Тәуелсіздік — 30

Ақтөбедегі көше атауларының бүгіні мен болашағы

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық таным-түсінік, салт-дәстүр сол халықтың мәдениетін жасайды, ол қоғамның өзгеруіне байланысты дамиды әрі жаңа тұрпатқа ие болып отырады. Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде қазақ халқының рухани  байлығы толығып, халқымызға мирас болған мол мұрамыз толысып, жетіліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн,  Сақ дəуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» деген болатын. Сондықтан да қазақы атауларды қолданғанда оның түп негізіне назар аудару керек.

Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялаған отыз жылдың ішінде көптеген мәселелер шешіліп, қазақы атаулар қалпына келе бастады. «Қазақы  төлқұжатын» алғандардың қатарында көше атаулары бар. Бұл сала қазақ тіл білімінде — ономастика саласында қаралады. Халыктың әдет-ғұрып, тарихи дәстүрлері мен ономастикасының негіздері  арасындағы байланыс екі проблеманы қарастырады:  біріншісі, қоғамның белгілі тарихи даму сатысындағы (сол тарихи кезеңдегі қоғамдық ұжымда) атаулардың әлеуметтік саралануы; екіншісі, қазақы атауларының әлеуметтік даму үдерісін,  оның  тарихын  әлеуметтік  құбылыс ретінде қарау.

Егемендік жариялаған алғашқы жылдары көше атауларына қазақы атауын қайтару, жаңа атаулар беру, өзгерту мәселесіне қарсы болғандар да табылды. Дегенмен уақыт ондай келеңсіздіктердің барлығын өз орнына қоя білді. Себебі, көше атауларына мән беру мен оның ұлттық бет-бейнесін қайтару — бұл мемлекеттік дәрежедегі шешілетін шаруа еді. Ономастика ғылымының ішкі қабаттарына жататын годонимдер, эргонимдер, прагматонимдер, менсонимдер, т.б. және олардың негізгі қызметі осындай түйткілді мәселелерді шешу болып табылады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры  Ж.Қоңыратбаева: «… «годоним» — ғылыми сөздіктерде  қалаішілік желілік нысандар – даңғыл, көше, бульвар, жағалау, т.б. атаулары», — деп көрсетеді. Бұл  —  қазақы көше атауларының әлеуметтік мәні және негіздері.  Қазақстанның заманауи ономастикалық кеңістігі инновациялық қоғамдық, психологиялық, тарихи мінезімен сипатталады. Қазақстанда геосаяси және тілдік жағдай өзгерді, сондықтан да қазақ антропонимдерінің әлеуметтік мәні және негіздерінің этнолингвистикалық жүйесі және олардың лингвомәдени негіздері  туралы көзқарас та өзгерді. Қазақ антропонимдерінің әлеуметтік мәні және  олардың негіздері туралы жаңа концепция пайда болды.

Ақтөбе қаласының атауларының қазақи көше атауларын сөз еткенде, бұрынғы атауларды ой елегінен өткізіп, басқа атаулармен салыстыра қарап шығуға тура келеді. Алғашқы кезде көше атаулары дұрыс сияқты көрінгенімен, талдай келгенде сол атаулар орнында қолданылып тұра ма, мақсат еткен ұғымды дәл білдіре ала ма деген сауалдар туындайды. Ұқсас атаулардың бір ұғым төңірегіне сыйып кететіндігі де кездеседі. Бұған Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының «Ақтөбе облысы жер-су атауларының атласы» деп аталатын (Ақтөбе, 2019 ж.) еңбекті қарағанда көз жеткіздік. Бұл мәселеге ден қойып қарауға бірнеше себептер болып отыр. Ақтөбе қаласының көше атаулары Кеңес дәуірі кезеңіндегі Московский, Павлов, Морозов, Вокзальный, Локомотивный, Вагонный, Станционный, Интернациональный, Пожарный, Минин тұйық көшесі, Пожарский , О.Кошевой, Снайперский, Актюбинский, Лачугин,  Кутуев, Севастопольский, Кутузов, Чернышевский, А.Чекалин, Холмогорская, Индустриальный, Фестивальная, Дмитриев, Почтовый, Радистов, Звездная, Местпром, Дорожный, Детский тұйық көшесі, Можайский, Авиационный, Петропавловский, Нефтянников, Кленовая, Береговой, Рентгензаводской Южная және қызыл белсенділердің аттарымен аталған атаулардан, көз сүрініп, тілімізді бұрап сөйлеуге тура келеді. Олай болса тіл білімінде, оның ішінде ономастика ғылымында көше атауларының грамматикалық, семантикалық және тағы да басқа тілдік деңгейлеріне назар аудару қажет. Себебі көше атаулары тіл мамандарының танымында жаңа атау болып табылады. Қала көшелеріне жаңа атау беру — кезекте тұрған шұғыл шаруалардың бірі. Қазақ елі отыз жыл ішінде өзінің тәуелсіз мемлекет екенін дүниежүзіне дәлелдеді, сондықтан бұрынғы қызыл коммунистік идеология мен қойылған атаулардан арылуымыз қажет. Қала тарихы, оның атаулары қазақ халқының тарихы және салт-дәстүрімен байланысты болады.

