Әкімдер сайлауы

Ақтөбеде 35 ауылдық округтің әкімі сайланады

Өңірде қазір осы саяси науқанға қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Елімізде бұрын-соңды елді мекендердің басшылары тікелей дауыс беру арқылы сайланбағаны белгілі. Яғни биылғы сайлау ерекше болмақ.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаеваның айтуынша, облыста 141 ауыл әкімі бар. Ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округ бойынша өткізіледі. Себебі қалған елді мекендердегі әкімдердің өкілеттік мерзімі (4 жыл) әзір аяқталған жоқ. Өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін ол жерлердегі әкімдер де тікелей дауыс беру арқылы сайланатын болады.

—  Қазір 12 аумақтық сайлау комиссиясы үміткерлерден құжаттар қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үміткерлерді саяси партиялар немесе азаматтар өздерін өзі ұсына алады. Сайлау барысында бір орынға кемінде екі үміткер болы керек, яғни балама болуы тиіс. Сондықтан ұсыну аяқталатын күні бір орынға кемінде екі үміткер ұсынылмаса, аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі өз тарапынан екі адамды ұсынуына құқығы бар. Сайлауға қатысу жарнасы — 42500 теңге. Егер үміткерді партия ұсынса, оны партия төлейді, егер үміткер өзін-өзі ұсынса, не аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі ұсынса, үміткер өзі төлейді. Төленген жарна сайлау қорытындысы қандай болғанына қарамастан, қайтарылмайды, — деді Г.Күнбаева.

Заңнамаға сәйкес, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін ел азаматы 25-ке толған, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуға тиіс, сонымен бірге  заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасау дерегі болмауға тиіс.

26-маусымнан 9-шілдеге дейін үміткерлер аумақтық сайлау комиссияларына келіп, тіркеліп, құжаттарын тапсыруы керек. 14 шілдеге дейін аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді. 14 шілдеден 24-інші шілдеге дейін он күн үгіт-насихат іс-шаралары, тіркелген кандидаттар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар және сайлауға дайындық жүзеге асырылады. 24 шілде — тыныштық күні. Ауыл әкімдерін сайлау 25 шілде күні өткізіледі.

—  Бүгінге дейін облыс бойынша 8 адам өзін-өзі ұсынып отыр. Шалқар ауданында — 7 адам, Байғанин ауданында 1 адам өзін-өзі ұсынды. Шалқар ауданында Ақтоғай, Есет Көтібарұлы, Кішіқұм және Шетырғыз ауылдық округтерінде әкім сайлауы өткізіледі. Бір ғана Кішіқұмға әкім болуға үш адам ниеттеніп отыр, олардың үшеуі де Кішіқұмда тұрмайды. Жалпы, үміткерлердің сол ауылда тұруы міндетті емес, ол басқа ауылда, басқа облыста да тұруы мүмкін, тек сайлау заңнамасы талаптарына сай келсе болды. Өзін-өзі ұсынған 8 адамның орташа жасы — 37 жас. Олардың үшеуі — заңгер, үшеуі — педагог және екеуі техникалық сала мамандары, — деді Г.Күнбаева.

Ауыл әкімдерін сайлау 25 шілде күні өткізіледі. Осы күні таңғы сағат 7-де сайлау учаскелері жұмысын бастайды. Ауыл әкімдерін сайлауға 18 жасқа толған тұрғындар қатыса алады. Олар жеке куәліктерімен келіп, сайлаушылар тізімінде бар екендігіне көзі жеткеннен кейін бюллетень арқылы дауыс береді. Дауыс саны сол күні саналады.

Г.Күнбаеваның айтуынша, саяси партиялардың ешқайсысы әлі бірде-бір үміткер ұсынбаған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button