Спорт

Үшінші тур: келесі кезеңге барар жол

Еуро-2020

  1. «Е» ТОБЫ. ИСПАНИЯНЫҢ СІЛКІНІСІ

№33 кездесу. 23 маусым. «Е» тобы.

Словакия-Испания — 0:5

 Словакия үшінші кездесуін автоголмен бастап (қақпашы Мартин Дубравка, 30-минут), автоголмен аяқтады (жартылай қорғаушы Юрай Куцка, 71-минут). Рас, испаниялық қақпашы 12-минутта қақпаға пенальтиден Альваро Мората соққан допты дарытпады. Бірақ бұлардың өздері соққан қос автоголға испаниялықтар үш гол қосты да (Эмерик Ляпорт, 45-+3 минут; Пабло Сарабия, 56-минут; Ферран Торрес, 67-минут), кімнің кім екенін айдай әлемге жария етті.

№34 кездесу. 23 маусым. «Е» тобы.

Швеция-Польша — 3:2

2-минутта гол соққан швед Эмиль Форсберг 59-минутта қақпаны тағы да дәл көздеді. Бұған атақты поляк Роберт Левандовски қатарынан екі доппен (61-минут; 84-минут) қарымта жауап қайтарды. Алайда шведтер 90+4 минутта және бір гол соғып (Виктор Классон), жеңіс туын желбірете қойды.

*   *   *

Үш ойыннан соң Швеция 7 ұпай жинап (доп айырмашылығы — 4:2) бірінші орынға шықса, Испания 5 ұпаймен (6:1) екінші орынды еншіледі. 3 ұпай жинаған Словакия (2:7) мен 1 ұпайы бар Польша (4:6) плей-офф кезеңіне өте алмады.

  1. «F» ТОБЫ. ВЕНГРИЯ НЕМІСТЕРДІ ТЫҚСЫРДЫ

 35 кездесу. 23 маусым. «F» тобы.

Португалия-Франция — 2:2

Бұл кездесуде әйгілі португал Криштиану Рональду екі голды да пенальтиден соқса (31-минут; 60-минут), француз Карим Бензема да әуелгі голын пенальти арқылы енгізіп (45+2 минут), оған 47-минутта және бір доп қосты. Жалпы екі команда да тамаша ойын өрнегін көрсеткенімен, француздардың десі басым екені аңғарылып тұрды. Бірақ Францияға бір ұпай да жеткілікті болғандықтан, олар жеңіске жетуге аса ұмтыла да қойған жоқ.

№36 кездесу. 23 маусым. «F» тобы

Германия-Венгрия — 2:2

Венгрия немістердің жүйкесін жұқартып бақты. Олар 11-минутта гол соғып кетті (Адам Солои). Ал 66-минутта немістер әрең дегенде есепті теңестіруі мұң екен (Кай Хаверц), венгрлер сол бойда қайтадан гол соқты (Ондраш Шефер, 68-минут). Бұдан соң неміс бапкері Йоахим Лев жанталаса қимылдап, қорғаушыларды шабуылшылармен алмастырды, әйтеуір, 84-минутта есепті қайтадан теңестірді (Леон Горецка). Осыдан соң Германия артық қимылдардан басын ала қашып, уақытты созғылап, өздеріне тиімді есепті сақтап қалды.

*   *   *

Бұл топтан 1/8 финалға үш команда шықты. 5 ұпай жинаған Франция (доп айырмашылығы — 4:3) бірінші орыннан көрінсе, 4 ұпайдан жинаған Германия (6:5) мен Португалия (7:6) екінші, үшінші орындарды бөлісті. Өкінішке қарай, осы топтық кезеңде тәуір ойын өрнегін көрсеткен, 2 ұпай жинаған (3:6), Франциямен де, Германиямен де тең түскен Венгрия соңғы орында қалды.

 1/8 ФИНАЛ ОЙЫНДАРЫ

Топтық кезеңдегі үш ойынның қорытындысы бойынша бірінші және екінші орын алған 12 команда, сондай-ақ неғұрлым тәуір көрсеткіштерімен үшінші орынға шыққан төрт команда (Швейцария, Украина, Чехия, Португалия) плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл бәсеке бүгін басталады.

26 маусым, сенбі. Амстердам, 21.00. Уэльс — Дания.

26 маусым, сенбі. Лондон, 24.00. Италия — Австрия.

27 маусым, жексенбі. Будапешт, 21.00. Нидерланды — Чехия.

27 маусым, жексенбі. Севилья, 24.00. Бельгия — Португалия.

28 маусым, дүйсенбі. Копенгаген, 21.00. Хорватия — Испания.

28 маусым, дүйсенбі. Бухарест, 24.00. Франция — Швейцария.

29 маусым, сейсенбі. Лондон, 21.00. Англия — Германия.

29 маусым, сейсенбі. Глазго, 24.00. Швеция — Украина.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button