Жаңалықтар

Сөз-мерген                               

… Өткенімізге үңілгенде тарихта есімі таңбаланып қалған талай тұлғалар алдымыздан жарқырап шығады. Солардың бірі — Шалқар өңірінде өмір сүрген Жарас батыр. Ол ең алдымен мергендігімен аты шыққан. Қиын-қыстау кезеңдерде жалғыз оқпен қырық үйді асыраған деп келетін аңызға бергісіз әңгіме ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Бүгінде Жарас мергеннің ұрпақтары өсіп-өніп, молынан жапырақ жайды. Әрине, олардың бәрі бірдей аталары сияқты қолына қару ұстап кеткен жоқ. Бірақ көпшілігі баба дәстүрін ұстап, ілгері ізді лайықты жалғастырып келеді. Мәселен, есімі елге мәлім журналист Ғалымжан Төреханов бүгінде сөз мергені атанды. Ол да жалғыз қаламымен көздеген нысанасына дәл тигізіп, талай олжаға батқанына куәміз.       

Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты  — талай жылдан бері қатар келе жатқан әріптесіміз, облыс баспасөзінде өз қолтаңбасын қалдырған, алпыс атты асуға аяқ басқан қаламдас жолдастың кейбір қырларын оқырманның талғамына ұсыну.

Үш Тауманның тәлімі

Кейде көңіліңнің төрінде тұратын бір қадірлі есімдер болады. Ғалымжан үшін сондай жандар Тауман атауымен байланысты.

Бастауыш мектепте білім есігін ашқанда Бисенбі Тауман ағайы алдынан шықты. Ол балаң қадамын әліппеден басталатын әдемі әлемге жетелеп қойған жоқ, сонымен бірге жан дүниесін жарқын сәулеге де толтырды. Ұстаз ұлағаты ойын баласының кеудесін көрікті ойларға кенелте бастады.

Әлі есінде, кітапты жүргізіп оқи бастағаннан үйге бір бума болып келетін газет-журналдарға үңіле бастады. Алдындағы апалары жаздырып алатын «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналынан гөрі аудандық «Коммунизм таңына» ұмтылатыны есінде. Оған себеп болған жай, ауылда айтқыштығымен танылған әкесі Жарылқағанның «Балам, мына газетті Төреханов деген ағаң шығарады, міне, фамилиясы газеттің соңында жазулы тұр» деп айтқаны болса керек. Сол кезде ол өздерінен де басқа Төрехановтар бар екенін алғаш біліп, таңғалған. Дегенмен, газетті қолына алған бойда әуелі сол фамилияны қарап алады. Шамалы есейгесін «өзім де газет шығаратын жерде қызмет істесем» деп қиялдана бастады.

Алтыншы сыныпта оқып жүргенде ме екен, сол газетте өзінің «Мерекелік кеш» атты кішкентай ғана алғашқы хабары жарық көрді. Енді сол басылымды тіпті қолынан тастамайтын болды, кейде жастығының астына тығып қояды. Әлсін-әлсін «Ғ. Төреханов» деген тасқа басылған жазуға ерекше құштарлықпен үңіледі.

Кейін, мектеп бітіргесін, одан кейін комсомол-жастар бригадасында шопан болып, бір сынақтан өткеннен кейін сол «Коммунизм таңы» газетіне тілші болып қызметке қабылданып, редактор Тауман Төрехановтың қол астында еңбек бастағанда өзінің арманына қол жеткізгендей күй кешкен.

Ауылда жүріп, конвертке салып жіберетін хабар-ошарлары, басқа да ірілі-ұсақты мақалалары түк емес екен. Мұнда өзінің де, өзгелердің де жазғандарын дайындап, редактордың алдына ұсынғаннан кейін «қалай қарайды екен, не дер екен?» деп, өз кабинетіне бір кіріп, бір шығып, қыпылдап жүретін жайлар көп кездесті. Кейде тап-таза бет қатал редактордың алдынан қып-қызыл түзетулермен қайта оралып келгенде, қиналып та қалатын. Бірақ мұның бәрі шыңдалу мектебі екен. Осылайша әр сөйлемге, әр сөзге мән беруге қалыптасты. Мұнысынан тіпті де зиян көрген жоқ. Қайта кейініректе өзі редактор болған тұста шашау шыққан тіркестер мен олпы-солпы байламдар өзінің алдынан жіптіктей болып шығатынын қатар қаламдастары айтып та жүрді.

Алматыға, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға барғанында профессор Тауман Амандосовтың кафедрасына бөлініпті. Жүйрік пен жабыны тез айыратын, қалам қадірін білмейтін талапкерден теріс айналатын қатал ұстаз аудандық басылымда қызмет атқарып жүрген шәкіртке әуелден-ақ оң қабағын танытты. Университетті бітірерде диплом тақырыбын да өзі белгілеп берді. Алайда жеңілдік жасаған жері болмапты. Қайта қазақтың «түйе ботасын қарпып сүйедісі» секілді жоғары талап қоя отырып, ілгері жетелеген екен.

