Мереке

«Мемлекеттік қызмет — өмірімнің мәні»

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назерке Канапина осылай дейді. Ол бұл салада 3 жылдан бері еңбек етіп келеді.

— Еңбек жолымды облыстық әділет департаментінде нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінде іс-жүргізуші болып бастадым. Кейін осы қызметті экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында да атқардым. 2008 жылдан бері алдымен қалалық, артынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында жұмыс істеп келе жатырмын. Мен үшін бұл — жауапкершілігі зор міндет, үлкен мәртебе.

Рас, қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметке деген пікір әртүрлі. Лажы болса, көбі жеке кәсіпкер болуды, өз-өзіне жұмыс істеуді ойлайды. Ал мен мемлекеттік қызметті таңдадым. Осы сала — өмірімнің мәні. Жас мемлекеттік қызметші болсам да, еліміздің дамуына, мемлекеттік бағдарламалар мен ел Президентінің тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асырылуына өзімнің тамшыдай болса да үлесімнің барына қуанамын. Қарапайым халыққа көмек беру, яғни өз салам бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамтып, оларға басқалай да көмек ұсынуда қатысымның барына мақтанамын, — дейді 25 жастағы бойжеткен.

Оның пікірінше, бүгінгі таңда ең тұрақты әрі ертеңгі күнге сенімді жұмыстардың бірі — мемлекеттік қызмет. Артықшылығы көп. Қызметте өрлеуге де мүмкіндік бар. Сондықтан Назерке осы салада үлкен мүмкіндіктер барын айтады.

— Басты мақсатым — сүйікті жұмысымды одан әрі жалғастыру, осы салада мансаптық өсу, — дейді мереке иесі.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button