Білім

«Жеті ойыншық» — балаларды ұлттық рухта тәрбиелейтін жоба

Біздің облыстағы балабақшаларда «Жеті ойыншық» жобасы аясында «Рухани жаңғыру сәби шақтан» атты кабинет жабдықталып жатыр. Мақсат — жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, отансүйгіштікке баулу. Жоба авторы —  Ерасыл Сәкенұлы. Ойыншықтар елімізде жасалған.  Аталған оқу кешені мен ойыншықтарды қолдануға Білім және ғылым министрлігі тарапынан рұқсат берілген. Сондай-ақ бұл жоба оқу-әдістемелік кешендер жинағының тізбесіне енгізілген.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей қолдауымен «Бөбек — домбыра», «Әсем үй», «Керемет үй», «Саз аспаптары», «Ойландырар оюлар», «Әуенді бесік», «Астана-Бәйтерек» деп аталатын жеті түрлі ойыншықты 40 мектепке дейінгі ұйымға алу жоспарланды. «Жеті ойыншық» кешенін алу үшін облыстық бюджеттен 208 800 мың теңге бөлінді. Оның 20 данасы Ақтөбе қаласындағы, қалғаны аудандардағы балабақшаларға бөлініп отыр.

Біз облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханмен балабақшаларды инновациялық-дидактикалық материалдармен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жұмыстар туралы сөйлескен едік.

Білім негізі балабақшада қаланатындықтан, мектепке дейінгі білім беру саласындағы кез келген мәселе өзекті. Елбасының «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты алғашқы Жолдауының негізгі, басым бағыттарының бірі ретінде халықтың ұлттық моделі мен салт-дәстүрлерін ескере отырып, білімі мен білігі жағынан өркениетті елдердегі замандастарымен қатар тұра алатын, бойында ұлттық, отаншылдық рухы мықты қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған болатын. Бұл талаптардың жүзеге асырылу бағытындағы жұмысты үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы —  мектепке дейінгі ұйымдарда баланың білімге деген құштарлығын арттырудан, ұлтымызға тән қасиеттер бойына сіңген шәкірт тәрбиелеуден бастаудың маңызы зор. «Жеті ойыншық» жобасы — осы бағыттағы ауқымды іс.

Бұл жобаны іске асыру — облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының жіті бақылауында тұр. Облыстық бюджет есебінен қомақты қаражат бөлінді, — дейді Жолдас Нұрланұлы.

Оның айтуынша, өңірдегі 40 балабақшаны аталған ойыншықтармен қамту үшін «7art.kz» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалған. Келісімге сәйкес 40 балабақша «Рухани жаңғыру сәби шақтан» кабинет-кешенмен қамтылуға тиіс. Қазірдің өзінде облыстағы 10 ауданға жалпы 11 кабинеттің жабдықтары жеткізілген. Қалған ойыншықтарды жаңа оқу жылына дейін жеткізу жоспарланыпты.

Айта кету керек, аталған кешен бұған дейін де екі балабақшаға демеушілер есебінен алынған болатын. Ақтөбе қаласындағы «Думан» балабақшасына толық жиынтығы, ал «Нектар»  мектепке дейінгі мекемесіне бөліктері бар.

 

Тәрбиелік мәні зор бірегей жоба

Балапандарды ұлтжанды етіп тәрбиелеуде «Жеті ойыншық» бірегей жобасының ықпалы зор. Бұл ойыншық қана емес, сондай-ақ танымдық негіздегі көрнекі құрал ретінде баланың жалпы дүниетанымының кеңейіп, білуге деген құлшынысы мен талпынысын оятуға септігін тигізеді. Әсіресе ұлттық болмыстағы, көркемдік мазмұндағы халқымызға тән ерекшеліктерді сүюге үйретеді.

Мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту мен тәрбиелеуде «Жеті ойыншық» жиынтығын пайдалану — балалардың қазақ халқының тарихын білуге деген қызығушылығын арттырып, мемлекеттік тілді үйренулеріне септігін тигізеді. Әсіресе мектепке дейінгі жастағы балалардың ұлттық мақтаныш пен құрмет сезімін дамыту өте маңызды. Бұл ойыншықтарды бала тәрбиесінде қолдану арқылы балалардың Отанына деген мақтаныш сезімін дамыта аламыз.   Балапандарды толеранттылыққа, достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу үшін де бұл ойыншықтың мәні зор. Құрастыру арқылы балдырғандар киіз үйдің, домбыраның бөлшектерімен жақын танысып, атауларын атап, ажырата білуді үйренеді. Нәтижесінде мектеп жасына дейінгі бала креативтілік-шығармашылыққа деген қабілеті жоғарылап, сыни ойлау дағдысы дамиды.

Қазақтың ұлттық ойыншықтары балалардың зеректігін, тез ойлау қабілетін, танымы мен шығармашылық өзіндік бейінін дамытуға ықпал етеді, — дейді Жолдас Батырхан.

