Жаңалықтар

Аманат арқалаған азамат

Қай жерде кездесе қалсаңыз да үнемі сергек жүретін, жымия сәлемдесіп, жылы жүзбен адамды бауырына тартып тұратын, не айтса да турасынан салатын, бір қалпынан таймайтын қайырымды азамат Келдібай Еспағамбетовті осы өңірдің жұртшылығы жақсы біледі десек, артық айтқандық бола қоймас. Өйткені ол өзінің өмірлік мұратын көпшілік тірлігімен сабақтастырған, елдің қамын ойлап, жақсы істерге жанашыр болып, игілікті істердің ортасынан табылуды өзінің күнделікті дағдысы ретінде қалыптастырған адам.

Баршақұмның баласы

Неше жасқа келгеніңізбен, туған ауыл, өскен өңір үшін сіз бала болып қала бересіз. Өйткені мынау кең дүние есігін ашып, өмірге келгеніңізді өктем үнмен білдірген сәтіңіздің, жалаңаяқ топырағын басып, жалаулатып жүрген кезіңіздің, үлкен болашаққа батыл қадам басып, армандаған тұсыңыздың куәсі болып, арқадан демеу беріп, көңілге медеу болған сол мекеннің атауы көңілдің түкпірінде берік орнығады. Соны іштей мақтан тұтасыз.

Келдібай Еспағамбетұлы әлі күнге дейін «Баршақұмның баласымын» дегенді сондай жүрекжарды қуаныш сезімімен айтады. Бүгінгі күні жетпіс бес жасқа толып отырған ағаның сол ауылға деген сағынышы баяғы күйінде.

Баршақұм бала Келдібай үшін әуелден-ақ әлем картасындағы өзгеше бір нүкте іспетті көрінеді. Сонау студенттік шақтарда ауылды аңсап жүріп, ойша елестеткенде, Мұғалжар тауының батыс беткейіндегі Байсары биігінен құлап ағып, кең далаға шыққан соң өз арнасымен алға қарай көсіле салатын Сағыз өзенінің Каспий теңізіне қарай бағыт алған тұсында Баршақұмды жанай өтетіні көз алдына келетін. Жаз болса, ауыл балалары сол өзеннің жағасынан табылады. Сағыз өзені мен іргедегі Құмжарған құмы — ес біліп, етек жия бастаған бүлдіршіндерден бастап, балаң қызға көз сала бастаған жасөспірімдердің аңсары іспетті. Ерке өзеннің шортаны мен алабұғасын, аққайнарын аулап өскен балалар бір мезгіл құмсағызды қазып алып, көсік тереді, су түбінің ақ борығының дәмін татады. Соның барлығы әлі күнге дейін ұмытылмайды, көп көріністер санада сырғып ағып жатады.

Елдіктің шаруалары

Келдібай аға шын мәнінде өз Отанының адал патриоты. Ол мұны қай кезде де өзінің нақты ісімен дәлелдейді.

Мәселен, ел Тәуелсіздігін бәріміз бірдей қуана қарсы алып, аспанға бөрік лақтырып, дабырласып жүргенімізде, ол 1992 жылдың жаз айларының бірінде  Алматы қаласынан Мемлекеттік рәмізіміздің бірі — көк Туды сатып әкеліп, Ақтөбедегі Кеңестер үйінің төбесіне өз қолыменен қадады. Әрине, бұл ту бәлкім бір апта, мүмкін бір ай кеш орнатылар. Бірақ азаматтың елім деп лүпілдеп соққан жүрегі оған қаратпады. Рейхстаг төбесіне ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев сынды ол бейбіт күннің байыпты қимылмен өрнектелетін ерлігін жасады.

Кейіпкеріміздің батыл араласқан тағы бір шаруасы — қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты еді. Көпшілігіміз тіліміз тірілсін, жоғары басшылықтағылар неге батыл іс-шараларды қолға алмайды деп даурығып жүргенімізде, сол уақытта қоғамдық негізде Ақтөбе қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарып жүрген ол, ең алдымен, қандастарымыздың ар-намысына қозғау салды. Қалада қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы болды.

