Әлеумет

Өзен жағалауын тазалады

Өткен демалыста қаламыздағы «Нұрбанк» АҚ қызметкерлері Жаман Қарғалы өзенінің жағалауын, яғни «Солнечный» демалыс базасы маңын қоқыстан тазалады.  

Банк қызметкерлерінен құралған еріктілер тобы демалыс күні таңғы сағат сегізден бастап түске дейін өзен маңын қоқыстан тазартты.

— Өзен жағасында демалғандар өзінен кейін тамақтың қалдығын, қағаздар мен құтылар, тіпті, жеке гигиеналық заттарын да тастап кететінін қайтерсің. Тым құрығанда, қалдықтарын бір пакетке салып, бірінші кездескен қоқыс жәшігіне дейін апаруға болады ғой.  Әрине, бәрі бірдей емес, ішіп-жеп, демалған соң, орнын тазартып кететіндер де бар. Бір ғана аумақтан 40-тан астам қап қоқыс жиналды. Біз қала тұрғындарының санасы оң өзгеретініне сенеміз,  табиғатты қорғауға, айналамызға құрметпен қарауға үйренетінін де білеміз. Себебі, бәріміз де таза, әдемі жерде демалуды ұнатамыз ғой. Өзеннің сылдыры мен құстардың әнін естіп, табиғат аясында демалғанға не жетсін. Сол үшін де қоршаған ортаны таза ұстауға тырысайық, — дейді «Нұрбанк» АҚ директорының орынбасары Айнұр Медетова.

Банк қызметкерлерінен жасақталған еріктілер тобы түске дейін өзен маңын жылан жалағандай етті.  «Әр ұжым апта сайын үш-төрт сағаттарын тазалық жұмыстарына арнаса, қаламыз таза әрі әдемі болар еді», — дейді олар.

Қалай айтқанда да жүрген жерін таза ұстау —  әр тұрғынның міндеті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button