Ғалымдардың көрсетуінше, қала көшелеріне атау беруде (номинациялауда), қайта атауда (реноминациялауда) ұстанатын бір қағида бар, ол — семиотикалық (таңбалық) тәсіл. Бұл тәсіл арқылы көше, даңғыл, алаңдарға атау беру екі түрлі қағида бойынша жүзеге асырылады: демонстративті және меморативті. Демонстративті  атаулардың  негізгі  ерекшелігі, халқымыздың тарихына, ділі мен дініне, салт-дәстүрімізге сәйкес келмейді. Оның мағыналық құрылымы, тұлғалық құрылысына тән  өзіндік нормалары  қалыптасып өткен  ғасырда көшеге қызыл көсемдер мен революционерлердің атын беру (демонстративті атау беру) норма болып табылды.  Қазіргі уақыттағы бұл саясат өзгеріп, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Бостандық және т.б. атаулар, eң aлдымeн, Тәуелсіз еліміздің көpiнiciн, бeйнeciн cипaттaйды және тaңбaлaйды. Көше атаулары арқылы халқымыздың рyхaни дүниeсінiң жaңғыpып, өткеніміз қайтып, өшкеніміз жанды. Ұлттық бipлiк пeн бipeгeйлiктi тaнытaтын осындай ұғымдap өзгe тiлдepгe aлмacып, әлeм тaңбacын бeйнeлeyдe қoлдaныc тaпты. Ал, меморативті атаулар тоқталатын болсақ, қазақ халқының арыстарының есімін ардақтау мақсатында көше атауларына беріледі. Мысалы, Әбілқайыр хан, Ә.Молдағұлова, Ғ.Жұбанова, Ағайынды Жұбановтар, Есет батыр, А.Байтұрсынов, Есет Көтібарұлы, Таразы Қаленқызы және т.б. атаулар осының дәлелі бола алады. Дегенмен көшеге  жаңа атау бергенде қолданылатын сөздердің мән-мағынасына назар аударып, сақ болған дұрыс деп ойлаймыз. Себебі  адам есімдерінің қалыптасуына қатысты мифологиялық  дәстүр өміршең болады, дәуірден-дәуірге, ғасырдан-ғасырға ауысып отырады, мифологиялық дүниетаным және оның сарқыншақтары адамзат қоғамы  мен өмірінің барлық кезеңдерінде сабақтаса жалғасып, күні бүгінге дейін сақталған.

Ақтөбе қаласының көше атаулары біздің тарихымыз бен халқымыздың ұлттық айнасы болып табылады. Ақтөбе қаласының тарихында годонимия мәселесін зерттеуде көше атауларының годонимдердің тілдік модельдерін анықтауда жұмсалды.

