Білім

«Востоктан» «Кәмпитке» дейін

Лагерь

 

Ақтөбе қаласы маңында «Campit» деген сауықтыру лагері бар. Атауының өзі балаларды шақырып тұр. Ағылшын тілінен аударғанда «Сamp» деген лагерь деген мағынаны береді. Әрі балалардың іздеп жүріп жейтін, жақсы көретін тәттісі — кәмпитке де келеді. Сосын да лагерь басшылығы белсенді жастармен ойласа келе, осылай атауды жөн көріпті.

Негізі, бұл лагерь — 2001 жылы құрылған «Восток» лагерінің ізі. Бір жылдары «Ақбөбек-Восток» болып та өзгерді. Биыл құрылғанына 20 жыл толған лагерьдің қазіргі жағдайын, тыныс-тіршілігін білген едік.

Аталған лагерь бүгінде халықаралық мектебі, балабақшасы, оңалту орталығы бар «Ақбөбек» оқу кешенінің құрамына кіреді. Сондықтан да бұл лагерьдің материалдық базасы мықты.

Жиырма жыл ішінде бұл лагерьде 20 мыңнан астам бала демалыпты. «Campit» сауықтыру лагерінің директоры Айболат Ташпентаевтың айтуынша, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру — қай кезде де маңызды мәселенің бірі.

— Бұрын бұл жерге балалар тек қана Ақтөбе қаласы мен аудандарынан ғана емес, еліміздің басқа да облыстарынан келетін. Биыл шектеулерге байланысты бала санын да азайтуға тура келді. Пандемияның кесірінен биыл басқа облыстардан бала қабылдамадық. Қазіргі таңда лагерьде облыс аудандарынан жиналған 130 бала жазғы демалысын қызықты өткізіп жүр. Алдағы маусымдарға бала қабылдау өңірдің эпидемиологиялық ахуалына байланысты болмақ. Қазір лагерьде барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Карантиндік шектеулерге байланысты әр топта 15-20 оқушыдан бар. Оларға арнайы тәрбиешілер жетекшілік етеді. Сондай-ақ медбике, педагог-психолог, үйірме жетекшілері жұмыс жасайды. Сонымен қатар лагерьдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күзетшілер мен тәрбиешілер бірлесе отырып, кезекшілікке тұрады, дейді Айболат Ташпентаев.

«Сampit» лагерінің бір жағында Қарғалы өзені, екінші жағында биік қыр бар. Сондай-ақ лагерь алаңы елу жылдық қарағаштармен қоршалған. Лагерь ұжымы осындай әсем табиғаттың мүмкіндігін пайдаланып, мәдени, спорттық шараларды жиі ұйымдастырады.

— Бізге келген әр бала 12 күн демалады. Лагерьдің бір күні келесі күнге ұқсамайды. Таңғы сағат сегіз жарымнан бастап қайнаған өмір басталады. Әуелі таңғы жаттығу жасаймыз, сосын тамақтанады. Әр күні әртүрлі бағдарлама құрылады. Сол бойынша жүреміз. Балалар бір күні футбол алаңында доп тепсе, келесі күні сурет салады. Арасында арнайы мамандардың көмегімен Қарғалы өзеніне шомылуға барамыз. Балалар қырға шығып, күннің шыққаны мен батқанын тамашалайды. Мұнда күн сайын тәрбиелік-спорттық шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың уақыттарын қызықты өткізуіне мүмкіндік мол. Әр маусымның белгіленген тақырыбы бар. Мәселен, спорт, театр, ағылшын тілі, музыка деген маусымдар бекітілген,— дейді аға тәрбиеші Аңсар Қайыржанұлы.

Лагерь бастығы Айболат Ташпентаевтың айтуынша, лагерьге келген әр бала қызығушылығына қарай үйірмелерге жазылып, осындағы он екі күнін текке өткізбей, бір өнердің әліппесін болса да үйреніп шығады. Бүгінде лагерьде футбол, шахмат, волейбол, сурет, қолөнер, вокал, хореография секілді 12 үйірме жұмыс істейді.

Лагерь басшысы Айболат Ташпентаевтың айтуынша, «Campit» лагерінде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен қамтылған демалыс орнында балалар ең қызықты сәттерді бастан кешіре алады. «Campit» лагерінде балалар тек демалып қана қоймайды, шет тілін білу деңгейі артып, басқа да қабілеті ашылады.

Лагерь Қарғалы өзенінің бойында орналасқандықтан балалар мамандардың бақылауымен арнайы дайындалған жағажайға жиі барып тұрады. Сондай-ақ мұнда 1 гектар аумақты алып жатқан үш арқанды саябақ бар. «Campit» лагерінің ерекшелігі де сол — балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын арнайы жабдықталған орын. Саябақта арқанмен өрмелеу мен төменге түсудің жеңіл әрі ауыр кезеңдері қарастырылған. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше маңыз беріледі. Арқанды саябаққа келген әр бала өзін бір сәтке альпинист ретінде сезіне алады. Арқанмен жоғары өрмелеу мен төменге сырғанау нұсқаушының жетекшілігімен жүзеге асады.

Мұнда балалар табиғат аясында көбірек болады. Өзенге шомылып, қырға шығады. Сондай-ақ лагерь ұжымы балаларды қоршаған ортаны таза ұстауға, талды сындырмай, керісінше егуге тәрбиелейді. Экологиялық тәрбиенің жемісі: лагерь ауласы таза, жасыл желек жамылған, себебі, әр жылдары лагерь ауласына қайың, шырша секілді ағаштар егіледі. Биыл лагерьдің жиырма жылдығына орай тәрбиешілер мен тәлімгерлер, балалар біраз терек еккен. Лагерь ұжымы алдағы уақытта аула жағалай шетен егуді жоспарлап отыр.