Қалай болғанда да Үш Тауманның үлгісін ұмытпайды ол, ылғи да жүрген жерінде айтып жүреді.

Тіл игерген жыл еді

Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газеті кезінде республикадағы танымал басылымдардың бірі болды. Таралымы да мол еді. Редакторы Тауман аға — аудандық партия комитетінің бюро мүшесі. Сөзі өтімді, беделі жоғары адам. Газеттің шығармашылық ұжымы да қуатты. Осындай ортада қызмет істеп жүргенін Ғалымжан мақтан тұтатын. Тілшілік жолдан өтіп, бір күні жауапты хатшы қызметіне тағайындалды. Бұл дегеніңіз от пен судың ортасында жүр деген сөз. Газет аптасына үш рет шығады. Сол аралықта тыныс алу деген мүлдем болмайды. Келесі нөмірдің шаруасы менмұндалап тұрады.

Жауапты хатшы редактор мен тілшілердің һәм баспахананың арасындағы байланыстырып тұратын штаб іспетті. Штаб қалғымауы тиіс. Ол кездегі талап сондай. Ғалымжан да бір қолында қаламы, бір қолында сызғышы, ылғи алаң үстінде жүрген кезі көп.

Сондай күндердің бірінде жоғары жақтан телефон шалынды. «Таңертеңгілік облыстық партия комитетінде болуың керек!».

Айтылған уақытта обкомның идеология бөлімінің меңгерушісі Елеусін Сағындықов қабылдады. Негізі педагог адам ғой, әңгімені арыдан бастап, үй жағдайына дейін сұрастырып жатыр. Сонан соң негізгі шаруаға көшті. Облыстың екі ауданында қазақ тілінде газеттер шығарылуы керек екен. Соның бірі Комсомол ауданына редактор болып баруы жөнінде ұсыныс айтты. Бұл ойланғысы келетін сыңай танытқанымен, оған мүмкіндік бермеді.

«Бұрын ол өңірге жұрт тың игеруге барса, сен тіл игеруге барасың, бұның маңызы одан бір де кем емес!» деп күштеңкіреп жолға салып жіберді.

Арада көп уақыт өтпей, яғни 1990 жылдың 1 қаңтарында «Жаңалық жаршысы» деп аталатын аудандық газеттің алғашқы саны комсомолдықтардың қолына тиді. Төреғали Нәменов, Егенберлі Әбдіраев, Құдайберген Ахмедияров, Бөрібай Кәртенов секілді кілең жалындап тұрған жастардан құралған шығармашылық топ қызу іске кірісті. Газетте тіл, ұлттық сана, салт-дәстүр тақырыбы кеңінен көтеріле бастады. Ауданның шаруасы, елдің жағдайы, басқа да тақырыптар күн тәртібінде тұрды, әрине. Ана тілінде өлең-әңгіме жазуға талапкер жастар редакцияға жиі келе бастады. Тіл жанашырлары да осы төңірекке топтаса түсті.

«Жаңалық жаршысының» беделі өскені сондай, талай жылдар шаппай жүйрік атанып келген «Целинная новь» бір күні жаңа басылымның жанынан табылды.

Жаңа газеттің ықпалымен ауданның атқарушы билік органдары да қазақша сөйлей бастады.

Міне, сөйтіп, отызға толар қарсаңында Ғалымжан осылайша орда бұзды.

Газеттің 5 жылдығын атап өткен тұстағы бір көңілді жайларды әлі күнге ұмыта алмайды. Аудандық басшылықтың қолдауымен ұйымдастырылған салтанатты шара үлкен дүбірлі тойға айналып кеткені бар. Шаруашылық, кәсіпорын басшылары газетке қолдау білдіріп, осы мерекеге қомақты сый-сияпаттарын ұсынды. Қазір ойласа таңқаларлық жағдай, барлығы 500 тонна астық жиналыпты, біраз малдың басы құралғаны өз алдында. Бұрын осы ауданда ішкі істер бөлімін басқарып, кейінгі тұста Мұғалжар ауданына қызмет ауыстырған полковник Ғалым Дәулеталин байғазыға 5 тонна бензин жіберді.

Нарықтық қатынастар дендеп еніп, қиындықтар туындап тұрған тұста қалың елдің осындай қолдауы жергілікті журналистерді қанаттандырып жіберді.

…Арада қаншама жыл өтті, «Жаңалық жаршысының» алғашқы редакторы Ғалымжан Төреханов өз газетін әлі күнге дейін қарап отырады.

Жақсы жолдың жалғасы     

Сегіз жылдай редактор болған соң ол Ақтөбеге қоныс аударды. Әрине, журналист үшін бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет ету маңызды. Сондықтан да Ғалымжан басқа салаға мүлдем алаңдаған жоқ. Сол уақытта жаңаша сипатта көрініп жүрген «Арна» телевизиясында редактор болып еңбек етті. Содан кейін Ақтөбе қалалық «Қала тынысы» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалды. Қай-қайсысында да қолтаңбасын танытты.

