Жаңалықтар

Бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті

Парламент Мәжілісініңдепутаттары Арман Бердалин, Дания Еспаева, Ғалымжан Елеуов, Зүлфия Сүлейменовалар Өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті.

Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен бизнес өкілдері Мәжіліс депутаттарына агроөнеркәсіптік кешені, құрылыс, медициналық қызмет көрсету және жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты туындап отырған проблемалар туралы, қолданыстағы заңдарда кездесетін қарама-қайшылықтар туралы айтты.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрлан Махамбетов құрылыс саласында кездесетін мәселелерге тоқталды:

— Бұрын тұтас тұрғын үй массивіне бір ғана ортақ газ реттеуші пунктін салатын еді. Қазір әрбір көпқабатты тұрғын үйге жеке-жеке салу қажет деген талап қойылып отыр. Егер сметада бұл жоқ болса, сарапшылар құжатты өткізбейді. Ал оны әрбір үйдің алдына қою әрі қауіпті, әрі көп шығын шығады. Біріншіден, газ реттеуші пункттерге қысымы орта деңгейдегі газ келіп тұрады. Егер қыста кері клапан қатып қалса, газ бірден газ плитаға барады. Егер ол газ плитасын қосса, газ баллоны секілді жарылуы мүмкін. Бұл өте қауіпті. Екіншіден, әрбір үйдің алдына мұндай пункттер қоюдың шығыны көп. Үшіншіден, мұндай газ реттеуші пункттер тұрған жерді қоршау керек, 8 метр радиуста ештеңе салуға, ешқандай құбыр жүргізуге болмайды, ал бұл қала көркін бүлдіреді. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймын, — деді ол.

Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндіру қауымдастығының мүшесі Әлия Мұхамбетова «qoldau.kz» базасындағы кемшіліктер, сүт өндіру саласындағы және асылтұқымды ірі қара мал алу кезінде оның қайдан әкелінгеніне қарамастан, субсидия беру мәселесіне тоқталды. Облыстық мәслихат депутаты Қазыбек Әлішев те ауылшаруашылығы саласындағы субсидиялау мәселесіне қатысты пікір айтты:

— Бүгінде шаруалар 880 миллион теңге көлемінде субсидия алды. Бірақ ол 2017 жылы алған несиелерін субсидиялау үшін берілді. Ал биыл алған несиелері үшін әлі субсидия ала алмай отыр. Осы мақсатта республикалық бюджеттен қаражат бөлуге ықпал етулеріңізді сұраймын. Екіншіден, ауылшаруашылығы техникаларының 25 пайызы субсидиялауға жатады. Алайда қазір біз бұл техникаларды 2017-2018 жылғы көрсеткішпен бағалап келе жатырмыз. Негізінде, дәл қазіргі нарықтағы құны алынуға тиіс. Осы мәселе де шешімін тапса дұрыс болар еді, — деді ол.

Ал Отбасы банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Жанболат Калменов мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізу қажеттігіне тоқталды:

— «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспана алуға ниетті мүгедек балалары бар отбасылардың балаларына төленетін жәрдемақыны бала 18-ге толғанда тоқтатып тастайды. Ал мүгедек бала 18-ге толғаннан кейін де күтімді қажет етеді. Екінші жағынан, бұл жайт олардың төлем қабілетіне әсер етіп отыр. Осы мәселе реттелсе екен. Екіншіден, «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламалары бойынша біздің облыста құны тек 10 миллион теңгеге дейінгі үйлерді алуға рұқсат етілген. Ал қазір үй өте қымбаттап кетті, сондықтан бұл талапқа да қатысты өзгеріс енгізілсе, дұрыс  болар еді, — деді ол.

Мәжіліс депутаттары ешбір ұсыныстың жерде қалмайтынын, барлығы да Парламент қабырғасында талқыланатынын айтты.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова Мәжіліс депутаттарына жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары үшін алғыс айтты.

Кездесу барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары өкілдері жиынға онлайн форматта қосылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button