Мереке

Қызмет жолын тілшіліктен бастаған

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Алтын Сүлеймен қызмет барысында Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деген сөзін дәйім басшылыққа алатынын айтады. Оның ойынша, мемлекеттік қызметте біліммен қатар, мінездің де алатын орны ерекше… 

Мұғалжар ауданында туып-өскен бойжеткен — үйдің кенжесі. Бірақ отбасының еркесі қаршадайынан темірдей тәртіпті жақсы көретінін, сондай-ақ қай істе де бірізділікті жаны сүйетінін атап өтті. Сондықтан өзі кішкентай кезінен армандаған мамандық — филологияны елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында игерген. Кейіннен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндемагистратура оқып білімін жетілдіріпті.

— 2017 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін үздік дипломмен аяқтап, еңбек жолымды аудандық «Мұғалжар» қоғамдық-саяси газетінде журналист ретінде бастадым. Үш жыл сол жерде жұмыс істеп, ауданның 20 жылдығы мен Қандыағаш қаласының 50 жылдық мерейтойларына арнап шығарылған «Мұғалжар — туған байтағым» атты кітап авторларының бірі болдым әрі мемлекеттік жастар саясатын ақпарат айдынында қолдағаным үшін «Үздік медиа қызметкері» атандым.

Еңбек ете жүріп, білім де алдым. Өткен жылы ономастика саласы бойынша магистрлік диссертация қорғадым. Жалпы, тіл білімінің жалқы есімдерін зерттейтін, атаулардың шығу, қалыптасу жайын тексеретін ономастиканың өзіндік қыр-сыры бар. Ізденіс үстінде жүріп, Ақтөбе облысының да киелі жерлерінің атауларын зерттеп, олардың ғылыми және этимологиялық сипатын анықтағаным  аталмыш салаға деген қызығушылығымды оятты. Міне,ғылыми жұмысымның дәл осы тұсы және менің таңдаған өмірлік мамандығым да мемлекеттік қызметте қазіргі атқарып жүрген қызметіммен тікелей байланысты. Бүгінде Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде тілдерді дамыту секторының бас маманы болып қызмет етемін. Еліміздің тіл саясаты мен ономастика саласының дамуына өз үлесімді қоса отырып, мемлекеттік қызметті адал атқару — мен үшін үлкен мақтаныш және абырой. Сондықтан өзімді мемлекеттік қызметке кездейсоқ келген маманмын деп есептемеймін, — дейді Алтын.

Мемлекеттік қызметте баға жетпес тәжірибе жинап, өзіңді жан-жақты дамытуға зор мүмкіндіктер бар деген мереке иесі: «Расымен, жұмыс барысында біліммен қатар, мінездің де алатын орны ерекше. Онсыз халықпен тығыз байланыс орнатып, ел сенім артқан жауапты істерді атқарудың өзі қиын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіби білімнен бөлек, әділдік, жоғары жауапкершілік, адалдық пен парасаттылық сынды қасиеттер керек» деп сөзін сабақтайды.

Биыл 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күнін жұмыс орнында қарсы алатын бас маман газет арқылы әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, еңбекте табыс, өмірде сәттілік тіледі.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button