Шынын айтса, журналистикадан басқа қызметке ауысамын деп мүлдем ойламаған екен. Алайда өмір арнасы оны мемлекеттік қызметке қарай тартып кетті. Әуелі облыстық мәслихаттың бас маманы болып біраз қызмет атқарды.

Одан кейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметіне келді. Осыдан біраз жыл бұрын Комсомол ауданына ақ батасын беріп шығарып салған Елеусін Сағындықов бұл уақытта облыс басшысы қызметінде еді. Өзінің көз қырында жүрген кадрды ұмытпапты, енді жанына алып, маңызды шаруаларды тиянақтап отыруды тапсыратын болды.

Сырт көзге білінбейтін көптеген мәселелер Ғалымжанның қатысуымен оңды шешіліп жүргенін көзіміз көрді, сол тұста оның қамқорлығын, қолдауын көрген азаматтар да аз болмады. Әсіресе өзінің жанына жақын баспасөз саласындағы әріптестеріне оң бүйрегі бұрып жүрді.

2011 жылы ол облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы болып тағайындалды. Кезінде бір ауданға барып қазақша газет шығарып, тілін түзеп қайтқан оған енді облыс ауқымында осы бағытта еңбек ету қажет болды. Облыстағы қаламдастары оған сенім білдіріп, сол кезде өткен жиында оны Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы етіп сайлады. Осылайша үлкен жұмыстарға белсене кірісе бастаған тұсында Сенатор қызметіне кіріскен Елеусін Сағындықов оны тағы да өзімен бірге қызмет істеуге шақырды. Өзіне үнемі қолдау көрсетіп, ылғи да сенім білдіріп жүретін жақсы ағасының ұсынысынан бас тарта алмады. Сөйтіп, ол Астана қаласына қоныс аударды.

Қазір де сонда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратында жауапты қызметте.

Жылдар жемісі

Ол қай жерде жүрсе де көпшілікпен тез тіл табысады. Жанына жолдас жинайды. Жаңадан аудандық газет шығарамын деп бұрын көрмеген өңірге алаң көңілмен барғанда алдынан аңқылдап шыққан Есімқан Есенбаев, Ақансері Ермағамбетов, Роман Рахиев секілді ағалардың аялы алақан жылуын әлі күнге дейін ұмытпайды.

Қасындағы серігі, өмірден ертерек өтіп кеткен жары Гүлнәр Жолдыбайқызы газеттің әр санын шығарып, шаршап келгенінде алдынан күлімдеп шығып, бар жағдайын жасайтынын қалайша естен шығарар?!

Алпысқа жақындап қалғаннан-ақ өткен жолға көп үңілетінін байқап жүр. Сонау 1977 жылы он алты жасында мектеп бітіріп, қатарластарымен бірге «Шалқар» кеңшарындағы «Береке» деп аталатын комсомол-жас шопандар бригадасы құрамында еңбек етті. Қой бағып жүріп, қонышындағы «Жұлдыз» журналына әлсін-әлсін үңілетіні де бір ғажайып сәттер екен-ау. Тәлімгері Мәпу Шүреновтің тағылым-тәлімі қандай еді?!

Одан кейін аудандық газетте қызметте жүргенде армия қатарына шақырылып, Қызыл тулы Солтүстік-Теңіз флотында жауынгерлік борышын өтеді. Онда да үйренген дағдысынан арыла алмай, қағаз бен қаламға жармасты. Шала орысшасымен жазған мақаласы әскери «На страже Заполярья» газетінің кәдесіне жарап жатты. Ол аз десеңіз, сол газеттің басшылығы қатардағы жауынгер Ғалымжанның қолына тілшілік куәлігін де ұстатып қойды.

Кейде өткен жолдарды осылайша жадында жаңғырта отырып, «осы мен біраз жасқа келіп қалғаным ба?» деп өз-өзінен сезіктенетіні де бар.

Өмір ғой, қиындықтар да болды, Гүлнәрдан кейінгі жолдасы Құралай бес баласының қамқоршысы, сүйікті ана.

Шүкір, үлкені Әйгерім Қазақстан-Британ техникалық университетін бітіріп, қазір Ақтауда отбасымен тұрады, банк қызметкері.

Әселі қызмет бабымен Қытай елінде тіршілік етіп жатыр, күйеубала Қазақ теміржолының сондағы өкілі,

Аружаны Еуразия университетін бітірді.

Олардан кейінгі Жұлдызы мен Жарасы — мектеп оқушылары. Кенжесі Жауһар жақында екіге толады.

Алдында төрт апасы бар Жарас батыр жан-жақты жігіт болып өсіп келеді. Бұл ауылдың әжелерінен бастап жаңа түскен келіндеріне дейін оның атын атамайды, бәрі де еркелетеді.

* * *

Міне, он жылдай уақыт болып қалды, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Елу жасында Ақтөбесін артқа қалдырып, Елордаға бет алған. Шүкір, Астанада алпысына абыроймен жетіп тұрған сыңайлы.

Қаламың-қаруың ел игілігіне қызмет ете берсін дейміз Ғалымжан бауырымызға.  

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button