Мереке

Арман адастырмайды

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні

Жас маман Заманбек Дербеновтің Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жұмысқа орналасқанына көп бола қойған жоқ. Аз уақытта жан-жақтылығымен көріне білген жігіттің еңбегі ескерусіз қалмай, қазіргі таңда ол жетекші маман болып үлгерді.

— Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу — бала кезгі арманым. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзіме «болашақта мемлекеттік қызметші боламын» деп нақты мақсат қойдым.

Университеттің 4-курсында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті жанындағы «Мансап» студенттік мемлекеттік қызмет мектебінде қосымша білім алдым. Осы сәтті пайдалана отырып, жоғарыда аталған ұжымға алғысымды білдіргім келеді. Себебі студенттік мемлекеттік қызмет мектебі бұл саланың көптеген қыр-сырына үйретіп, бағыт-бағдар берді. Жоғары оқу орнын бітірген соң облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан жастар тәжірибесінен өткенім де үлкен тәжірибе болды. Мемлекеттік қызметшіге қажетті білімнің іргетасын сол жерде қаладым деп санаймын, — дейді Заманбек.

Темір ауданының тумасы — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының түлегі. Мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, университетте де озат оқығанын атап өту керек.

22 жастағы мереке иесі мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік жүгі орасан екенін, өзін билік пен халық арасындағы «алтын көпір» санайтынын тілге тиек етті.

— Мемлекеттік қызмет — менің таңдауым. Ешқандай жұмыс қиындықсыз болмайды, тек соны жеңе білу керек. Рас, мемлекеттік қызметті алғысы мен сыны қатар жүретін жұмыс деуге болады. Себебі, жоғарыда атап өткенімдей, халықпен бірге болу, олардың жағдайын түсіне білу, қажетті жағдай жасау оңай емес. Бұл жоғары білім мен еңбекті талап етеді. Осы сәтке дейін қызметімде ауыртпалықтарды жеңе білдім. Алдағы уақытта да қазіргі қарқынымнан таймаймын. Жалпы айтқанда, оптимистік көзқарасты ұстанамын. Осы саланы таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін, — деп сыр ақтарған ол алдағы уақытта ауылдардың дамуына үлес қосуды армандайтынын қосты.

Ауыл баласы мемлекеттік қызметші заманға сай, жауапкершілігі мол, кәсіби жағынан мықты болуы керек деп есептейді. Инновациялық технологияларды да тиімді пайдалана білуі қажет. Ең бастысы, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейтін кез келген қызметкердің бойында адамгершілік сынды игі қасиет болуы тиіс. Өйткені бұл қызметтегілер халықтың салығының есебінен жалақы алып отыр… Бұны ұмытуға болмайды.

Үйдің үлкені Заманбек өзінен кейінгі іні-қарындастарға мемлекеттік қызметтен қорықпай, тек еңбектене беру керектігін жеткізді.

«Бір көзімнің жеткені, еріншектікке салынбай, берілген тапсырманы уақтылы орындап, жауапкершілік танытсаң, сол арқылы кәсіби деңгейіңді өсіресің. Басшылық та сені ескерусіз қалдырмайды… Еңбек қана бәрін жеңбек. Менің ұраным сол», — деп ағынан жарылған жас жігіт сөз соңында барша әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, жақсылық тіледі.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button