыз ба?

— Болды. Өйткені біз сөзімізді билікке тыңдата алдық. Себебі біз, біріншіден, заң аясында жұмыс жасадық, екіншіден, үлкен саяси күш болдық, құрамымызда сегіз мың адам болды, мәселені төтесінен қоя білдік. Облыстық телеарнада апта сайын біздің партиямыздың мүшелерінің қатысуымен бағдарламалар ұйымдастырылды. Облыс басшысы Ақтөбе облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы Евгений Золотаревтің қабылдауына аптасына кемінде бір рет кіріп шығатын едік. Кейбір мәселелерді ресми органдармен бірлесіп те шештік. Халық бізге өтініш-арыздарын қапшық-қапшығымен әкеліп тастайтын. Мысалы, бірде кондитерлік фабриканың жатақханасынан, жұмыстан 50 қазақ қызын шығарып жатқаны туралы мәселеге араласып, оның оң шешім табуына ықпал еттік. 7 мың адамның қолын жинап, облыстық орыс драма театры ішінен қазақ труппасын ашуға ықпал еттік. «Коммунизм жолы» газетінің жанынан «Тілтағдыр» атты газет шығардық.

Бірде облыстық білім бөлімінде үлкен жиналыс өтті. Қаладағы мектеп директорларының бірі, қазақ ұлтының адамы: «Қаладағы мектептерден қазақ тілін оқытуды алып тастау керек, өйткені оны үйренетін орта жоқ», — деп қойып қалды. Не деген масқара? Сол кездегі облыстық мектеп-интернаттың директоры, ұлтжанды азамат марқұм Мақсот Құсайынов үлкен наразылық білдіріп, сөз сөйледі. Партия өкілі ретінде мен де пікірімді білдірдім: «Дұрыс айтасыз, — дедім, барлығы аңтарыла маған қарады, — қала мектептерінен қазақ тілін, ауылдағы мектептерден орыс тілін мүлде алып тастау керек, өйткені ауылда да орыс тілін үйренетін орта жоқ», — дедім. Барлығы шулап қоя берді… Бұдан кейін бұл мәселе ешқашан көтерілген жоқ.

«Азат» халықты соңына ерте алды. Бір дәлел — 1994 жылғы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі депутаттығына «Азат» партиясы атынан Ақтөбеден екі адам  — Ізімғали Көбенов пен Жасарал Қуанышәлиндер сайланды. Облыстық кеңесте біздің партияның 4, қалалық кеңесте 9 депутаты болды. Мұның өзі халықтың «Азатқа» деген сенімін көрсетсе керек.

— Өзіңізді демократпын деп есептейсіз бе?

— Әлбетте, мен демократпын. Өйткені қайда жүрсем де, өз пікірімді ашықтан- ашық айтып келе жатқан адаммын.

— Кейін сіз облыс әкімшілігіне қызметке ауыстыңыз.

— Иә, бірақ «Азаттан» бөлінгенім жоқ. Сонда жүріп-ақ ұлттық мәселелерді көтеруге тырыстым.

— «Азат» неге тарап кетті?

— Партияның бойында бұрынғы күш қалмады. Бірақ партияны сақтауға тырысып, 1993 жылдың жазында Ақтөбеде бірігу съезін өткіздік. Онымыздан түк шықпады. «Азат» тарап кеткенімен Ақтөбедегі «Азат» пен «Алдаспан» іс жүзінде 1997 жылға дейін жұмыс жасады. Мен «Алдаспан» мен «Азаттың» қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы үлкен күрестің кішкентай бір бөлшегі болғаны үшін қуаныштымын. Әйтпесе, саны жөнінен қазақтан әлдеқайда көп 40 миллион күрдтің, басқа да халықтардың, мысалы, ұйғырлардың, сығандардың, дүнгендердің кебін киюіміз де әбден мүмкін еді ғой…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button