«Орамалды» айтатын қыз
Қазіргі қазақ эстарадасында жүрген әншілердің бірі Роза Әлқожаны көпшілігі таниды. Оны Гүлнар Салықбайдың сөзіне жазылған «Мен сыйға тартқан орамал» атты авторлық әні танытты деуге болады.
«Біз енді қайтер екенбіз,
Жақынбыз және бөтенбіз,
Алыстан келсең, алдыңнан
Су алып шығар бөтен қыз…» деп басталатын әнді айтқанда бүкіл ҚазМУ гу ете қалатын еді», — дейді Роза.
«Біздің топта Роза Әлқожа деген қыз бар еді…»
Роза аталған оқу орнына түскен жылы қыркүйек бітпей жатып 1500 адамдық Студенттер сарайында ән шырқағанын айтады.
— Сарайда ақындар айтысы болып жатқан еді. Бір уақытта қалың көрерменнің ішінен бір студент кешті жүргізушіге: «Біздің топта Роза Әлқожа деген қыз бар еді, сол қыз сахнаға шығып, ән айтсыншы», — деп тілдей хат жазып жіберіпті. Содан жүргізуші: «Сахнада Роза Әлқожа», — деп хабарлап жіберді. Түк дайындығым жоқ, ақындар айтысына қатысып жатқан Талант Арғынғалиден домбыра сұрадым, «Журфакта оқитындарға ғана беремін», — деп әзілдеді. «Ойбай, Талант аға, мен журфакта оқимын», — деп, домбырасын алып, сахнаға шығып кеттім. Содан кейін-ақ журфактың әншісі атандым», — дейді Роза. Осылайша ол тек журфакты ғана емес, тұтас ҚазМУ-ды «жаулап» алды. 2000 жылы «Студенттер көктемі» байқауында «Мен сыйға тартқан орамалды» айтып, «Ең үздік авторлық ән» жүлдесін алды. Бұдан кейін «Біз естімеген бір ән» бағдарламасына қатысып, елге аты белгілі әншілермен бір сахнаға шыққан Розаға сүйсінген «Мақпал» сән орталығы арнайы ұлттық киім тіктіріп бергені де оны іштей өсіріп тастады…
Содан соң қолына домбыра ұстаған студент «Мен сыйға тартқан орамалды» жатқа айтатын болды. Сөйтіп, Розаның өзі де достарының, құрдастарының, қалың студенттің арасында «Орамалды айтатын қыз», «Орамал» атанып кетті.
«Орамал» атанып жүріп, 19 жасында басына ақ орамал тақты. Оңтүстік Қазақстан ауданының Мақтарал ауданында туған атасының ерке қызы Алматының Талғар ауданына келін болды. Жолдасы Айдын Қаба — республикалық «Алаш айнасы» газетінің жауапты хатшысы. Екеуінің де мамандығы — журналист. Роза «Ақжол Қазақстан» газетінде, «Қазақ» радиосында қызмет еткен. Кейін құдай берген өнеріне өмірім деп қарап, біржола сахнаға кетіп қалғанын айтады. Өнерді өз қадірім деп түсінетін ерке қыз талғамы зор көрерменге есті ән ұсынуға тырысады.
— Сахнаның бәрі бірдей, бәрі киелі. Сондықтан, Студенттер сарайы, Республика сарайы деп бөлудің реті жоқ деп ойлаймын. 1998 жылы ҚазМУ-дың сахнасына шыққан уақыттан бастасам, өнерде жүргеніме 10 жылдан асқан. Алайда осы он жылда ауыз толтырып бірдеңе бітірдім, өз-өзіме қөңілім тойып, толдым дей алмаймын. Үйренетінім көп әлі, — дейді. Қазір Роза Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда оқиды. Былтыр айтып жүрген әндерін жинақтап, «Мен сыйға тартқан орамал» атты альбом шығарып, тұсауын өзі жақсы көретін журналистердің, жазушылардың арасында, Жазушылар одағында өткізді. Өткен жылы Ақмарал Леубаеваның «Жылатқаның неткенің» әніне бейнебаян түсірді.
Біз, келіншектер, қазақтың қыздарының обалына қалдық…
Әнші Роза алдымен бір азаматтың жары, төрт баланың анасы, бір шаңырақтың ұйытқысы. Алматының Талғар ауданында тұрады. «Мен түзде, сахнада ән шырқап жүргеніммен, шаңырағымда бір үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қазақтың кәдімгі қарапайым әйелімін. Бейбарыс, Жанарыс, Еларыс атты ұлдарым, Ақбота атты қызым бар. Айдындай жарым менің жетістігіме қуанбаса, ешқашан тосқауыл болған емес. Бақытты әйелмін, шүкір…» — дейді.