Елдіктің әңгімесін кеңінен өрістету үшін өзінің жеке қаражатына республикалық деңгейдегі «Елім-ай» деп аталатын газетті дүниеге әкелді. Бұл басылымның әсіресе облыс орталығында кеңінен таралуын басты назарда ұстады. Өйткені ол үшін ұзақ жылдар орысша тәрбиеленіп, орысша ұғымға ұйып тұратын қандастардың қазақы қалпына қайта оралып, «Елім-айлап» тұрғаны маңызды еді.

Әлі күнге ойымызда, «Елім-ай» газеті көп таралыммен шықты және мазмұны да ерекшеленіп тұратын. Басылым бетінде тың тақырыптар қозғалды, батыл ұсыныстар, жаңа идеялар жиі айтылатын.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қуғын-сүргін құрбаны болған атақты ақын Әкімәлі Қаржауовтың есімін ел жадында қайта жаңғыртып, оның шығармашылығын оқырмандарымен табыстыруға ұйытқы болғандардың қатарында осы Келдекең басқаратын «Елім-ай» газеті де болды.

Келдібай аға мұнымен де тоқтап қалған жоқ, «Отан Елім-ай», «Нартәуекел» газеттерін шығарды. Бұл басылымдар да заман ағымына сай ұлттық мүддені алға ұстанды, кей сәттерде осы жолда батыл айқасқа шықты, өзіндік ұстанымын танытты. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде баспасөзде осындай белсенді қызметтер атқарды.

Ол ұзақ уақыттан бері бұқаралық ақпарат құралдарымен берік байланыста келеді. Мысалы, сонау кеңестік кезеңде, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде Шалқар ауданындағы «Жаңақоныс» кеңшарының шопаны Әбутжан Мәжікеновтің «Малшының мың бір мұқтажы» деген тақырыпта маңызды мәселе көтерген мақаласы жарияланды. Аталған саланың білікті маманы ретінде Келдібай аға «Осы шаруа алдында қарыздармыз» деп өз ой-ұсыныстарын білдірді. Қой шаруашылығының белгілі майталмандары октябрьлік Шегебай Ыбыраев пен ойылдық Бекіш Ғалымовтардың тәжірибесінен нақты деректер келтіре отырып, қой шаруашылығын дамытудың алдағы бағыттары, еңбек адамына көрсетілетін қамқорлық төңірегінде өзі көріп, куә болып жүрген жайларды ортаға салып, тың пікірлерімен көпшіліктің көңілінен шыққан болатын.

Қазақстан Фермерлер одағының вице-президенті болып сайлануы оның жергілікті фермерлер қауымдастығының орталықпен жүйелі байланыс жасауына жол ашты. Сөйтіп жүріп Қазақстан Республикасының «Шаруа қожалықтары мен фермерлік туралы» Заңының қабылдануы ісінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Мәскеудегі Тимирязев атындағы атақты ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түсіп, бірақ сол кездегі белгіленген бір тәртіптердің ретімен Кострома ауыл шаруашылығы институтында білім алып шыққан Келдібай Еспағамбетұлы 1971 жылы ғалым-зоотехник мамандығын алып, елге оралды.

Бастапқыда өзі туып-өскен ауданның Крупская атындағы кеңшарында зоотехник болып еңбек жолын бастаған ол келер жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке алынады. Бұл ол үшін үлкен өмір мектебі еді. Қызмет бабымен араламаған ауданы, табаны тимеген шаруашылық қалмаған-ды. Және ол кездері кеңшар-ұжымшарларды кілең танымал, іскер, аузы дуалы, айбынды ағалар басқаратын. Солардың көпшілігімен жақсы танысып, жақын араласты, тәлімін, тағылымын алды.

Кейініректе облыс әкімдігі жанындағы насихат тобының тұрақты мүшесі болған тұсында бұрын ауыл-елді көп аралағанының, елдің бетке ұстар азаматтарын жақсы білетіндігінің  мол пайдасы тиді. Одан беріде облыстық қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы, сонымен бірге облыстағы халық Ассамблеясының мүшесі ретіндегі қызметтерінде де бұған дейін бойда жинақталған тәжірибесі жұмысының жүйелі жүруіне жол салғаны анық. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болып сайланып, халықпен қоян-қолтық қызмет атқарды. Ал ҚР мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау аймақтық орталығының директоры қызметінде кадрлардың сапалық деңгейіне ерекше көңіл бөлді.

Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше рет Президенттікке кандидат кезіндегі сенімді өкілі болуы, 2007 жылы Nur Otan партиясы сайлауалды штабын басқаруы оған көрсетілген үлкен сенім еді.

Біз бұл тараудағы әңгімемізді Келдібай ағаның қоғамдық жұмыстарына қатысты бастап кеткенімізбен, ол кісінің тұрақты мемлекеттік қызметі болды. Ол Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақтөбе аймақтық жүн лабораториясын он жеті жыл басқарды. Бұл лаборатория 1982 жылы ұйымдастырылып, бастапқыда республикамыздағы тоғыз облысты, оның ішінде төрт жүз шаруашылықты қамтыды. Аталған кезеңде арзан ет пен сапалы жүн өндіру шаруашылықтардың алдына міндет етіп қойылған-ды. Ұжым басшысы ретінде Келдекең он мыңнан астам білікті жүн сорттаушылардың аталған аймақта жұмыс істеуіне өз ықпалын тигізді.

Ақтөбедегі алғашқы жүн өңдеу фабрикасы қарқынды жұмыс істеп жатты. Бұның бір дәлелі — фабриканың 1991 жылды 252 миллион сом таза пайдамен аяқтағандығы. Өкініштісі, қазақ атамыз бұрыннан айтқандай, «мал тапқан құлға түк те жоқ». Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері осы мол қаржыдан ешқандай үлес алмайтынын, бұл барып тұрған әділетсіздік екенін сол кезде басқа емес, лаборатория директоры Келдібай Еспағамбетов шындықты бетке айтқан болатын.

Келдібай аға ұзақ жыл Қазақстан Республикасының «Бейбітшілік және келісім» кеңесінің Ақтөбе облыстық филиалының төралқа төрағасы қызметін атқарды. Осы қызметінде жүріп көптеген мемлекеттік, халықаралық конференцияларға, мәртебелі жиындарға қатысты. Құр қатысушы болып жүрген жоқ, көптеген жақсы істердің қозғаушысы да болды. Өзін мазалаған жайлар мен олардың шешілуі туралы жазбалары үлкен қомақты дүниеге айналды. Республикалық және облыстық басылымдарда көкейкесті мәселелерді көтерген көптеген мақалалары жарық көрді. Соның нәтижесінде екі кітабы мен отыздан астам ғылыми-публицистикалық еңбегі жұртшылық игілігіне ұсынылды.

«Құрмет» орденін кеудесіне таққан Ақтөбе облысының құрметті азаматы, халықаралық «Экология» академиясының академигі және басқа көптеген мәртебелі марапаттардың иесі Келдібай Еспағамбетов үшін ең бастысы — азамат деген ардақты атқа лайықты ғұмыр кешу.

Отбасы шуағы

Келдібай ағаның тынымсыз тірлігіне үйдегілер әбден үйренген. Осы кезге дейін оның ішіп отырған шайын тастай салып, жедел шаруа соңына түсіп кете баратыны ешкімге де таң емес.

Бұдан бес-алты жылдай уақыт бұрынғы бір жағдай ойымызда сақталып қалыпты. Облыс аумағында жер мәселесіне байланысты түсініспестіктер болды ма, әйтеуір бір әңгіме қозғалып кетті де, халық арасында түсіндіру жұмыстары қажеттігі байқалды. Бұл мәселеге облыс басшылығы ерекше назар аударды, сондықтан да аудандарға сөзі өтімді, елдің тілін таба білетін, мән-жайды байыпты ұғындыруға қабілетті адамдарды жіберу туралы шешім қабылданды. Шалғайдағы Шалқар ауданына баруға байланысты таңдау Келдібай ағамызға түсті. Алға қойылған міндет — жедел жолға шығып кету қажет. Мәселе онда да емес. Сол күні ағамыздың үйіндегі ардақты Роза апамыздың туған күні болатын. Балалары үлкен дастарқан жайып, бірсыпыра жақын-жуықтар да хабардар болып отырған. Басқа адам болса сылтау айтар ма еді, Келдекең ойланбастан өзінің бәз баяғы қалпымен жолға шықты да, жүре берді.

