Пікір

Бұрынғы өмірімізге қайта оралу үшін…

Гүлайна ИЗИМОВА, Ақтөбе қаласындағы №5 емхананың

жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі:

— Қазір әлемді жайлаған індет барша адамзатты алаңдатып отыр. Себебі дүниежүзіне таралып үлгерген бұл инфекция барлық адамның денсаулығына қауіп төндіруде. Сондықтан қазіргі жағдайда аурудан сақтанудың, алдын алудың, жалпы, тығырықтан шығудың жалғыз жолы — COVID-19-ға қарсы вакцина салдыру.

Біз, емхана дәрігерлері мен қызметкерлері, облыста алғашқылардың бірі болып ақпан айында «Спутник V» вакцинасын салдырдық. Ешқандай ауырсыну, қызу, жанама әсерлері болған жоқ. Сондықтан біз тұрғындарға екпе алудың ешқандай қаупі жоқ екенін айтқымыз келеді.

Екпе алу мен ағзадағы қорғаныс қызметіне келсек, екпенің бірінші компонентін алған адамның ағзасында сол мезетте вирусқа қарсы антидене пайда болмайды. Алғашқы кезеңде иммунитет 30 пайызға ғана күшейеді. Ал қалған бөлігі екінші вакцина алғаннан кейін 45 күн өткен соң пайда болады. Тұрғындар мұны түсінуі керек. Сондай-ақ екпе алған адам ауырса, ауру жеңіл түрде өтетінін есте сақтау қажет. Мәселен, ауырсыну, мұрыннан су ағу сияқты симптомдар болуы мүмкін. Дегенмен вакцина сізді, сіздің ағзаңызды барынша қорғайды.

Сонымен қатар біз азаматтарға ұжымдық иммунитет қалыптастырып, бұрынғы өмірімізге қайта оралу үшін міндетті түрде вакцина алу керектігін ескертеміз.

Мен қазір КВИ-мен ауырғандар емделіп жатқан провизорлық стационарда жұмыс істеп жүрмін. Ол жерде барлық медицина қызметкері екпе алған. Екпенің арқасында бүгінге дейін дәрігерлердің арасында ешкім коронавируспен ауырған жоқ. Міне, екпенің пайдасы мен маңызын осы жерден білуге болады. Сондықтан өз денсаулығыңыз бен отбасыңыздың, ұжымдағы әріптестеріңіздің қауіпсіздігін ойласаңыз, екпе алыңыз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button