 

7 секция. 7 ұғым

«Жеті ойыншық» авторлық жобасында 7 секция бар. Біріншісі, «Зияткер» — сиқырлы сандар, екіншісі, «Ұлы дала ұланы» — балалардың күнделікті өмірінде қажетті дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру, үшіншісі, «Зерделі ұрпақ» —  сенсомоторлы, төртіншісі, «Ұлы дала сазы» — шығармашылықты дамыту, бесіншісі, «Ғажайыптар мекені» — жаратылыстану, алтыншысы, «Тіл — қазына»  қарым-қатынас, жетіншісі, «Ұлы дала ұлағаты»  —  өлкетану және этномәдениет аймақтарына бөлінген.

«Рухани жаңғыру сәби шақтан» кабинеті ұлттық стильдегі оқыту модульдері,  гидропоникалық жабдықтар, ойыншықтар және оқу құралдары, үстел ойындары, конструкторлармен жабдықталған.

Барлық жабдықтар мен компоненттер қауіпсіз, табиғи және экологиялық таза материалдардан жасалған, — дейді Жолдас Батырхан.

«Рухани жаңғыру сәби шақтан» кабинет-кешені — көрнекі және оқыту құралдарымен, күнделікті өмір дағдыларын дамытуға арналған модульдермен, үстел ойындарымен, кітапшалармен және буклеттермен жабдықталған дамыту бөлмесі.  Негізгі компоненттер ұлттық стильде жасалған. Кабинетте білім беру процесінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін сабақ өткізіледі. — Жеті ойыншықпен қамтылған кабинет-кешеннің  мақсаты — баланың (3 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасына дейінгі балаларға арналған) жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, физикалық дағыдыларын, яғни ұсақ моторика, сенсорика, элементарлық логика, түстерді ажырату, кеңістікті бағдарлау, сондай-ақ менталдық элементарлық арифметика, оқу, жазу, когнитивтік даму, дұрыс айту дағдыларын дамыту. Сондай-ақ қазақ тілін меңгерту (сөздік қорды байыту, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуды үйрету, сөйлемдер құрастыру) де басым бағыттың бірі. Сонымен бірге әліпбиді, сандарды, қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі базалық ұғымдарды меңгерту арқылы үштілді оқытудың іргетасын қалау міндеті тұр, — дейді басқарма басшысы.

Аталған кабинетінің жабдықталу құны — 5 220 мың теңге.

Аталған оқу кешені мен ойыншықтарды қолдануға Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсаты берілген. Сонымен қатар оқу-әдістемелік кешендер жинағының тізбесіне енгізіліпті.

— Бұл жобадағы әрбір ойыншық Білім және ғылым министрлігіне қарасты республикалық «Мектеп жасына дейінгі балалық шақ» орталығының мамандарымен  бірлесе дайындалған нұсқаулық-әдістемелік құралдарымен бірге ұсынылып отыр, — дейді Жолдас Нұрланұлы.

Айта кету керек, кешен білім беру стандартының тіл дамыту, баланың интеллектуалдық қабілетін қалыптастыру, жас ұрпақтың денсаулығына байланысты талаптарына сәйкес келеді. Псхологиялық-педагогикалық сараптамалық қорытынды жасалған.

26 балабақша ашылады

Облыста 543 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Оның  384-і — балабақша, қалғаны —  шағын орталық. Бұл білім беру ұйымдарында 43 326 балапан тәрбиеленуде.

Өңірдегі 1-6 жастағы балдырғандарды балабақшамен қамту көрсеткіші — 86,4 пайыз. Республикалық көрсеткіштен жоғары, республиканың үлесі — 81,6 пайыз. Ал 3-6 жастағы балалардың барлығы да балабақшаға барып жүр (республикалық көрсеткіш —98,7 пайыз).

Облыста 158 жеке балабақша бар. Ондағы балапандардың үлесі — 14 777 бала. Олардың 99 пайызы мемлекеттік тапсырыс арқылы барып жүр.

Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыру соңғы 3 жылда жеке балабақша желісін 23,3 пайызға немесе 118-ден 158 бірлікке арттыруға септігін тигізді.

Биыл жалпы саны 3585 орынға арналған 26 нысан ашу жоспарланып отыр. Оның 20-сы  Ақтөбе қаласында ашылады. Қазір Хромтау мен  Алға аудандарында 2 жекеменшік балабақша ашылды.

Айта кету керек, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына мектепке дейінгі ұйымда тамақтану үшін төлемге 70 пайыз жеңілдік мәселесі шешілді. Атаулы көмек алатын отбасылардан 900-ден астам бала балабақшаларда тәрбиеленуде. Әлеуметтік көмек үшін облыстық бюджеттен 95 миллион теңге бөлінді, — дейді Жолдас Батырхан.

P.S.

Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде ел ертеңі, ел болашағы үшін жасалып жатқан игі істің бір парасы — осы. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдегі өзге де балабақшаларда жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button