 

Магниттей өзіне тартады

Осы лагерьмен 17 жыл серіктес болып, әлеуметтік психологтің қызметін атқарған әріптесіміз Әлия Тұрниязова балаларының осы жерде тәрбиеленгенін айтады.

Ана ретінде мен де балаларымның тәртіпті, тәрбиелі болғанын қаладым. Екі ұлымның жасөспірім кезінде уақыттарын тиімді өткізуіне, жан жақты, елгезек боп қалыптасуына, жақсы достар табуына осы лагерь ұжымы көмектесті. Бір жылдары ұлдарым да осы жерде тәлімгер болды. Әр жылдары лагерьге спортшылар, актерлер, суретшілер, журналистер қонаққа келіп тұрды. Тіпті шетелден волонтерлер де келетін. Меніңше, балалардың болашақ мамандығын таңдауына осындай кездесулердің пайдасы зор.

Тағы бір айтарым, бұрын лагерьде демалған балалар өсіп, ер жеткен соң, осы жерге қайта соғады немесе хабарласып тұрады, яғни түлектермен байланыс орнатылған. Айталық, бір кездері ата-анасына үш ай жазға осы лагерьге жолдама алдырған Дина Жұмабаева қазір Польшада тұрып жатыр. Несімен есте қалды? Оның қолында үнемі кітап болатын, қашан көрсек те, шет тілін үйреніп жүргені. Сосын сахнаға шыққанда жанып кететін.

Ал Әлия Қайратова кішкентай қыздарды гимнастикаға баулитын. Қазір өзі де қыз тәрбиелеп отырған ана. Ақтөбедегі бір банкте табысты еңбек етіп жүр.

Қазір «Сampit» лагерінде тәлімгер болып жүрген Әсел де бірнеше жыл бұрын жазғы демалысын осы лагерьде өткізді. Ол — болашақ педагог, бүгінде Ақтөбе педагогикалық колледжінде оқып жүр. Бір сөзбен айтсақ, лагерь — шығармашыл жандарды тартатын магнит, — дейді Әлия Тұрниязова.

Сондай-ақ оның айтуынша, мұнда тұйық бала да, ерке бала да келеді. Мұндағы ертегілер, спорттық, мәдени шаралар, үйірмелер баланың бойындағы «ұйықтап» жатқан бір қабілеттерін ашып, өзі қызығатын нәрсені жасай алатынына сендіреді.

— Лагерь балаларға ең әуелі үлкендермен амандасып, достармен жақсы қарым- қатынас орнату секілді қарапайым нәрселерді үйретеді. Мұндағы ерекше атмосфера балалар түгілі үлкендерді де өзгертеді, тәрбиелейді. Осы лагерьдің балалармен жұмыс істеу ісіне талдау жасар болсам, мұндағы тәрбие белгілі «Артек» пен «Орленок» лагерьлерінің тәжірибесі үлгісінде педагогика мен психологияның классикалық қағидаттарына негізделген, — дейді Ә.Тұрниязова. Ол балалармен жұмыс жасаған 17 жылдық тәжірибесін жинақтап, бала тәрбиесі, отбасы  туралы ғылыми еңбек жазыпты.

Байқағанымыздай, бұл лагерьде тек Әлия ғана емес, барлық қызметкер баламен жұмыс жасағанды жақсы көреді, бар білетіндерін балаға үйретуге тырысады.

 

«Ең үлкен сыйлық — кәмпит»

«Campit» лагерінде демалып жатқан балаларды әңгімеге тартқанбыз.

Балалармен сөйлескенімізде олардың кейбірі лагерь туралы әлеуметтік желіден көргенін, тағы бірі «Ақбөбек» журналынан оқығанын айтса, ал енді бірі ата-анасының жұмысынан берілген жолдамамен келгенін айтып берді.

 

Айару Есенқұлова:

— Лагердегі күндерім  өте қызықты өтті. Күнде ертеңгілік жаттығу жасауды үйрендім. Сосын апайлар бізге би үйретті. Қырға шығып, қаланы алыстан көрдім. Ішім пыспады, күн сайын көңілді ойындар, концерттер болып тұрды. Әсіресе, ойын жеңімпаздарына кәмпит беретіні ұнады. «Campit» лагеріндегі ең үлкен сыйлық кәмпит екен. 

 

Айсұлтан Бекназаров:

— Лагерьдегі әр күнім ұмытылмастай есте қалды. Қатты ұнады. Он күн ішінде мен мұнда бауыр басып қалдым. Шынымды айтсам, кеткім келмейді. Мұндағы қызметкерлердің бәрі ұнап қалды, апайлар да — мейірімді. Айсұлу апай ерекше ұнады. Мен лагерьде бірінші рет болып тұрмын. Бұдан басқа ешқандай лагерьде болған жоқпын. Тағы да келемін.


Меруерт Бүркітова:

— Лагерь ұнап жатыр. Осындай күшті жерге келгеніме қатты қуандым. Бұл жақта өте қызық. Өте жақсы ағайлар мен апайлар көп екен. Үйірмелер де көп. Мен бейнелеу өнеріне, қолөнер үйірмесіне қатысып жүрмін. Қырға шықтық, арқан саябағына бардық. Лагерьде жаңадан көп достар таптым.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button