Ақтөбе қаласындағы көше атауларына орыс тілінің «салқыны» мықты әсер еткен, ол салқын қазіргі кезде де сақталуда. Мысалы, Коммунальник, Красногорский, Цементный, Совхозный проезд, Ударный, Земледельческая және т.б. аталған атаулардан орыс тілінің сөзжасамдық қызметінің тәсілдері (-ик,- ский, -ская, -ный, -ная ) «мықты» қызмет атқарып тұрғанын көреміз. Мәселен,  Ақтөбе қаласының тарихына арналған Е.Сағындықов, Г.Сұлтанғалиева және М.Тәжібаевтың  кітабында ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы қала годонимдік жүйесінің 60-70 пайызы адъективті типтегі атауларды құрағаны байқалады. Жоғарыда келтірілген көше атауларына қатысты мысалдар, яғни годонимдер сипаты — соның айғағы.  Осы салқындықтың әсерінен  басқа  тілдің  сөзжасамдық тәсілі өткен ғасырда біздің қаламыздың көше атауларының Ресейдің бір қаласында жүргендей әсер қалдырғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Бұған дәлел, 2000 жылдардың басында облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Еркін Құрманбектің республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Ономастика – еліміздің айнасы», профессор А.Тайжановтың «Тіл түзелмей, діл түзелмейді», белгілі ардагер журналист Идош Асқардың «Бір атаудың төңірегіндегі сөз» («Ақтөбе газеті», 21.02.2013 ж.) атты мақалаларында жоғарыда айтылған мәселелерді де көтерген болатын. Арада  біраз уақыт  өтсе де осы мәселе әлі де болса өзінің өткірлігін сақтап тұр.

