Әлеумет

Аулаларға асфальт төселіп жатыр

Ақтөбе қаласында көп қабатты үйлердің аулаларына асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Тұрғындар қалашығы ауданындағы Кәсіподақ, Қаратаев, Ливенцов, және Жеңіс даңғылы бойындағы №16, 18, 20 үйлердің кіреберістері мен аулалары толығымен асфальтталған.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарлауынша, бұл бағыттағы жұмыстар былтыр басталған.

Қазіргі таңда Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы, ағайынды Жұбановтар көшесі, 101-атқыштар дивизиясы бойындағы 30-дан астам ауланы жаңартуды жоспарлап отырмыз, — дейді аталған бөлімнің директоры міндетін атқарушы Жанболат Құсмұхамбетов.

Бүгінде 12-шағын аудандағы №3 қалалық емхананың алдындағы және №51, 52 үйлердің аулаларында асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындар қалашығы ауданының тұрғыны Ирина Алиева мұндағы аула жолдары 60 жылдан бері уақыт жөндеу көрмегенін айтады.

— Мен Кәсіподақ көшесінде тұрамын. Біздің ауданға арнайы техникалар кіріп, бордюрлар орнатылып, асфальт төселе бастағанда ерекше қуандық.

Мен жұмысқа №24 автобуспен барамын. Күзде және көктемде аялдамаға дейін балшық жолдармен жүруге тура келетін еді. Енді аулаларға асфальт төселгенін көріп, қуанып қалдық. Осы іске атсалысқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Енді біздің көшеге жарық орнатылса жақсы болар еді. Кешке қарай аулалар қараңғы, үйден шығу қорқынышты. Уақыт өте келе бұл мәселе де шешіледі деп үміттенеміз. Біздің қаламыз көз алдымызда өзгеріп келеді. Бұл әрине, бізді қуантады, — дейді ол.

P.S. Алдағы уақытта 8, 5, 11, 12-шағын аудандарда, Шанхай, Мәскеу, Тұрғындар қалашығы және Әуе қалашығы аудандарындағы көп қабатты үйлердің аула жолдарын жөндеу жоспарланған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button