Роза тәуекел түбін жел қайық деп есептейтіндер қатарынан. Әйтпесе, құндақтағы баласын үйге тастап, ел аралап, гастрольге шықпас еді. «Бір бала тауып, «бала бағып отырмын» дейтін болбырау келіншектерді түсінбеймін. Себебі ол жұмыс емес, әрбір әйелдің міндеті. Әрбір дені сау әйел демографияға үлес қосуы керек. Қазақтың аналары бесігін түйеге артып, көшіп жүріп те бала тапқан емес пе?» — дейді Роза бір сұхбатында.
Розаны қоғамдағы түрлі жағдайлар, қазақ ұлтының ұлт ретінде өзгеріске ұшырап бара жатқаны алаңдатады.
— Қазір қай салада болмасын, біз қалалықтарға, қалада тұратын аудиторияға қызмет етіп кеттік. Ұлттық арналарда көрсетілетін кейбір бағдарламаларды қарап отырып, қарным ашады. Елге ақыл айтып отыратын ағаларымыз сахнада секеңдеп билеп, ән айтып жүреді. Біз ақсақал, бәйбіше болуды ұмыттық, әдемі қартаю дегенді білмейміз, қартая алмай қалдық. Қазіргі қазақтың қыздарының халі ойландырады. Біз, келіншектер, қазақтың қыздарының обалына қалдық. Өйткені қазір келіншектердің дені күйеуге тидім, не қайтып келдім демейді, оң жақта отырған қыздай киініп, оң жақта отырған қыздай боянып-сыланып жүреді. Бұрын келіншектер басына ақ орамал, қыздар қызыл орамал тағатын болған. Қазір жас жігіттер қатынға сөз айтып, өзінен бірнеше жас үлкен келіншекке үйленетін болды. Және бұл жедел дамып бара жатқан құбылысқа айналды.
Жақында айтыс ақыны Әселхан Қалыбекованың бір сұхбатын оқыдым. Алатау батырдың «сүтім қазақ» деген сөзін мысалға келтіреді апамыз. Қараңыз, ол «қаным қазақ, жаным қазақ» демейді, «сүтім қазақ» дейді. Қазір аналар балаларын емізбейді, содан ұлт рухсыз боп кеткен шығар дейді. Осы сөз маған ерекше ой салды. Қазіргі әйел өз орнын білмей қалды, еркекпен теңесем дейді. Әйелі азған ұлт оңа ма?.. Ұлттың рухсызданып, тобырлық мәдениетке ғана бойұрып бара жатқаны толғандырады.
Тағы бір ойлантатын мәселе — қазіргі ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Қазіргі ата-анада бедел қалмады. Бала тәрбиесі уысымыздан шығып кетті. «Өзі болған қыз төркінін танымайтыны» сияқты, үйде телеарнаның тәрбиесімен өскен бала әке-шешесіне ақыл айтатын болды. Ата-анаға құрмет азайған елде береке бола ма?.. — дейді Роза.
Алаңдайтыны — балаларының болашағы, ұрпағы өмір сүретін қоғамның ертеңгі тағдыры. «Біз балаларымызға жақсы өмір, рухы қанына тепкен қазақи қоғам ұсынуымыз керек. Ал оны жасайтын біз, жастар. Мысалы, жақсы өмірді ауылдан алыстағы Алматыдан іздеудің қажеті жоқ. Еліміздің түкпір-түкпірінен Алматыға арман қуып келгендердің көбі түк бітіріп жүрген жоқ, ауылдағылардан ұялғанынан ғана қайтадан кете алмай жүр…
Қазақ бейітін, ата-бабасының жатқан жерін тастап кетпеген ешқашан. Егер мен жігіт болсам, туған жерімнен ұзамаушы едім. Қазақта «ауылына қарап, азаматын таны» деген керемет сөз бар. Әр қазақ өзі өскен жерін көркейтсе, керемет болар еді…» — дейді Роза. «Тышқандай» қыздың таудай ойлары, пікірлері кім-кімді де ойға жетелейді.
«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз тек қазақтың осындай әйелдеріне арналып айтылған сияқты…
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



