Әлеумет

Ескі аялдамалар жаңарады

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында ескі аялдамаларды заманауи павильондарға ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Ақтөбе қаласындағы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сұлтан Аманшиннің айтуынша, бірыңғай сәулеттік стильді қалыптастыру мақсатында 15 аялдама жаңаланды.

— Тұжырымдама эскизіне сәйкес, аялдама павильонының үш коммерциялық, жылы және ашық аймағы болуы тиіс. Жаңасына ауыстыру жұмыстары осы объектілер иелерінің қаражаты есебінен жүргізіледі, — дейді Сұлтан Аманшин.

Алайда мониторинг барысында бекітілген эскиздерден ауытқу фактілері анықталды. Осыған байланысты сәулет және қала құрылысы бөлімі тұжырымдамада бекітілген эскизден ауытқып, аялдаманы өз ойындағыдай салып жатқан кәсіпкерлерден жобаның бекітілген үлгісін сақтауды талап етіп отыр. Өз кезегінде кәсіпкерлер кемшіліктерін түзетуге және жобаға сәйкес келтіруге міндетті.

Қалада 300-ге жуық аялдама бар, олардың 80-ге жуығы жабық павильондар, оның 15-і жаңаланды. Жаңа үлгідегі аялдама павильондарын орналастыру үшін қосымша 30 орын анықталды.

Осыған дейін де аялдамалар сан өзгерді. Жаңа кейіпке енгендердің бірі — 11-шағын аудандағы «Ақтөбе ажары» сауда үйінің алдында тұр. Коммерциялық аумағында көкөніс сатылады. Ал қыс-күз мезгілінде жылынып тұруға арналған бөлмеде орындықтар мен жылыту батареясы бар. Аялдаманың ашық аймағы да ыңғайлы жасалған: жаз мезгілінде күннен, жауын-шашыннан қорғанатын күркесі бар, бұл жерге де орындықтар қойылған.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button