Мереке

Антына адал жандар

23 маусым — Қазақстан полициясы күні

Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, күн-түн демей ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапкершілігі мол қызметті атқарып келе жатқан құқық қорғау қызметкерлері қандай құрметкеде лайық. Кәсіби мерекесі қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша ел сенімін абыроймен ақтап келе жатқан полиция қызметкерімен сөйлескен едік.

Қызығы мен қаупі қатар жүретін, осы мамандықты таңдаған азаматтардың бірі — Мұратбек Нұрмағанбетов. Қызмет барысында өзіне тапсырылған тапсырманы тиянақты әрі уақтылы орындайтын Мұратбек әріптестері арасында да сыйлы. Бүгінде облыстық полиция департаментінде анықтаушы қызметін атқарады. Бұл қызметке деген қызығушылығы бала кезінде оянғанын айтады.

— ӘкемНазарбек Нұрмағанбетов — Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген заң қызметкері. Анам Гүлнар Ибрагимқызы да нотариат саласында жұмыс жасайды. Үйдің үлкені— апам Меруерт жеке сот орындаушысы.Солардың ықпалымен бала кезімнен құқық қорғау органдарында қызмет атқаруды мақсат еттім. Әуелі Ақтөбе қаласындағы заң колледжін, одан кейін Нұр университетінің заң факультетін бітірдім. Отан алдымдағы борышымды Ақтау қаласындағы теңіз шекара әскери бөлімінде бөлімше командирі лауазымында атқардым. Азаматтық борышымды өтеп келген соң, полицияға қызметке кірдім. Бастапқыда Заречный полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқардым. Кейін патрульдік полиция батальонында аға қызмет инспекторы болып жұмыс жасадым. Осы жылдың мамыр айынан бастап анықтаушы қызметіне кірістім, — дейді полиция капитаны.

Қай мамандық болмасын, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал анықтаушы болу үшін жауапкершілікпен қатар сауаттылық, төзімділік қажет. Бойынан аталған үш қасиет те табылатын біздің кейіпкеріміз адам өліміне қатысты жол-көлік оқиғаларын тергеумен айналысады.

— Жұмыс қиын әрі өте жауапты. Ерекше ұқыптылықты қажет етеді. Жұмыс барысында түрлі сараптамалар жасап, кінәлі адамды анықтаймыз. Біздің қызметіміз адам тағдырымен тығыз байланысты. Сондықтан жауапкершілікті барлығынан жоғары қою— біздің негізгі ұстанымымыз.Бұл салаға ауысқаныма көп болған жоқ. Қазіргі уақытта полиция полковнигі Эльмира Суликанова, полиция подполковнигі Сергей Ефименко, полиция майорларыАйболат Кушмагамбетов,Руслан Исмурзин секілді өз ісінің майталмандарымен бірге жұмыс жасап, аталған азаматтардан тәлім алып жүрмін. Жалпы көрсеткіштеріміз ойдағыдай, — дейді капитан Нұрмағанбетов.

Халық алдындағы антына адал, қайсар мінез бен өр рух бойынан табылатын Мұратбектің жеткен жетістіктері де аз емес. Ол — «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісінің иегері.

— Биылғы 13 ақпанда түнгі кезекшілікте болдым. Патрульдік полиция батальонында қызмет атқарып жүрген кезім. Тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бекітілген патрульдік  учаскімізде жүргенбіз. Жедел басқару орталығынан Қарғалы тұрғын үй алабында орналасқан көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шығып жатыр деген хабар келді. Бірден оқиға орнына барып, өрт сөндіру қызметін күтпей, жертөледе ес-түссіз жатқан  адамды аман алып шықтық. Зардап шегушіні қауіпсіз жерге эвакуациялап, жедел жәрдем келгенше бірінші медициналық көмек көрсеттік. Кейін бұл әрекетімізді облыстық полиция департаментінің бастығы жоғары бағалап, Алғыс хат пен бағалы сыйлық тапсырды. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгімен наградталдым. Өзім бұл әрекетімді ерлікке бағаламаймын. Меніңше, бұл тап сол кезде менің орнымда болған кез келген азаматтың жасайтын міндеті еді, — дейді ол.

Әңгіме барысында Мұратбектің сөзінен өзінің мамандығына деген құрметі ерекше екенін байқадық. Әсте басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені кейіпкеріміздің өзі айтқандай, мамандығын шын сүйіп, бар ықыласымен атқарған адам ғана оның ең биік шыңына шыға алады.

— Басқа қызметтерден құқық саласындағы қызметтің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда өз жұмысыңның оң нәтижесін тез көресің.Мысалы, қылмыстың болу себебін анықтап,қылмыскерді тауып, оны жазалау — 2-3 айдың ішінде аяқталатын шаруа. Ал өз жұмысыңның оң нәтижесін көру әрбір қызметкерді жұмыс істеуге ынталандырады. Сондай-ақ жәбір көрген адамның немесе оның туысқандарының ризашылығын сезіну, алғысын алу құқық қорғау қызметкерлеріне ерекше көңіл күй сыйлайды, — дейді Мұратбек Нұрмағанбетов.

6 жылдан бері құқық қорғау саласында қарқынды еңбек етіп жатқан Мұратбек өз әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтауды да ұмытпады.

Антына адал,тәртібі берік, намысы биік жандарды біз де мерекелерімен құттықтап, тек жақсылық тіледік.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button