Көше атауларын қазақиландыруды дұрыс қабылдауымыз керек, себебі оның астарында ұлтымыздың тарихы, төл мәдениетіміз, халқымыздың рухани дүниесін сақтау тұр. Қазақ халқының тарихи айнасы болатын осындай сөздер көше атауларында жарыса қолданылып көбейіп келеді. Мысалы, Нұрлы таң, Асыл тас, Атамұра, Тайбурыл, Қыран, Ақшам, Нарын, Сәйгүлік, Қалқаман – Мамыр, Оқжетпес, Сандықтас, Ақсеңгір, Көкжелек, Жалын, Атақоныс, Шабыт, Мерей, Құмсай, Салсері, Алтай, Шұғыла, Жұмбақтас, Дулыға, Самал, Жайсаң, Жайлау, Тасбұлақ, Асылмұра, Алтыбақан, Алмас қылыш, Ақсуат, Ғарышкер, Айбын, Мирас, Берекет, Шамшырақ, Кең дала, Көктем, Жәдігер, Тұран, Алтын, Тарлан, Нұрлы, Бес қайнар, Кең жазира, Берен, Ақ отау, Бойтұмар, Көксерек, Көкорай, Телқоңыр, Көксеңгір және т.б. атаулар қаламыздағы көше атауларын адам танымастай өзгертті. Бұл — құптарлық іс. Осындай атаулардың арасында көрінетін кейбір лексикалық, емлелік және грамматикалық ауытқулар бар. Алдымен бұл атаулардың сөз тіркестерінің, мағыналарының тіпті жазу үлгілерінің қала тұрғындары үшін түсінікті, халқымыздың өткен тарихынан хабар беретін, құлаққа жағымды естіліп, оқуға жеңіл жақтары да ескерілген дұрыс деп санаймыз. Сондықтан мұндай көше атауларында ақпараттық мағлұмат берумен қатар, мейлінше түсінікті, әсерлі болу жағы да ескерілуі тиіс. Көше атауларын өзгертіп, қазақша атаулармен атағанда олардың лексикалық мағыналары әртүрлі реңктерді қамтып, «әсем, көркем» сөздерді іздеу қажет болмай қалады. Мысалы, «Майталман» деп аталатын көше атауы күнделікті қолданыста бірнеше атаулары бар екенін білеміз. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» — «майталман — өз ісінің асқан шебері» деп көрсетіледі. (ҚТТСАлматы, «Дайк-пресс» баспасы, 2008 жыл, 576-б.)  Осы сөзге қатысты академик апамыз, марқұм Рәбиға Сыздықтың   «Ана тілі» газетінің бірнеше санында жарық көрген «Сөз мәдениеті хақындағы жанайқай» атты мақаласында: «… қашанда көзге түсетін бір құбылыс, ол – белгілі бір сөздерге «жіп тағып» орынды-орынсыз жерде жиі қолданылатын әдет сөзді «модаға» айналдыру. Өткен ғасырдың 70-жылдары,  «майталман» сөзінің тасқынын әзер тоқтатқанбыз. Негізінен, жүйрік  жылқыға, сондай-ақ төгілте күй шертетін күйшіге, ағыл-тегіл жыр төгетін жыршыға қарап айтылатын (майталман жүйрік,  майталман күйші) деген тіркестерде қолданылатын о бастағы мағынасы  «шапшаңдық», «ағыл-тегіл  біркелкі қимыл» деген реңкі болған сияқты, кейін біз… майталман ақын, 80- жылдардың басында асқан майталман өнер иесі, еңбек майталмандары дегенді оқыдық. Тіпті бара-бара «майталман сауыншы», одан да асырып  «майталман шошқа бағушы» деп те жазатын болдық. Әйтеуір жиі айтылып жалықтырды ма, әлде «майталман шошқа бағушы» дегендердің қазақ танымына сай келмейтіндігін сезінді ме, я  біздің сын мақалаларымызға ептеп құлақ асты ма — әйтеуір өрбіп кеткен «майталмандардан» құтылдық», деп жазған болатын. Сондықтан қаламыздың «Сельмаш» шағын ауданындағы  «Майталман» көше атауы да сәтті атау болды деп айту қиын.  «Жомарт, Қырмызы, Үміт, Аламан, Атбегі, Тамаша, Дауылпаз, Жезкиік, Алтын айдар, Қымызмұрындық, Жайдарман, Талапкер, Заңғар, Ізгілік, Желмая, Кемер» және т.б. сөздер де осындай көше атауларының қатарына жатқызуға болады. Ақтөбе көшелерінің атауларының жасалуына семантикалық тәсілдің өнімді қызмет атқаратынын көреміз. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамында лексика-семантикалық тәсіл бар. Қала көшелерінің лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалуында сөз мағынасының сақталуы әсер ететіні белгілі. Мысалы, «қырмызы» сөзі  Шығыс Қазақстан облысындағы қазақтардың тілінде «қырмызы қызыл жігіт» тіркесі қолданылады да «мінезі жақсы жігіт» деген мағынаны білдіреді. (Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі , 2-ші кітап, 221-бет, Алматы, 1999 ж.) «Қырмызы» сөзінің кісі аты және гүл атауы екені де белгілі. Олай болса көше атауларын жекелеген  бір адамдардың «фантазиясы» бойынша атай беруге болмайды. Мұндай фантазияға салынып берілген көше атауларының қатарында «Сал-сері», «Жезкиік», «Қымызмұрындық», «Кемер», «Ғарышкер», «Нұршашқан» , «Бес қайнар», «Атбегі» және т.б. көше атауларын айтуға болады. Сөз соңында айтарымыз, көше   атауларының  сипаты ұлттық тағылымда , ұлттың санасында өзіндік дүниесін  түзеп, өзін қоршаған ортаның тілі — мемлекеттік тіл арқылы оның көшірме бейнесін көрсетеді. Көше атауларының қалыптасуына тілдік ой мен адам санасындағы лингвистикалық әрі ментальді жүйе жасалғандықтан  бейнелері мен міндеттері әртүрлі болады. Жалқы есімдік бейнелердің жұмсалуы  мен қызметтері көше атауларының  белгілеріне байланысты болып келеді және оны құрылымдайтын маңызды кұрал (элемент) болып табылады. Фольклорлық және  басқа да жалқы есімдердің мағынасынан, этимологиясынан ақпарат алуға болады, ал қазақы атаумен аталған көше атауларының поэтикасы халқымыздың  дүниетанымынан хабардар етеді.

Н.М.Алдашев,

филология ғылымдарының кандидаты.

Ақтөбе қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button