Денсаулық

«Сары аурудан» сақтан!

Гепатит — өте қауіпті жұқпалы ауру. Ең алдымен адамның бауырын зақымдайды. Ауруға шалдыққан адамның  терісі және көзінің ағы сарғаятындықтан, «сары ауру» аталып кеткен. Сары аурудың түрлерін біздің заманымызға дейінгі V ғасырда Гиппократ сипаттаған. Вирустық гепатиттер бір-бірінен этиологиясы мен аурудың дамуына байланысты өзгешеленеді. Алайда олардың кейбір белгілері  өте ұқсас.

А гепатиті немесе Боткин ауруы — вирустық гепатиттің ең кең тараған түрі.
Ауру әдетте дене қызуының жоғарылауынан басталады. Кейбір белгілері тұмауға ұқсас келеді. 2-4 күн өткеннен кейін аурудың зәрі қоңырланады, сыраның немесе қою шайдың түсіндей болады. Аурудың ұзақтығы бір жұмадан 1,5-2 айға дейін, ал аурудан кейінгі қалыпқа келу уақыты жарты жылға дейін созылуы мүмкін.
Бұл түрі аса ауыр болмағандықтан, көбіне науқас өздігінен емдеусіз-ақ сауығып кетеді.  Гепатит тұрмыстық қарым-қатынас және вирустармен залалданған тамақ пен суды қолдану арқылы таралады. Сондықтан да дерттің алдын алу үшін гигиенаны сақтау қажет. Және балаларға вакцинация жасауды ұмытпаған жөн.

В гепатиті — қан арқылы берілетіндіктен өте қауіпті. Ол қан, жыныстық қатынас арқылы және анадан іштегі балаға жұғады. Әдетте В гепатиті Боткин ауруы сияқты дене қызуының көтерілуінен, әлсіздіктен, буындардың ауыруымен, жүректің айнуы және құсудан басталады. Терінің сарғаюы өте сирек кездеседі. Бауырды өте ауыр зақымдап, ушыққан жағдайда цирроз бен қатерлі ісік ауруына шалдықтырады.

Вирустық гепатиттің ең ауыр түpi — С гепатиті. Бұл да  қан кұю кезінде немесе зарарсызданбаған шприцтерді қолданған кезде жұғады. Kaзipri уақытта бүкіл донорлық қан С гепатитінің вирусына тексеріледі.
Сақтық жолдары:

Қайнатылған немесе арнайы тазартылған ауызсуды пайдаланыңыз.

Тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін, серуендеп келгеннен кейін қолыңызды сабындап жууды әдетке айналдырыңыз.

Әдейілеп бөлінген жерде суға шомылыңыз, шомылған кезде суды жұтпаңыз.

Ашық су айдындарынан, өзеннен алған суды ішуге, тамақ жасауға және ыдыс-аяқ жууға қолдаңбаңыз.

Көкөністер мен жемістерді қолданар алдында мұқият жуыңыз.

Н.РОТ, А.ОРАЗБАЕВА.

инфекционист-дәрігерлер.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button