Мереке

Жаны ізгі Жазира

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, емханаға қарай аяңдайтынымыз анық. Ол жерде кейде кезекті көп күтіп қалып, мазасызданып, берекетіміз кететіні де рас. Дегенмен ақ халатты абзал жандардың халық денсаулығын сақтаудағы жұмыстарының күнделікті тіршіліктен әлдеқайда биік екенін түсінген жөн.

Күнұзақ науқастардан жылы сөзін аямай, олардың қан қысымы мен  қызуын өлшеп, тексеріп, диагнозын нақтылау үшін қажетті мамандарға жіберіп, қабылдау жүргізетіндердің бірі — Ақтөбе қаласындағы №1 емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері Жазира Айбергенова.

Жиырма сегіз жастағы Жазираның дәрігер болғанына енді ғана бес жылдан асыпты. Соған қарамастан,ол — алғыр, ізденімпаз.

— Дәрігер болуды бала кезден армандадым. Алайда дәрігер болудың жүгі ауыр. Біз де пендеміз, кейде қателесеміз, медицинада бәрін білу мүмкін емес. Сол себепті де әруақытта қате жібермеуге тырысамын. Біреуге көмектесе алсам жаным рахаттанадыжәне қолымда адам тағдыры тұрғанын зор жауапкершілікпен сезінемін. Алғаш жұмысқа келгенімде жалпы тәжірибедегі дәрігерлер бөліміне қабылдандым. Осы бөлімнің меңгерушісі Әсем Ханзадақызы білмегенімді үйретіп, ақылын айтты. Тек қана маған емес, мен секілді жас мамандарды еңбекке баулып, өмірлік тәжірибелерін үйретіп жүреді. Жалпы, менің байқағаным, біздің емханада тәжірибелі дәрігерлер мен жас мамандар арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнаған, — дейді Жазира Нұрланқызы.

Пандемия кезеңінде провизорларда да жұмыс жасаған ол  тұрғындардың дәрі іздеп сабылғанын, тіпті ауырмай жатып, жұрт айтқан препараттарды сатып алғандарына куә болғанын айтады. Сондай кезде тұрғындардың кейбіріне көмектесіп, білетінін айтып, кеңес беріпті.

Білікті дәрігер ешуақытта жеткен дәрежесінде тоқтап қалмайды, үнемі ізденісте болады. Дәрігер кәсіби біліктілігін өмір бойы жоғарылатып отырады. Мұны білетін Жазира медицина ғылымы мен тәжірибесі әлемінде болып жатқан жаңалықтар туралы біліп жүруге тырысады, басқа мамандармен тәжірибе алмасып тұрады. Шетелге барып оқымаса да, шетелдік әріптестерінің оқу сағаттарына онлайн қатысып тұрады екен.

Алдағы уақытта кардиолог болуды алдына мақсат етіп отырған Жазира қазіргі таңда осы сала бойынша біліктілігін арттырып жүр.

— Дәрігердің көмегіне жүгініп, алдыңа келген әр науқасқа көмектесу — біздің парызымыз. Емдеу әдістерін анықтаған кезде әуелі науқасқа тиімді жағын ойлаған жөн, — дейді жаны ізгі Жазира.

Жазира — жайдары мінезді, күнделікті өмірде да адамдарға көмектесіп жүретін пысық келіншек. Айтпақшы, ол — Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылының қызы.М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін бітірген соң, Оралдың жігітіне тұрмысқа шығып, осы Ақтөбеде тұрақтап қалыпты. Бүгінде бір ұл мен бір қыздың анасы. Ата-енесімен бірге тұрады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button