Әкімдер сайлауы

Жаңа саяси тәжірибе

Ауыл әкімдерін сайлау — Қазақстандағы жаңа саяси тәжірибе. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында көтергені белгілі. Бүгінде осы игі бастаманың жүзеге асырыла бастауы көңіл қуантады.

Сайлау арқылы ауыл тұрғындары өз ұсыныстарын айта алады. Сондай-ақ  жергілікті деңгейде билікке деген сенім арта түспек. Тұрғындар өзі сайлаған әкімге нақты талап қоя алады. Ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білетін, өз туған жеріне жаны ашитын адам билікке келсе, ауыл халқы оны қолдап отырса, ауылдарымыз одан әрі көркейе түсетініне күмән жоқ. Бұл еліміздің саяси өміріне серпіліс алып келетін қадам болады деп ойлаймын. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлауға бей-жай қарауға болмайды. Мұны саяси науқанды әділ әрі ашық өткізудің іргетасы ретінде қабылдауымыз керек.

Мәртөк ауданында да үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Партиялар ұсынған және өз кандидатурасын ұсынған азаматтар ел арасында абыройы бар қоғам белсенділері. Сайлау күні халық дұрыс таңдау жасайды деген ойдамыз.

Бұл саяси өзгеріс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын белсенді жүзеге асыруға жасалып жатқан қадам деп түсінемін. Өйткені ашықтық болған жерде түсініспеушілік, кикілжің аз болады.

 Әділбек ҚУАНОВ,

Мәртөк ауданы әкімінің

Қызылжар ауылдық округі бойынша

қоғамдық көмекшісі.  

 

БЕРЕРІ МОЛ БАСТАМА

Осы сайлауда ауыл тұрғындарының өзін-өзі ұсына алу мүмкіндігін басым артықшылық ретінде қараймын.  Сондай-ақ саяси партиялар өз ішінен кандидат ұсына алады. Үшіншіден, жергілікті жердегі аудан әкімі де бір кандидат ұсынады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасы өте дұрыс шешім деп есептеймін. Бұл қадам тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізбек.

Айбек ҚОСМАҒАМБЕТОВ,

 «Жастар»  кеңесінің төрағасы.

Талдысай ауылы.  

Қобда ауданы.

 

САНАЛЫ ШЕШІМ

Ауыл әкімін өзіміз сайлау біз үшін үлкен қуаныш. Бұл сайлау демократиялық өзгерістерге жол ашады. Сондай-ақ өзіміз жақсы танитын, етене араласатын адамды сайлаймыз. Керек сәтте қолдап, кез келген уақытта арыз-шағымдарымызды  айта аламыз. Ауылдың қамын ойлайтын, мұң-мұқтажын тыңдайтын, өзіміз сайлаған әкім үмітімізді ақтайтынына сеніміміз мол. Ауыл әкімдерін халықтың өздері сайлауы — ең саналы шешім.

Орынбасар ДОСАНОВ,

Тасқопа ауылдық округі.

Темір ауданы.

 

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНДІРЕДІ

Көп ұзамай ауыл әкімдерін сайлаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігін айтқан болатын. Бұл сайлау халықтың еркін, ашық та әділ таңдау жасауының көрінісі болмақ. Көптеген дамыған елдерде осындай сайлау жүйесі енгізілген. Тікелей сайлау округ әкімінің өз сайлаушылары алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Бұл сайлау жаңа идеялардың, берекелі істердің бастамасы болатынына дау жоқ.

Асхат Ниязов. Кәсіпкер.

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button