Білім

Ұлағаты мол ұстаз

Біздің жастық шағымызда халықтың, елдің ортасынан табылып, күрделі мәселелер туындағанда тіл табыса білетін ел ағалары көп болып еді… Ол да уақыттың үйлесімділігі шығар. Әсіресе үлкенді сыйлау, алдынан кесе өтпеу, сөзге тоқтау ауылдағы ерекше бір сыйластық көрінісіндей болатын.

Біздің «Сарыбұлақ» кеңшарына Құрманғали Басмағанбетов есімді азамат партия комитетінің хатшысы болып келгенде, әдеттегідей көпшілік құшақ жая қарсы алды. Бұл да елдегі қалыптасқан жақсы жағдай көрінісі еді. Сырттан келген азаматты жатсынбай, ортаға тартып, қонақжайлылық таныту парызымыз сынды көрінетін.

Құрманғали ағамыз да өзіне сеніп тапсырылған міндетіне жоғары жауапкершілікпен кірісті. Ауыл ақсақалдарын құрметтеді, жастарды тәрбиелеп, жақсы іске жұмылдыра білді, өз замандастарымен тіл табыса еңбек етті.

Енді ғана мектеп бітіріп, еңбекке араласа бастаған біздің буын ол кісіні адамгершілік абзал қасиеттері үшін құрметтеді. Салиқалы, сырбаз мінезді азамат көп ұзамай осы елдің өз перзентіндей болып кетті.

Ағаның отбасындағы жарасымды сыйластықты көріп, оны үлгі тұта бастағандар болды. Бұл үйдің балалары біздің Қорғантұз орта мектебінде білім алып, жақсы оқуымен, тәртіптілігімен көзге түсе бастады.

Құрманғали ағамыздың мамандығы экономист болды. Ол қазақ, орыс тілдерін жетік меңгерген, дүниетанымы кең, зерделі жан ретінде көрінді.

Осындай отбасынан тәрбиеленіп шыққан перзенттердің бірі Рита Құрманғалиқызы — бүгінде аудан көлеміндегі абыройлы ұстаздардың бірі. Өнегесі мол ата-анадан тәлім алған ол өзі де талай жас буынға тәлім жолын ұсынып, биіктерге көтеріп келеді.

Рита 1988 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих-қоғамтану факультетін бітірді. Уақыттың жылдамдығына кейде шек келтіре алмаймыз, сынаптай сырғып ағып жатады.

Бір кездері өзі де мектеп қабырғасында ұғымтал шәкірт болып жүрген оның өзін қазіргі уақытта аудан жұртшылығы үлкен ұстаз санайды.

Рита Құрманғалиқызы алғашқы еңбек жолын өзі білім алған Қорғантұз орта мектебінен бастағаны  есімізде. Ол кезде мектеп директоры тәжірибелі ұстаз, көпшілікке сыйлы Сағитжан Әметов болған еді. Адам көңілін алыстан танитындығы, қай шаруада да сабыр мен ақылға жүгініп, іскерлігіне, тапқырлығына  жанымыз сүйсінетін Сағитжан ағаның іс-тәжірибесін өнеге тұтып, көріп өскен Рита Құрманғалиқызының дара жолы осы арадан өріс алғаны көп жайды ұқтырады.

Талай түлектерін ұшырып, алтын ұяға айналған Қорғантұз орта мектебінде ұстаздық жолын қалыптастырған Рита Басмағанбетованың ұдайы ізденгіштігі, шәкірттерге мейірім нұрын төгіп жүретіндігі, әсіресе ата-аналарды сүйсіндіретін. Осындай ілтипатқа сай ол да жоғары деңгейден көріне білді.

Ол 2010-2013 жылдары аудандық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Одан кейін Шалқар қаласындағы  №2 мектеп-гимназиясының директоры болып тағайындалды. Ал 2014 жылдың қараша айынан бастап Шалқар ауданының білім бөлімінің  басшысы қызметі тізгінін ұстады.

Осы қызметтердің қай-қайсысын атқару да оңай емес. Оның үстіне оқу бағдарламалары жиі өзгеріп, мектептерге жүктелетін міндеттер күрделене түскен уақытта басшыға сын көп. Рита Құрманғалиқызы соның барлығына да төтеп бере білді. Ең алдымен, білімімен, біліктілігімен, адамдармен жұмыс істей білу қабілетімен, уақыт талабын терең түсінуімен.

Кейінгі кезеңде ол Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта  білім беретін мектептің  директорлық  қызметіне келді. Бұл жерде де ол өзінің тәжірибесін, бар күш-жігерін балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне жұмылдыруда. №8 мектеп Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2009 жылы пайдалануға берілген болатын. Мектепте жас ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Елбасының құрметіне «Тұңғыш  Президент» кабинеті  жобасы мектепке 10 жыл толу  қарсаңында салтанатты түрде ашылды.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында  дарынды балалардың  басын қосатын, оқушылардың  бос уақытын  тиімді  ұйымдастыру  мақсатында  «Шұғыла» дарынды балалар клубы жобасы басталған еді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейтін тағылымды сөзді басшылыққа алған дарындылар клубы әр баланың  бойындағы  өзіне тән ерекшелігін  байқап, дарынын дамытады. Әр бағыт бойынша шыңдалған оқушылар бүгінгі күні  мектептің  мерейін асқақтатып жүр.

Оқушылардың білімге құштарлығын арттыру мақсатында «Дарын» сынып жобасы іске   қосылды.

Шәкірттердің математикалық  сауаттылығын арттыру мақсатында «Шахмат» алаңы жобасы аясында шахмат жарыстары жиі  ұйымдастырылып тұрады.

Балаларға арналған «Тілек пен қиял» фоесі  жобасының мақсатына сәйкес оқушылар өз ойларын, ұсыныстарын емін-еркін ұстаздарына жеткізеді және үнемі мектеп психологтарымен тығыз байланыста  болады.

«Шалқар шабыт» радио торабы арқылы оқушылардың шығармашылық дамуына жол ашылды.

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған республикалық байқауына дарынды оқушыларды қатыстырып, белсенділік көрсеткені үшін мектеп директоры Рита Басмағанбетова «Қазақстан таланттары өнер-білім дамыту шығармашылық орталығының» «Білім озаты» төсбелгісімен марапатталды.

Рита Құрманғалиқызы ұйымдастырушылық жетістіктері үшін Министрліктің, басқа да жоғары органдардың Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына ие болды.

Басшының алғыр ойы, ұжымды ілгеріге жетелейтін идеялар ұсынып, жетістіктерге жігерлендіруі — баға жетпес байлық. Тәжірибелі педагог Рита Басмағанбетованың сондай деңгейден көрініп жүргені бізді қуантады.

 Алтынбек  АЛДИЯРҰЛЫ,

Ардагер ұстаз.

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button