Шалқарға барған соң ел-жұртпен кеңінен кездесті, өзара түсіністік жағдайында әңгіме айтылды. Көпшілікті мазасыздандырған сауалдарға жауап берілді, жекелеген адамдардың ұсыныс-пікірлері жазылып алынды. Сөйтіп, Ақтөбеге көңілді бірлеп оралды. Үйге  келгеннен кейін өмірлік жары Роза апаны туған күнімен тағы бір мәрте құттықтап, бала-келіндерімен бірге той дастарқанын жалғастырды.

Осындай жарастық пен жақсы түсіністік бұл шаңырақта әуелден-ақ орныққан. Азаматын ардақтап, мәртебесін биіктетіп жүретін Роза апа — өздерінен кейінгі келіндердің үздік үлгісі, айнымас ақылшысы деуге болады. Жас отау иелеріне үнемі жол көрсетіп отырады.

Жалпы замандастарының ортасында Келдібай аға мен Роза апаның өзара сыйластығы көзге көрініп-ақ тұрады. Олардың шаңырағында ұл-қыз дүниеге келіп, мейірім мен қамқорлық құшағында өсіп-жетілді. Қорғаныс министрлігі саласының полковнигі Қайраты ел аузына ерте ілінді, әуелден-ақ әке-шешенің мақтанышына айналды. Дәрігер мамандығын таңдаған Қайыржан халықтың денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Мәулен — азаматтық авиация қызметкері, ал Ерлен төрт жоғары оқу орнын бітірген білікті маман, қазір жауапты қызметте.  Сол төрт азаматтың  ортасындағы  — Гүлмирасы біраз уақыттан бері Министрлікте қаржы саласында жемісті еңбек етіп, өз ісінің білгірі атанды. Келдібай аға әулетін кеңейткен немерелердің алды да бүгінде қатарға ілікті, егемен елдің еңсесін көтеретін шаруаларға белсене араласуда. Олардың барлығы да қоғамшыл атаның мектебінен өткен, тәлімді, тағылымды ұрпақтар.

Келдібай аға мен Роза апаның шаңырақ көтергеніне де жарты ғасырдан асыпты. Олар сол Баршақұмның бойында туып-өскен, әке-шешелері кезінде сыйласқан, бір-бірінің қадірін жақсы білетін адамдар. Үлкендердің салып берген ізін өшіріп алмай, ілгеріге жалғастыра беру — кезекті буынның парызы.

Өмір болған соң, қуаныштарымен қатар, өкініштері де кездесіп тұратыны қиын.

Келдібай аға өткен жылы соңынан еріп келе жатқан қарасы, көпшілікке ізеттілігімен танымал інісі Бисенбай Еспағамбетұлынан айырылып қалғанына қатты қынжылады. Бауырын әр күн сайын іздейді, сағынады.

Бисенбай да ағасы сияқты кезінде Ресейдің Кострома қаласындағы ауыл шаруашылығы институтында білім алған, кейін Алматы халық шаруашылығы институтынан экономист мамандығын алып шықты. Жас кезінде комсомол қызметінде болды, абыройлы еңбек етті. Ұзақ жылдар Ақтөбе қаласындағы жер ресурстары және жерге орналастыру ғылыми-өндірістік мекемесі директорының орынбасары қызметін атқарды.

…Ия, тіршіліктің өз заңы бар. Өмір жалғаса береді.

* * *

Жетпіс бес әдетте, ақсақалдың жасы. Ал Келдібай ағаның бүгінгі кескін-кейпіне, жігер-күшіне қарап, ақсақалдыққа қимайсың.

Ол әлі де ат үстінде. Айтпақшы, бес жасында тайға мінген екен. Міне, қаншама жыл болды, өзін үнемі арғымақтың тізгінін ұстап жүргендей сезінеді.

Қоғамдағы қызу істердің ортасында жүреді қашанда. Көптеген ұйымдардың мүшесі, игілікті істердің бастамашысы, жақсы шаруалардың қозғаушысы, дем берушісі. Сол қалпыңызбен талайға үлгі бола беріңіз, жақсы аға!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button